Мемлекеттің даму бағытын айқындайтын басты құжат – Конституция. Оның әрбір бабы мен әрбір нормасы қоғамның саяси тұрақтылығына, мемлекеттік институттардың жұмысына және азаматтардың құқықтық қорғалуына тікелей әсер етеді.
Сондықтан Конституцияға енгізілетін өзгерістердің әрқайсысы ел болашағына жасалған стратегиялық қадам ретінде бағаланады. Жаңа Конституция жобасы да дәл осындай мақсатты көздейді . Ондағы реформалар мемлекеттік басқару жүйесін заман талабына бейімдеп, қоғамдық қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Жаңа редакциядағы Конституцияның басты ерекшелігі – мемлекеттік билік институттарын жетілдірумен қатар, халықтың саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігін кеңейтуінде. Басқару жүйесіне енгізілетін жаңа құрылымдар билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, мемлекеттік шешімдердің ашық әрі тиімді қабылдануына жағдай жасауды мақсат етеді. Осы өзгерістердің ішіндегі ең маңыздысының бірі – Вице-президент институтының қайта құрылуы. Әлемдік тәжірибеде бұл лауазым мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды тетіктердің бірі ретінде қарастырылады. Вице-президент тек Президенттің сенімді серігі ғана емес, қажет болған жағдайда мемлекеттік биліктің үздіксіз жұмыс істеуіне кепіл болатын саяси институт.
Қазақстан тарихында да бұл қызмет болғаны белгілі. Енді жаңа Конституция аясында оның қайта енгізілуі басқару жүйесінің сабақтастығын күшейтіп, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған. Конституциялық талаптарға сәйкес, Вице-президентті Президент тағайындайды. Дегенмен бұл рәсім халық өкілдері қатысатын саяси үдеріс арқылы жүзеге асырылып, мемлекеттік лауазымның легитимділігіне ерекше мән беріледі.
Конституциялық реформаның тағы бір маңызды тұсы – қазіргі Парламенттің Құрылтай болып қайта құрылуы және оның бір палаталы заң шығару органына айналуы. Бұл өзгеріс заң шығару қызметін жеңілдетіп қана қоймай, мемлекеттік шешімдердің жедел қабылдануына мүмкіндік береді. Екі палаталы жүйеде заң жобалары бірнеше кезеңнен өтетін болса, жаңа модельде олар бір орган аясында қаралады. Бұл уақытты үнемдеуге, заң шығару рәсімдерін оңтайландыруға және мемлекеттік басқарудың икемділігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен бірге заңдардың сапасына қойылатын талаптар өзгермейді. Әрбір заң жобасы қоғамдық талқылаудан өтіп, бірнеше оқылым барысында толық пысықталады. Яғни жылдамдық пен сапа қатар сақталуы көзделіп отыр.
Құрылтай атауының таңдалуының өзі үлкен тарихи мағынаға ие. Қазақ даласында Құрылтай ел тағдырын айқындайтын маңызды шешімдер қабылданатын жоғары кеңес ретінде танылған. Бұл атаудың мемлекеттік институтқа берілуі тарихи сабақтастықты жаңғыртып қана қоймай, ұлттық басқару дәстүрін қазіргі заманғы мемлекеттік модельмен үйлестіруге деген ұмтылысты көрсетеді.
Жаңа Конституцияда ұсынылған тағы бір маңызды бастама – Халық кеңесінің құрылуы. Конституциялық мәртебеге ие бұл институт қоғам мен билік арасындағы байланыстың жаңа үлгісін қалыптастыруды көздейді. Оның қызметі азаматтардың пікірін жүйелеп, әлеуметтік сұранысты мемлекеттік саясатпен ұштастыруға негізделмек.
Халық кеңесіне республикалық референдум өткізу туралы бастама көтеру және заң шығару жөнінде ұсыныстар енгізу құқығы беріледі. Бұл қоғамдық пікірдің мемлекеттік саясатқа ықпал ету тетіктерін кеңейтеді. Сонымен бірге заң қабылдау құқығы бұрынғыдай заң шығарушы органның құзыретінде сақталады. Демек, Халық кеңесі – халықтың үнін жеткізетін, қоғамның сұранысын мемлекеттік деңгейге шығаратын маңызды қоғамдық институт.
Конституциялық өзгерістер сайлау жүйесіне де тың серпін бермек. Партиялық тізім арқылы қалыптасатын өкілдік азаматтық қоғамның, қоғамдық ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің, жастар мен өңірлердің мүддесін кеңінен қамтуға мүмкіндік береді.
Бұл заң шығарушы органның құрамын әртараптандырып, қабылданатын шешімдердің халықтың шынайы сұранысына негізделуіне ықпал етеді.
Кез келген конституциялық реформа ең алдымен қоғамның дамуына қызмет етуі тиіс. Сондықтан жаңа Конституцияда ұсынылған өзгерістер мемлекеттік басқаруды жетілдірумен ғана шектелмейді. Олар азаматтардың саяси белсенділігін арттыруға, қоғамдық келісімді нығайтуға және елдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуына құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.
Саяси жаңғырудың табысты болуы қабылданған нормалардың қағаз жүзінде қалмай, іс жүзінде тиімді жүзеге асуына байланысты. Сонда ғана Конституция қоғамның сұранысына жауап беретін, уақыт талабына сай өміршең құжатқа айналады.
С. БАЗАРҚҰЛОВА
