МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ – 95
Қазақ руханиятында уақыттың сүзгісінен өтіп, әр дәуірде жаңа қырынан танылатын тұлғалар бар. Солардың бірі – Мұқағали Мақатаев.
Ақынның туғанына 95 жыл толуы – мерейтойлық дата ғана емес, қоғамның өз рухани деңгейіне қайта көз жүгіртуіне себеп болатын маңызды кезең.
Мұқағали – поэзияны тек көркемдік сала ретінде емес, азаматтық жауапкершілік пен адамдық борыштың өлшемі ретінде қарастырған қаламгер. Оның шығармашылығының басты ерекшелігі – өмірмен етене байланысында. Ақын жасанды тақырыпқа, жалған сезімге бармады. Ол өз басынан өткен тағдырды, көрген қуаныш пен күйзелісті жыр тілімен өрнектеді. Сондықтан оның поэзиясында: ауыл өмірінің тынысы, қарапайым адамның арманы, қоғамның ішкі қайшылығы, адам жанының күресі қатар көрініс табады. Бұл Мұқағали жырын халыққа жақындата түсті.
Ақынның өлеңдері оқырманға жеңіл қабылданады. Алайда бұл жеңілдік – үстірттік емес, үлкен шеберліктің нәтижесі. Ақын күрделі философиялық ойды қарапайым сөзбен жеткізе білді.
Мұқағали өмір жолында көптеген қиындықты бастан өткерді. Материалдық тапшылық, шығармашылық ортадағы түсінбеушілік, рухани жалғыздық оның тағдырына тән болды. Бірақ ол бұл сынақтарды шығармашылық кедергіге айналдырған жоқ. Керісінше, қиындық ақын жырын тереңдетті, ойын шыңдады, рухын күшейтті. Оның поэзиясындағы мұң – әлсіздіктің емес, ойлы жүректің көрінісі.
Ақын шығармаларының өміршең болуы – оның оқырманмен тығыз байланысында. Ақын халықтан алыстамады, биіктен сөйлемеді, өзін өзгеден жоғары қойған жоқ. Оқырманмен тең дәрежеде сырласты. Сондықтан оның жыры әр адамның жеке тағдырымен үндесіп жатады.
Ақпараттық дәуірде адам рухани құндылықтардан алыстап кету қаупіне жиі ұшырайды. Осындай кезеңде Мұқағали мұрасы – ішкі тепе-теңдікті сақтауға көмектесетін рухани тірек. Ақын жырлары: ойлануға үйретеді, жауапкершілікке шақырады, ұлттық болмысты нығайтады. Сондықтан Мұқағали поэзиясы бүгінгі қоғам үшін де өзекті.
Мұқағали – әдеби тұлғадан әлдеқашан асып, ұлттық сананың бір бөлшегіне айналған есім. Оның өлеңдері тұрмыстық деңгейде де өмір сүріп келеді. Қуанышта да, мұңда да, ой үстінде де қазақ баласы Мұқағали жырына жүгінеді. Бұл – халықтың ақынға берген ең жоғары бағасы.
Мұқағали Мақатаев – поэзияны рухани жауапкершілік деңгейіне көтерген, сөзді аманат деп түсінген тұлға. Оның шығармашылығы мына бір ақиқатты дәлелдейді: Әдебиет – уақытша құбылыс емес. Сөз – ұлттық сананың тірегі. Рухани мұра – ел болашағының негізі.
Мұқағали жыры – қазақ қоғамының ой таразысы, ар өлшемі, рухани бағдаршамы болып қала береді.
С.БАЗАРҚҰЛОВА
***
Бүгін менің туған күнім
Ой, бәле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.
Мына дүние неге жатыр үндемей?!
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
«Мынау — шапан,
Мынау — атың, мін»,- демей.
Мына жұртқа жақпады ма әлденем?!
Бекер өмір сүргенмін бе, әлде мен?
Халқым,
Сенің қасиетіңді білем деп,
Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!
Айтамын деп қуанышың, мұңынды,
Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!
Мен, бәрібір, өзіңменен бір болам,
Өзегіне тепсең-дағы ұлыңды.
…Тойланбаса тойланбасын,
He етейін.
Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.
Қаламымды берші маған, бәйбіше,
Болашаққа арыз жазып кетейін…
ҒАШЫҚПЫН…
(1 нұсқа)
Ғашықпын! Шын ғашықпын сол адамға!
Мен болмасам, болмайын. Сол аман ба?!
О, тәңірім! Неткен жан қайрылмайтын!
Жүрегі еттен бе әлде қоладан ба?!
Ғашықпын. Қайтіп оны жасыра алам,
Бір алтын оның әр тал шашы маған.
