Басты бет Мәдениет және руханият ТАРИХ ТОЛҒАҒАН – ҚОС ІШЕК

ТАРИХ ТОЛҒАҒАН – ҚОС ІШЕК

0
41

Елдіктің еңселі белгісі, руханиятымыздың алтын діңгегі – Ұлттық Домбыра күніне арналған «Тарих толғаған – қос ішек» атты шара аудандық мәдениет үйінде өтті. «Қарадала» халық театрының «Домбыра дастан» сахналық қойылымымен мереке шымылдығы ашылды.

Өңдерінен абыржу, жүздерінен жайсыздық сезіліп, аласұрған үрейлі сарай бекзадалары.  Зал толы көрермен өздерін ұмытып, Шыңғыс хан заманына шомып кеткен.  Демдерін сарай қызметкерлерімен бірге алады. Бәрі де «Ойпырмай, хан жарлығы кімді табар екен?» – деп, кімнің басы допша домаларын күткен үрейлі шақ. Сарайдың ішін кернеген әлемге әйгілі Кетбұғаның «Ақсақ құлан – Жошыхан» сазы. Күй шарықтау шегіне жете бере «Тоқтат! Жошы өлген екен ғой!  Мына домбыра үні соны айтып тұрған жоқ па!?» – деген, қаһарлы Шыңғыс дауысына іле – шала «Алдияр, хан ием, хан жарлығы екі болмас. Қаралы хабарды жеткізген мына ақын – Кетбұға. Жарлығыңызға сай  оның басын алу  керек» – деген, өзінен алапасы асқақ жүрген ақыннан құтылудың жолын таптым деп  масайраған жәдігөйдің жүзін көріп, уәжін естіген жанның бар сезімі жиырылған сәт. Көрерменнің қос көзі  әділетпен атағы жер жарған,  қылдан тайғанның басын допша домалатқан Шыңғыс ханға телмірген. Қалың ойдағы әлем әміршісі кенет дүр сілкініп, «Иә, жаманат хабарды естірткеннің көмейіне қорғасын құйылсын! Ол хабаршы  Кетбұға емес,  оның қолындағы мына домбыра. Сондықтан домбыраның көмейіне қорғасын құйыңдар!» деген жарлығын естіген сәттегі көрерменнің көңіл-күйін суреттеу мүмкін емес.  Әміршінің әділдігіне, табан асты тапқырлығына сүйсінген жүздерге, өлімнен құтылған ақиқатшыл ақынның  бетіндегі қуанышына, әттегенайы әйгіленіп тұрған жәдігөйдің бет құбылысына, осының бәріне тәнті еткен  әп-сәтте тоқсан күйге бөленген көпшілік ризалығына куә болдық.  Көзімізбен көрдік, көңілімізбен сезіндік. Жәдігөйден жирендік, әділдіктен, тапқырлықтан үйрендік.

Неге екенін, менің ойыма  өткенде ғана Қазақ елінің Ұлық Ұлыс – Жошы хандығының мұрагері екендігін жалғанға жариялаған Президентіміз – Қасым-Жомарт Тоқаев түсті. Ел тарихын 500 жылға тереңдеткенін есіме алдым. Жаңа Конституция – Ата заңымыздың іске қосылғаны ойға оралды. Осының  бәрі бір тылсым күшпен санамда сараланып жатты. 2018 жылы шілде айының алғашқы жексенбісі Қазақ елінің «Домбыра күні» боп жарияланғаны  санамда сәулеленді. Әйгілі ұлы сазгер-композитор Нұрғиса Тілендиевтің тілегімен, ұлы ақын – Мұқағали Мақатаевпен бірге  бір ай бойы отыз шақты ән, өлең жазғанын еске алдым. Сол шығармалардың бәрі дерлік әр жүректің өз сазы, өз сөзі болып  кеткенін еске түсірдім. Сол күндердің бірінде Нұрғиса атамыз «Дахан, домбырамды берші» – дегенін естіген сөз зергері Мұқаңның:

Дариға,  домбырамды берші маған,

Жаныма келші жарым, келші балам.

