Бүгінде қоғамды алаңдатқан мәселе аз емес. Экономикалық қиындық, жұмыссыздық, интернетке тәуелділік, рухани құндылықтардың әлсіреуі – мұның бәрі қазіргі уақыттың өзекті тақырыптарына айналды. Алайда солардың ішінде үнсіз таралып, тұтас ұлттың болашағына қауіп төндіріп отырған бір қасірет бар. Ол – нашақорлық.
Қазір есірткі бұрынғыдай тек қылмыстық ортаға ғана тән құбылыс емес. Оның қаупі қарапайым отбасының баласына дейін жетті. Ең қорқыныштысы – бұл індеттің жасарып бара жатқаны.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Нашақорлық – ұлттың генетикалық қорына төнген үлкен қауіп» деп бірнеше рет мәселенің маңызын атап өтті. Расында, есірткі адам денсаулығын ғана емес, қоғамның рухани тұтастығын да әлсіретіп барады.
Әлемдегі заңсыз есірткінің негізгі бөлігі ұзақ жылдар бойы Ауғанстанда өндіріліп келді. Соғыс пен кедейлік жайлаған елде көкнәр өсіру тұтас табыс көзіне айналды. Сол жерден шыққан героин Орталық Азия арқылы әлемге тарады. Қазақстан алғашында тек транзиттік аймақ секілді көрінді. Бірақ уақыт өте келе сол у біздің қоғамның өз ішіне де дендеп ене бастады. Тоқсаныншы жылдардағы әлеуметтік күйзеліс, жұмыссыздық, шекаралық бақылаудың әлсіреуі есірткі бизнесінің күшеюіне жол ашты. Ал бүгінгі жағдай бұрынғыдан әлдеқайда күрделі.
Қазір есірткі көшеде емес, интернетте жүр. Telegram-арналар, жасырын боттар, QR-кодтар – қазіргі қылмыстың жаңа тәсіліне айналды. Егер бұрын есірткі сатушыны қараңғы көшеден іздесе, қазір ол телефонның ішінде отыр.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, соңғы жылдары синтетикалық есірткіге қатысты қылмыстар бірнеше есе өскен. Елде ондаған жасырын зертхана анықталып, мыңдаған интернет-ресурс бұғатталған. Мамандар синтетикалық есірткінің адам ағзасына аса ауыр әсер ететінін айтады. Бірнеше рет қолданудың өзі адамды тәуелді етіп, психикасына орны толмас зақым келтіруі мүмкін. Мұндай улы заттар жүйке жүйесін бұзып, агрессияны күшейтеді, адамның мінез-құлқын өзгертеді.
Психологтардың пікірінше, нашақорлық көбіне қызығушылықтан емес, рухани бос кеңістіктен басталады. Қазіргі жастар ақпараттың ортасында өмір сүргенімен, эмоционалдық тұрғыдан жалғыздықты көбірек сезінеді. Әлеуметтік желіде бәрі әдемі көрінеді: табыс, қымбат көлік, сәнді өмір. Ал оны көрген жас өз өмірін жеткіліксіз сезіне бастайды.
Қазір адамдар көп сөйлескенімен, бірін-бірі аз тыңдайды. Үйде бәрі бірге отырғанымен, әркім өз телефонына үңілген. Әке баласының сабағын білуі мүмкін, бірақ оның ішкі жан дүниесіндегі күйзелісті байқамауы ықтимал. Анасы баласының киімін түгендегенімен, көңіліндегі мұңды сезбеуі мүмкін. Ал адам өзін түсінбеген сайын, өзінен қаша бастайды. Кей жастар сол бос кеңістікті спортпен, өнермен, кітаппен толтырса, кейбірі зиянды әдетке жақындайды. Өкінішке қарай, бүгінде «оңай ақша» іздеген жасөспірімдердің есірткі тасымалына араласып кетуі жиілеп барады. Олар мұның соңы қылмыс пен қайғыға апарарын кеш түсінеді.
Нарколог дәрігерлердің айтуынша, синтетикалық есірткі қолданған адамдардың мінезі тез өзгереді. Ашушаңдық, ұйқысыздық, үрей, агрессия күшейеді. Кей жағдайда адам психикалық ауытқуға ұшырайды. Ең өкініштісі – нашақорлық бір адамның ғана тағдырын талқандаумен шектелмейді. Оның артында жылаған ана, ұйқысыз әке, үміті үзілген отбасы қалады. Бір адамның қателігі кейде бүтін бір әулеттің қасіретіне айналады.
Жазушы Шерхан Мұртазаның: «Бір кем дүние…» деген сөзі осындайда еріксіз еске түседі. Расында, қазіргі қоғамдағы ең үлкен кемшілік – адамдардың бір-бірінің жанын тыңдаудан қалуы сияқты. Біз жастарға қалай ақша табуды үйретеміз. Бірақ өмірдің қиындығын қалай жеңуді, күйзеліспен қалай күресуді, рухани жалғыздықты қалай еңсеруді аз айтамыз. Сондықтан кей жастар әлсіз сәтте рухани тірек таба алмай қалады. Ал рухани әлсіз адам улы ықпалға тез беріледі.
Қазақ қоғамында бұрын бала тәрбиесіне бүкіл ауыл жауапты болған. Бір жастың оғаш әрекетіне ел болып алаңдаған. Қазір сол рухани жауапкершілік әлсіреп кеткендей. Ал рухани әлсіз қоғам кез келген улы ықпалға тез беріледі. Сондықтан нашақорлық – тек медициналық немесе құқықтық мәселе ғана емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі.
Егер жастардың өмірінде мақсат, сенім, рухани тірек болмаса, бос кеңістікті зиянды әрекет толтырады. Сол себепті жастарға тек мамандық беріп қана қоймай, өмірдің мәнін, адамдық құндылықтарды да үйрету қажет.
Президент Тоқаев: «Жастарымыз білімге, еңбекке ұмтылып, жат әдеттен аулақ болуы керек» деп бекер айтқан жоқ.
Шын мәнінде, нашақорлықпен күрес тек полицияның немесе дәрігердің міндеті емес. Бұл – отбасының, мектептің, қоғамның ортақ жауапкершілігі. Өйткені адамды есірткіден қорғайтын ең үлкен күш – оның өмірге деген сенімі. Ал өмірге сенген адам өзін өлімге апаратын жолға түспейді.
С. БАЗАРҚҰЛОВА
