«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Іле ауданының прокуратурасы полиция қызметкерлерімен бірлесіп қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шараларды жалғастыруда.
Өткен демалыс күндері аудан аумағындағы көңіл көтеру орындарында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Қылмыстық істерді талдау нәтижесі мұндай орындарда және олардың маңында бұзақылық, төбелес, сондай-ақ адам өлтіруді қоса алғанда, аса ауыр қылмыстардың жиі орын алатынын көрсетеді.
Рейд барысында заң талаптарын бұза отырып, мейрамханалар мен кафелерде жүрген кәмелетке толмағандар анықталды.
Көңіл көтеру орындарының иелерімен қосымша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оларға бейнебақылау камераларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, қауіпсіздік шараларын күшейту және нысандардың күзетін нығайту жөнінде ұсыныстар берілді.
Сонымен қатар, жеке басын анықтау және мән-жайды тексеру мақсатында күдік тудырған бірқатар азамат полиция органдарына жеткізілді.
Аудан аумағында жедел-профилактикалық және рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