Бейуақ іңірдегі көңіліме,

Күй болып, күңіреніп енші далам.

Домбыра, жүрегіммен үндес едім,

Сенімен сырласымдай тілдесемін.

Бабамнан қалған  мұра сен болмасаң,

Өнердің не екенін де білмес едім …  деп, тыңдаған жанның шабытын шалқытып, көңілін толқытатын сезімі селдеген жыр шумақтарын  еске түсірдім. Осының бәрі домбыра сазының әсері болса керек. Музыка құдіретінің адам жанының нәзік пернелерінің тылсымына бойлайтынының куәсі шығар.

Домбыра – халқымыздың рухани діңгегі болса, Конституция – мемлекетіміздің құқықтық негізі. Екеуі де біздің тәуелсіздігіміз бен бірегейлігімізді айқындайды. Бүгінгі күн – жай ғана мереке емес, бұл – ұлттық рух пен мемлекеттік абыройдың тоғысқан сәті. Ата Заңымыз бізге ең басты құндылық – Тәуелсіздікті сыйлады, ал домбыра сол тәуелсіз елдің еркін үнін әлемге паш етіп келеді.

Мерекелік  құттықтау сөзі аудан әкімі Бота Елеусізова алды. Домбыра – үн емес, ол ұлттың  жүрегі. Домбыра – тарих емес, ол – тірі  шежіре! Ол –көненің көзі, бабадан қалған асылмұра, құнды  қазына, рухани байлық, ұлттық рух екені айтып, домбыра арқылы ұлттық құндылықты дәріптеп жүрген бір топ жанға өзінің алғысын арқалатты. Сонан соң сахнаға өзім шықтым. Домбыраны жанына серік етіп, ұлттық өнерді дәріптеп жүрген жастарға, әртүрлі байқауларда жүлдегер атанған жандарға ырымдап домбыра сыйладым. Олар Әлия Жанбаева, Берікбол Мұқамжан, Жанарыс Мұқамжан, Әмірхан Қабыләшім, Шахимурат Исмаилов, Сардар Беренбайлар. Әртүрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып, ауданның намысын қорғап жүрген өнерлі жандарға ақ батамды бердім. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ербол Нұрсейітов, ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Арлен Османовтар жүрекжарды тілектерін жеткізді.

Бейнебаян арқылы «Бозінген» күйінің тарихы жайлы мәлімет берілді. Сонан соң арнайы әзірленген концерттік бағдарлама ұсынылды көрерменге. Қолыма қалам алып осы шара туралы жазғым келгенін жасырмаймын. Мен үшін қасиетті Домбыраға арналған күннің мәні мен маңызы айрықша. Сондықтан өзімнің жанымнан шыққан батамен сөзімнің нүктесін қойсам.        Жақсылықтан жаралған жаның болсын!

Адалдықтан айнымас арың болсын!

Сабыр, шүкір, қанағат, ар, ұятты,

Жырлаудан жалықпайтын жағың болсын!

Әлемді әуелеген әнің болсын!

Әуезі адамзатқа тәлім болсын!

Ұрпағың ұлағатпен ұлықталып,

Санасына салт – дәстүр, сазың толсын!

Болашақта барлық ұлт бауыр болсын!

Құда-жекжат, ағайын, тамыр болсын!

Көріспесе сағынып, кездескенде,

Күлімдеп құшақтасар қауым болсын!

Дастарқанда асап жер наның болсын!

Ұл-қызың жұрт таң қалар дарын болсын!

Жан-жары жаман екен дегізбейтін,

Көңіліңді айтпай ұғар жарың болсын!

Жәнет СӘДІҰЛЫ,

аудандық   ақсақалдар кеңесінің төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Петропавл қайтадан жаздың музыкалық астанасына айналады: Халық әртісі, көрнекті опера әншісі Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған QYZYLJAR MUSIC FEST – V фестивалі бастау алады

5–10 шілде аралығында Петропавл өңірдегі ең ірі музыкалық оқиғаның орталығына айналады. Қа…