Басты бет Өңір тынысы БОЛАШАҚҚА БОЛЖАМ ЖАСАЛДЫ

БОЛАШАҚҚА БОЛЖАМ ЖАСАЛДЫ

0
1,833

Аудандық алқа мәжілісі өткенге салауат айтып, болашаққа болжам жасау мақсатымен өтті. Олай дейтініміз аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Мирзалим Исмаилов 2017 жылда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін байқалғандығын нақты цифрлармен дәйектеді. Жалпы өңірлік өнім 51 млрд. 689 млн. теңгеден асыпты. Оның ішінде өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2 млрд. 647 млн. теңгені, бөлшек тауар айналымы 6 млрд. 284 млн. теңгені, құрылыс жұмыстарының көлемі 18 млрд. 428 млн. теңгені, шағын кәсіпкерліктен өндірілген өнім мен істелген жұмыс көлемі 1 млрд. 850 млн. теңгені құрады. Жылдық инфляция көлемі 6-8 проценттен аспаған. Аудан көлемінде 5 мемлекеттік, 4 үкіметтік және 2016-2020 жылдарға арналған аудан аумағын дамыту бағдарламалары іске асырылғандығын да тілге тиек етті.

Сараптау нәтижесі көрсеткендей атқарылған жұмыстармен қатар кемшіліктердің де орын алғандығын жасырмады. Мәселен ауылшаруашылығымен айналысып отырғанның өзінде Қырғызсайда бақ отырғызу бойынша жұмыстар мүлдем жүргізілмеген. «Апорт» бағдарламасын Сүмбе, Қырғызсай, Ақтам, Кетпен, Қалжат ауылдық округтері тіпті қолдарына алмаған. Жылыжай бойынша өткен жылы жақсы көрсеткіштерге қол жетіпті, дегенмен ол жұмыс биыл да жоғары деңгейде болуы үшін күш жұмсалу керектігін жасырмады. Ветеринария, көктемгі, күзгі дала жұмыстары, шағын және орта бизнес, туризм, құрылыс, салық, жастар практикасы, спорт, дене шынықтыру, мәдениет салаларында атқарылған жұмыстар мен игерілген қаржылар тізбеленді. Осы тұста аудан әкімі Шухрат Нурахунов баяндамашыны тоқтатып, нақты биылға жасалған жоспар, ашылатын нысандар жайын сұрады. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға берілетін көмек немесе жаңадан ашылатын жұмыс орындары туралы ойын білді. Әрине ауданның көркеюі, дамуы үшін жұдырық болып жұмылып, ақылдасып отырып тындырымды шаруаларды жүзеге асыруға барлық жағынан да жағдайымыз келіп тұрғандықтан аудан басшысының сұрақтары да қисынсыз емес. Аудан прокуроры Арман Омаров та жол жүру ережелерінің бұзылуына себеп боп тұрған жол белгілерін, сондай-ақ құқық бұзудың алдын алатын, оны болдырмауға көмегі тиетін бейнекамераларды қоюға қаржы қарастырылмағандығын сын тезіне алды.
Сүмбе ауылдық округінің әкімі Бақытжан Митанов, Тасқарасу ауылдық округінің әкімі Ренат Мерекеев, Үлкен Ақсу ауылдық округінің әкімі Пархат Мурдиновтар ауылдарындағы атқарылған жұмыстарының барысымен таныстырды. Аудан басшысы тарапынан болған сауалдардың барлығына жауап берілгенімен, күмілжіген тұстары да болды. Жұмыссыз жүрген жандарға несие алуға көмектесіп, оларды белгілі бір бағытқа жол сілтеуге мұрындық болар әкімдердің салғырттығына өкпе-назын да артты. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Лутпулла Хавайдуллаев өткен жылға сараптама жасап, биылғы жылдың жоспарын баяндады. Ауылшаруашылығын өрістетпей, өркен жаюдың неғайбылдығын көлденең тартқан басшы мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер, қамқорлықтарды дұрыс пайдаланып отырған шаруа қожалықтарының өнегелі істерін мысалға келтірді.
Қазақстан Республикасы дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасының аудан деңгейінде орындалуы барысы жайлы аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев хабарлама жасады. Арнайы құрылған комиссия барлық ауылдардағы спорт нұсқаушылары, жаттықтырушылар мен дене шынықтыру пәндері мұғалімдерінің жұмыстарымен танысқандығын, бірақ оның терең зерттеле қоймағандығын жасырмаған баяндамашы спорт жарыстарының жүйелі ұйымдастырылмайтындығын, кейбір мектептерде спортқа қажетті құрал-жабдықтардың жетіспейтіндігін айтты. Аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мөлдір Құрманәлиева апта сайын болмаса да, ай сайын әр мектепте әртүрлі спорттық жарыстардың өтіп тұратындығын, тек облыстық спартакиадаға бюджеттен қаражат қарастырылмағандықтан балалардың өз есебінен бір, екі рет апарылып, соңғы кезде ата-ананың қалтасына түсе бермеу үшін балалардың жарысқа бармай жатқандығын мойындады. Спорттың барлық түрінен жақсы көрсеткішке жетіп жүрген оқушылардың көптігімен мақтанды.
Ауданда көрсетілген мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған шаралар туралы әкім аппаратының басшысы Алымжан Хусуров баяндады. Кейбір мемлекеттік мекемелердің көрсететін қызмет тақтасының бұрыстығын, халыққа қызмет көрсететін мекемелердің ыңғайсыздығын айтып өтті. ҚРАШМАӨКАИК аудандық аумақтық инспекцияның басшысы Жантөре Сайдахметов сөзге шығып өздерінің аудан көлемінде өсімдік карантині, өсімдік қорғау, малды асылдандыру салалары бойынша қадағалау бақылау міндеттерін атқаратындықтарын, соған сәйкес карантин саласы бойынша халыққа фитосанитарлық, карантиндік сертификатты тегін беретіндіктерін және ауданға келетін, шығатын көкөніс, жеміс дақылдарының барлығы осындай ілеспе сертифаттармен ғана қабылдануы керектігін ескертті.
Алқа мәжілісін аудан әкімі Шухрат Нурахунов тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, ауыл әкімдерінің көктемгі егіс пен бау-бақша отырғызуға дайын болуларын айтып, қорытындылады.

Баян
МАМЫРБАЕВА

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

СЫР САҚТАҒАН САРЫТОҒАЙ

Адамзатпенбіргежасасыпкележатқанбірдүниеболса, ол – тарих. Тарих – өткеніңді бағамдатар, с…