Махаббат, сезім, сүйіспеншілік, адалдық деген қасиеттер бүгін бар ма, жоқ ондай нәрселерді заман ағымына қарай бойымыздан да, тілдік қорымыздан да алып тастадық па? Оны өзіміз де түсінуден қалғандаймыз. Бүгінгінің балалары ең алдымен материалдық құндылыққа мән беріп, егер көлігің, үйің болса, қалған сезім, жүрек қалауы деген ұғымдардан жырақтанып кеткендей ме деген ой соңғы кезде санамызды жадылап алғандай. Бәрі есеппен, махаббат та, сезім де, сүйіспеншілік те, сыйластық та. Есеппен құрылған отбасылардың да басым көпшілігі тұрақты болатындығын статистика да дәлелдеп отыр. Яғни бүгін адамдардың жан дүниелері, рухани сезімдері де есепке байлаулы деген сөз. Қызық оқиғаға тап болдым. Бұл енді жастарға қатысты емес, бірақ есеппен дегенге саяды. Жұмыс бабымен танымайтын шаңырақтың адамдарымен сұқбаттасудың сәті түсті. Бірден тіл табысып, ескі таныстарша қоштастық. Дарбазаға дейін шығарып салған жандардың пейілдеріне көңілім марқайып, үлкен көшеге түстім. Артымнан жасы егде бір адам еріп келе жатқандай көрінді. Жолымыз бір болғаны ғой деп мән бермейін десем, маған бірдеңе айтқысы келетіндей жымияды. Сосын тоқтадым. Мені жақсы танитын болып шықты. Өзінен-өзі қысылып, басын төмен салып, күмілжіді. Шыны керек басында араққа тиын-тебен сұрағысы кеп тұр ма деген жаман ой да қылаң берді. Маскүнемге ұқсамайды. Ішінің ыза мен кекке, күйікке толып қалғаны сезіледі. Мінезімнің шапшаңдығы бар, айтатынын тезірек айтса болатын еді дегенді емеурінмен танытуға тырыстым. Ол жол шетіндегі біреудің есігінің алдындағы орындыққа шақырды.
…Әйел алмай отызға дейін жүрген жігіттің бірі едім, – деп бастады әңгімесін алпысты алқымдап, жетпіске таянған ақсақал. Жоғары білімім бар, жақсы қызмет атқардым. Ақшалы жұмыста болдым. Жастық жалынмен қыздарға қырғидай тимесем де, олардың бірталайымен көңілдес болғанымды жасырмаймын. Жас өткен сайын талғамың да өсіп, анау-мынау шүйкебастарға қарамайтынды шығардым. Анам байғұс «қашан келін түсіресің, шашың ағаратын болды», – деп мазалауын қоймайды. Тәуір-ау деген қыздарды ой елегінен өткіземін. Әйтеуір бір нәрселері ұнамайды да тұрады. Сөйтіп жүргенде тұрмысқа алыс жаққа шыққан қарындасым бір дос қызын әдейі менімен таныстыруға ауылға әкелді. Қап-қап сыйлықтары бар, үйдегі ағамның балаларына түгелдей дерлік киім-кешек, апама тәуір шайы, қант-кәмпиті бар. Бәрімізді базарлыққа қарық қылды. Қарындасыммен бір мекемеде істейді екен. Есепші. Өзі отырып қалған қыз. Бірінші келгеніне қарамастан үйдің ішін жиыстырып, апамның құмғанына жылы суын құйып, бәйек болды да қалды. Бәріміздің ішіміз жылыды. Апам марқұм қызық кісі еді: «Қой балам, мына қызды Құдай айдап әкелді, қолыңа қондыр, кет әрі емес, жердің алыстығы түк етпейді, өзім барып, құдалардың алдынан өтем», – деп елпеңдей қалды. Бір жағы анамның сөзі, екінші жағынан қарындасымның құрбысы болғандықтан жаман адам бола қоймас деген ой келді. Сөйтіп қонаққа келген қызбен бір апта сырласып жүрдік те үйленуге келістік. Ауылдың менен дәмелі болып жүрген талай қызы келіп: «Пішту, бізді менсінбегендегі алатының мынау ма, кәрілігі көрініп тұр, тек бояуы баттасып, маска боп жасырғаны болмаса», – деп мазақтап та кетті.
– Шындығында қателесіп тұрмын ба, – деп ойланып болмай тойдың қамына кірістік. Құдалар жолдың қашықтығына қарамастан үлкен бір автобус жалдап келетін бопты, қыздарына қалың малды да аямай салыпты. Өз жақтарының салт-дәстүрінің бәрін істетіпті. Осындай саудаласу басталғанда ішім мұздап сала берді, біз үйленерде ондай келісім болмаған, жасым келген қызбын, ештеңенің керегі жоқ деген қарағым, жеңгелеріне тек алмас тасты сырға, анасына да сондай қымбат жақұттан сақина алыну керектігін қағазға жазып, мөлшерлерін де көрсетіпті. Анам өзі бастаған іске белін бекем буып, бәріне көнетіндігін айтты. Әкеммен ұрсысып жүріп қорадағы малының біразын құрбандыққа шалғызды. Ұяттан, намыстан жаралған жандармыз, олардың айтқанының бәрін атқарған анам келіннің төсек орны келгенде шалқасынан құлай жаздады. Пайдаланылған көнетоз ескі төсек, қытайдың іріп-шіріп үлбіреп тұратын матасынан жасалған мақта көрпе. Анам мақта көрпені пайдаланбайтын. Әйтеуір құр мақтанның адамдары екендігі осы жолы қатты байқалды. Ішім қылп ете қалды.
