Басты бет Таза Қазақстан АМАНАТҚА ҚИЯНАТ ЖАСАЛМАЙДЫ

АМАНАТҚА ҚИЯНАТ ЖАСАЛМАЙДЫ

0
18

Тазалық әр адамның ауласынан басталады. Аулаңда гүлдер өсіп, айналасы мұнтаздай болып тұрса өзіңе де, келген қонақтарға да жақсы көңіл-күй сыйлай аласың. «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, орындау мақсатында қазір жер-жерлерде сенбіліктер, тазалық күндері ұйымдастырылуда. Біздің аудан тұрғындары да әр бейсенбі күні таңғы сағат жетіден бастап ауылдың айналасын қоқыстан тазартып, көмейі толып қалған арықтарды қалдық заттардан арылтып, ауылды тазалау жұмыстарын әдетке айналдырды. Бұл жақсы үрдіс.

Сырттан келген адамдар ауылдарыңыз қандай таза, керемет десе іштей марқайып қаламыз. Енді осы тазалық мәселесі мемлекеттік деңгейде қолға алынып жатқанда оған бейқам қарап, салғырттық таныту әбестік болар еді. Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы, бұл – конституциялық міндет. «Таза» деген сөздің мағынасы көпқырлы. Бұл – қалаларымызды тазалау, көгалдандыру, көркейту, абаттандыру деген сөз. Сонымен қатар бұл – ниетіміздің тазалығын сақтау, отаншылдығымызды паш ету деген сөз. «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық қозғалысы Әділетті Қазақстанның болмысына, тіпті, оның тұтас идеологиясына айналуы керек», деген сөзін әрқайсысымыз көкейімізге қонақтатып, айналамызды ғана емес жан дүниемізді де тазартуымыз керек-ақ. Айтуға оңай, дегенмен еліне жаны ашыған, мемлекетін шын сүйген азамат тазалықты өз бойынан бастауы тиіс. Тазалыққа ұмтылған елдің тіршілігі жаңарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елдік мақсатта қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық жобасы көшені сыпырумен немесе ағаш отырғызумен шектелмеуі керек. Ол қоғамның ішкі мәдениетін, табиғатқа, туған жерге деген махаббатын оятып, әр адамның көзқарасын өзгертетін ұстанымы болғанда белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады. «Таза Қазақстан» тақырыбы – экологиялық ақпараттық науқан емес, жоғарыдағыларға есеп беру үшін жасалған шара емес, қоғамдық мінез-құлық, салиқалы сана қалыптастырудың тиімді тетігі. Жүрген жерін, тұрған орнын, өскен өлкесін таза ұстау – жана­шырлықтың шынайы көрінісі. Тағы да Президенттің сөзінен мысал келтіретін болсақ «Таза Қазақстан» әр адамның күнделікті дағдысы, өмір салты болуы қажет», бұл бастаманың уақытша акция болмай, ұлттың жаңа мәдени нормасына айналуға тиіс екен деген сөзін әр құлақ өзіне сіңіріп, жүрегінің түбіне сақтауы абзал.

Біздегі Шарын шатқалы мен Арасан шипалы сулары, Ағашты көліміз табиғаттың баға жетпес байлығы деуге болады. Туристердің аңсап келетін жерлері десек те артық айтқандық бола қоймас. Табиғаттың таңғажайып осындай байлығын келер ұрпақ­қа табыс­тау бәрімізге аса жауап­кершілікті талап етеді. Яғни Жаратушы ием бере салған осындай байлықты қорғап, сақтап, әрі қарай күтіп, баптап, дамыту үшін бәріміз туған анамыздай қамқорлық танытуымыз қажет. Егер осы байлықты саф таза күйінде сақтайтын болсақ тек эколо­гиялық емес, экономикалық жағдайымызды да жақсарта аламыз. Өйткені туристер ағылып келіп жатса, табиғат аясында өзіміз де ағаштың саясында демалсақ, туризмнің тынысы ашылмақ. Бұл қосымша қаржы көзі деген сөз. Туризм дамыған өңір­де тазалық мәдениеті өзінен-өзі қалыптасады. Келген адамдар табиғаты бүлінген жерден гөрі мәдениеті, ұлттық салт-дәстүрі қалыптасқан ортаға құмартатыны тағы шындық.

Жаздың ыстық күндері бәріміз таудың салқын ауасымен тыныстағымыз келіп тұратыны рас. Қырғызсайдың таулары жақын болғандықтан оған барушылар саны әрине көбірек болады. Демалушылар кейде босаған бөтелкелерін, тамақтың қалдықтарын отырған жерлерінде тастап кете береді. Осы жаман әдеттен айырылатын мезгіл жетті. Ават, Ақтам, Кетпен тауларының сұлулығы қандай. Ол жерлерге де демалатындар саны жыл өткен сайын артуда. Әлемдік тәжірибе көз салар болсақ ­туристер табиғаты бүлінген жерден гөрі мәдениеті қалыптасқан ортаға көбірек барады. Сондықтан әр адам табиғат ананың тазалығына нұқсан келтірмесе нұр үстіне нұр. Көл жаға­сына қалдырылған бос шыны бөтелке немесе тау бөктеріне тасталған ас қалдықтары табиғатқа жасалған қиянат, табиғатты қорлау деп түсінген жөн болар. Болашағымызға шабылған балта десек те қатты кете қоймаспыз.  Яғни ең басты мәселе өткізілген сенбіліктердің санында ғана емес адамның ішкі мәдениетінде болып тұр. Әр азамат жүрген жерін тазалап, былғамай жүрсе табиғат та оған сондай тазалықпен жауап қатпақ.

Мінеки, «Таза Қазақстан» бастамасы өмір­шең дүниеге айналып отыр. Өйткені бұл жобаның маңызын кез келген адам толық түсінетін уақыт келді. Таза ауамен тыныстансаң, таза ауыз суын пайдалансақ, деніміз де сау болмақ. Экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғатымызды аяласақ, ол да бізге бар жақсылығын төкпек. Таза Қазақстан жобасы – науқандық шаруа емес. Ол Ата Заңда айқындап орын алған мемлекеттік мәселе. Сондықтан оған атүсті немесе есеп беру үшін қарау өте дұрыс емес. Айналамыздың тазалығына жанымыздың тазалығын қосайық. Тазалық деген ұғым қоғам­дық деңгейге көтеріліп келеді. Туған жердің тазалығын ортақ абырой деп қабылдаған сәттен бастап айналамыз гүлдене түспек. Туған жердің тазалығын сақтау – болашақ ұрпақ алдындағы аманат. Аманатқа қиянат жасауға болмайды.

Баян МАМЫРБАЕВА 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚОҚЫСТЫ КОНТЕЙНЕРДЕН ТЫС ТАСТАУ — ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚ

 «Таза Қазақстан» — тек ұран немесе науқан емес. Бұл — әрбір азаматтың өз қаласын, өз аула…