Ата Заңға өзгеріс енгізетін комиссияның үшінші отырысында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев комиссия жұмысы қоғамның заманауи сұраныстарына жауап беретін Ата заңды дайындауға бағытталғанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бесінші құрылтайдағы ұсыныстарының бірі Конституцияға өзгерістер енгізу керек дегенін дұрыс қабылдағандығын ескертіп өтті. Бұрын-соңды мынандай деңгейде талқылау жүрмегендігін де жеткізді. Ойын ашық жеткізетін, сөзі мығым осы азаматтың айтқандары көңілге қонымды. Ол «AMANAT» партиясы реформаларды жүзеге асыруға белсенді қатысып отырғанын және Президент бастамаларын қолдайтынын айтты. Депутаттың айтуынша, Комиссия ашықтық қағидаттары мен барлық саяси партиялардың пікірін ескеру негізінде жұмыс істеуде, ал конституциялық өзгерістер институционалдық тұрғыдан мықты Парламент қалыптастыруға бағытталған.
«Бүгінгі таңда біз қолданыстағы негізгі заңға түзетулер енгізу бойынша ғана емес, Әділетті Қазақстанның сұраныстарына жауап беретін жаңа Конституцияны іс жүзінде қалыптастырып жатырмыз. Бұл, күшті Президент – ықпалды, Парламент – есеп беретін Үкімет қағидатына негізделген, билік архитектурасын жүйелі түрде қайта құру деген сөз», деді Елнұр Бейсенбаев.
Ол бір палаталы Парламентке көшу заң шығару ісін жеделдетіп, саяси партиялардың рөлін күшейтетініне әрі депутаттардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыратынына назар аударды.
Елнұр Бейсенбаев сондай-ақ пропорционалды сайлау жүйесінің және партияішілік праймериздің маңызын айтты. Оның сөзінше, бұл тетіктер сайлаушылар мен Парламент құрамы арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз етеді, оның ішінде жеке азаматтардың өкілдері де болады.
«Пропорционалды жүйе сайлаушы мен Парламент арасындағы тікелей байланысты білдіреді. Партия әрбір дауыс үшін күреседі, оның ішінде тәуелсіз азаматтың дауысы да бар, бұл қоғам алдындағы жауапкершілікті күшейтеді», деді депутат.
«Болашақ Парламентті Құрылтай деп атау – тарихи әрі қазіргі заман үшін маңызды. Бұл дәстүрмен, ұлттық рухпен және халық алдындағы жауапкершілікпен сабақтастықты білдіреді», деп сөзін түйіндеді Елнұр Бейсенбаев. Комиссия отырысындағы пікірлер назарға алынып, тағы да сүзгіден өтіп барып, көпшілік талқысына салынады. Осындай ашық пікірлердің арқасында қабылданар жаңаша Ата Заңымыз халқымыздың мүддесін қорғап, құқықтық, зиялы мемлекеттің бақытты азаматы деген бақытты күнге жеткізетіндігіне бек сенімдіміз.
Баян МАМЫРБАЕВА,
Аудандық «Қарадала тынысы – Қарадала нәпәси» газетінің тілшісі