Үйленгенімізге тоғыз ай болмай жатып, балалы болдық. Бәрі мәз, анамның есі шыққан қуаныштан. Ал мен ішіме біреу қос қолдап бір кесек мұзды салып жібергендей тітіркендім. Бірақ неліктен екендігін өзім де толық түсінбедім. Тамағым дайын, киімім үтіктеулі, бәрі орнында, қызметім де алға басты. Әр жылы бір баланың әкесі атандым. Отыздан асып үйленсем де өз құрдастарымның алдына түскендей күй кештім. Алты баланың әкесі атандым. Ешкіммен керілдесіп, ұрыспасам да біртіндеп туыстарым есігімді ашудан қалды. Әйелім билеп, төстеп алты бала тапқандығын міндетсініп, аузымды аштырмайды. Жұмыстан келген соң біреуінің киімі, екіншісінің жөргегін ауыстыру сияқты күйкі тірліктен ешқайда аттап баспайтын болдым. Туыстарым, анам жайлы айта бастасам әйелім сұр жыландай жиырылып, олардың бәрін сыбап шығатын әдет тапты. Балалардың берекесін кетірмейін деймін де жұмған аузымды ашпаймын. Жанжалды жаным жек көреді. Бәріне үнсіз көнуге тура келді. Әке-шешемнен ұзақ ажырап көрмеген оларды сағынғаным соншалықты, кейде бәрін тастап қашып кеткім келеді. Бірақ ол да іштегі арманым ғана, дауыстап айта алмаймын. Маған не көрінді, қарыс тұрған жердегі анамды көрмейтіндей деп таңертең үйден шыққанда іштей қайраймын өзімді. Бірақ оған дәрмен жетпейді. О, Құдайдың құдіреті, жиырма шақырым жердегі ата-анамды көрмегеніме біраз жылдың жүзі болды. Әйелімді іштей сондай жек көріп кеттім, балаларыма да емірене алмаймын. Бірақ солардың айтқанынан шыға алмаймын. Әке-шешемнің өліміне де жат адамдардай барып қайттық. Бауырларым да маған көрші келгендей салқын қабақ танытты. Іштей мүжілдім, айғайлап жылағым келді. Бірақ оның бірін де істей алмадым. Ең қызығы зейнеткерлікке шыққан соң, бала-шағам аналарымен қосылып өзім салған үйден қуып шыққандары. Салым суға кетіп, қарашаңырақтағы кенже інімнің үйіне кезінде өзім қараспаған, көмектесе алмаған бауырыма бас сауғалап келдім. Бауыр деген бәрібір ыстық, құшағын жайып қарсы алып, балалары аталап аяғыма оралғанда өмірге қайта келгендей қуанғанымды көрсеңдер ғой. Қазір бауырларымның қасындамын. Өкініштісі анам мен әкем жоқ. О дүниелік болған. Оларды да рахатқа бөлеп, балалық парызымды өтей алмағандығыма қатты күйзелемін. «Қызды мақтансын десең алысқа бер» деген бұрынғылардан қалған сөз бар ғой. Сол тура менің әйелім. Бүкіл туыстарын көшіріп әкеліп алды. Басқа жердің адамдары жерсінбеуші еді, бұлар қара қытайларға ұқсап қаптап кетті.
Өзімнен де бар, ешқандай сезімсіз анамның бір ауыз сөзін жерге тастамайын деп, есеппен үйленгеніме әлі күнге өкінемін. Сонан соң ішім мұз бола бастағанда неге кетіп қалмадым, тағы бір қателігім тұңғыш баланың өзімдікі еместігіне 100 пайыз көзім жетіп тұрып неге шу шығармадым, неге талақ етпедім, тағы бір қателігім. Не үшін қырық жыл шыдамдылық таныттым. Тағы бір қателігім. Міне осылайша алты бала дүниеге келгенше бір надан әйелмен күресе алмағаным үшін зейнеткер атанған шағымда қарашаңырақтағы кенже інімнің қолына кіріптар болдым. Үйді де, дүниені де дауласпадым. Маған қазір жан тыныштығы керек. Алланың көрсетері осы шығар деп мойынсұндым. Бірақ қырық жылғы еңбегіме, қайран уақытыма, зая өткен өміріме, талақ болған тағдырыма, парықсыз күндеріме, сезімсіз түндеріме өкінішім көп. Менің қателіктерім кейінгі балаларға сабақ болса екен. Жазшы, шырағым, – дегенде көзінен жастың парлап шығып кеткендігін өзі де байқамай қалды қария. Әу баста әңгімесін қысыла отырып бастаған ақсақал соңында тіпті ашылып кетті. Ол ішіндегі жан жарасынан аққан іріңді әңгімесі арқылы жазғысы келгендей көрінді маған.
«Махаббатсыз дүние бос» деп дана Абай бекер айтты дейсіз бе. Жүрек лүпіл қақпаса, тыныс тарылмаса, жаныңыз сағынбаса оны махаббатпен шатастыруға болмайтындығын ескерсек бәріміз. Махаббатсыз зая өткен өмірдің қаншалықты азапты екендігін қарияның бір сағаттық әңгімесінен-ақ ұқтық. Әттең-айдан басқа ештеңе дей алмадық.
Баян
МАМЫРБАЕВА