Сағынайын, таусыла сағынайын,
Сағынышқа жаралған ғашық адам.
Шарықтап, қолым жетпес көкте Күнге,
Ақ қанат құсым менің кеткенің бе?
Шарқ ұрып бар ғаламды шыр айналып,
Мәңгілік сені іздеумен өткенім бе?
Сарғайған сағынышты басып толық
Бар үміт, бар сенімді шашып болып
Өтермін сірә да мен бұл өмірден
Мәңгілік қалармын мен ғашық болып.
ҒАШЫҚПЫН…
(2 нұсқа)
Сезбейсің ғой, сезбейсің ғой сен мені…
Көрмейсің ғой кереметті мендегі.
Түсінсеңші сарсаң болған пендені,
Түсінсеңші!
Ақыл-ойым кем бе еді?!
Hегe бұлай?
Heгe жүрміз көңілсіз?
Кетем бе деп қапаланып өмірсіз.
Шын ғашықпын, шын ғашықпын сол адамға
Мен болмасам, бола ма сол аман ба?
О, Тәңірім неткен жан едің,
Жүрегің еттен бе әлде қоладан ба?
Шын ғашықпын несіне оны жасырамын,
Бір алтын оның әр тал шашы маған.
Сырымды айтып ән арқылы өзіңе,
Сүйдім сәулем құлақ салшы сөзіме.
Кездескенде күлімдеші сен маған,
Кім қызықпас мөлдір қара көзіңе.
Жаным, сені еш бір жаңға қимаймын.
Сені көрсем бұл әлемге симаймын,
Бір сен үшін осы әнді арнаймын.
Сен үшін дала гүлін жинаймын,
Бір-ақ бұл өмірде қыздар деген көп екен.
Көп болғанымен бұрынғысы жоқ екен,
Аққу болып, көктем болып келші сен.
Көп кідірмей жауабыңды берші сен,
Жүрегің тастан ба әлде мұздан ба еді?
Әлде менен жақын бір жан бар ма еді?
Көңілімді суыттың үнсіз қалып,
Мен енді жұмбаққа айналсам қызғанба енді.
Қызғанба енді біреумен билесем де,
Шақыра ғой басқаны биге сенде.
Мен жүрейін жанында жат біреудің,
Өлең оқып берейін сүймесем де.
Ішімнен ондай ешкім жоқ десем де,
Басқа жанды бақытты етпесем бе,
Қайғыдан қалай аман жүр екен деп,
Қайран қалам қасірет шекпесем де,
Кетер болсаң тезірек ұмыт бәрін.
Көз алдымда тұрмасын қылықтарың,
Ұмыт бәрін жиам деп әуре болма.
Таңғажайып сәулесін сынықтарын,
Кездерді ұмыт бөлмеде симай күлген,
Кездерді ұмыт ерекше силай білген.
Өкпелеймін сені осылай сүйгендіктен.
Шынымды айтсам, мен сені ешкімге де қимайды екем,
Шәміл досым, қал жағдайымды білесің бе?
Білмейсің
Қайтерімді кім сенеді.
Он жетімде өшіріп алған отым,
Қайтер ең қайта қарып жүрсе мені
Мәлім ғой саған менің маубастығым,
Сабырсыз аузы күйген албастымын.
Кесемді алдыменен үрлеп алам,
Ыстық шайді аузыма алмас бұрын.
Ойласам талай-талай қыр басыппын,
Достым деп доңызбен де мұңдасыппын.
Шәміл-ау, қалың достан қалдын сен-ақ,
Қайтер ең мен шын ғашықпын.
Кеше мен махаббатқа ішіп бардым,
Бардым дағы отырдым қарсы қарап,
Ол да отыр түрі жоқ хал сұрамақ.
Сұқтанғаны жат көзіне жасқандым да
Тайып тұрдым қашанғы хал шыдамақ
Шәміл-ау, Шәмші қайда?
Шәмші қайда, Шәмшіге айт тағы да бір таңдандырсын
Жандандырсын жүректі жандандырсын
Мәңгі өлмейтін махаббатым айта жүрсін
Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырсын
Бүгін және махаббат қарамады
Қарамады жанымды жаралады
Шәміл ау, білесің бе?
Шын махаббат осылай қарамаудан жаралады
Мейлі ол қарамасын, түсінбесін,
Осылай асқақ болып кешірмесін.
Бастан ауып бара жатқан тал тұсымда
Тағдырым көлеңкесін түсірмесін
Қазір түн, көктем түні маужырап тұр
Отырмын жазбай, сызбай қалжырап тұр
Тереземнің алдында кәрі қайың
Көктей алмай бұтағы салбырап тұр
Ай, қайран күндер, сайран күндер…
