Ер адамдар мен әйелдердің құқықтары тең дегенмен ер-азаматтардың көптеген қасиеттері артық тұратындығы тағы рас. Отан алдындағы борышын өтеу ек ер-азаматтарға тән екендігінен-ақ олардың қаншалықты биік екендігін тануға болады. Азаматтардың көктемгі, күзгі әскери қызметке шақырылу науқаны кезінде ел қорғаны болар жігіттердің денсаулығы жарамсыз немесе салмағы жетпей қалыпты деген сөздер соңғы кезде ел аузында жиі айтылады.
Оның жаны да бар. Әскерге барғысы келетін жігіттер баршылық, медициналық тексеруден өту кезінде олардың көпшілігінде бойы мен салмағында алшақтық немесе жалпақтабандық, көптеген кемістіктер табылып тұрады. Әрине өкінішті. Бозбаланың шымыр, мығым, әскер сапында тұрғанда қайсарлығы, мықтылығы көрініп тұрса, әрине, нұр үстіне нұр.
Наурыз-маусым мен қыркүйек-желтоқсан айларында 1991-2000 жылы туылған ер-азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны тұрақты өткізіледі. Ата Заңымыздың 36 бабына сәйкес Қазақстан Республикасын қорғау оның әрбір азаматының борышы мен міндеті болып табылады. Олар әскери қызметтерін заңмен бекітілген тәртіппен өтейді. Әскери қызметті өтеуден қашып жүргендер де арамызда арагідік кездесіп жатады. Ауылдық округтер әкімдері арқылы кейде қажетті мерзімде олардың келуін қамтамасыз ете алмай жататын сәттер де болады. Сондықтан әскери есепте тұрған немесе тұруға міндетті азаматтың жергілікті әскери басқару органының шақыруы бойынша көрсетілген мерзімде себепсіз келмеуі бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеліп соғады. Сондай-ақ азаматтарды әскери есепке қою жөніндегі комиссияның немесе әскерге шақыру комиссиясының жолдамасы бойынша медициналық куәландырудан не тексерілуден жалтару әскери міндеттілерге бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал әскерге шақырылушыларға ескерту жасауға не үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатындығын ескерткіміз келеді. Әскери қызметке жарамды азаматтардың жалтармай, міндетті борыштарын өтеуі — ертеңіміздің алаңсыз өркендеуі.
Сұлтанмұрат ГАППАРОВ, аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы, капитан