Білімділік, зиялылық, мәдениеттілік туралы әңгіме қозғала қалса, әркім-ақ сондай жандардың санатына өздерін еш ойланбастан қоса салатын заман болды. Шындығы сол. Бәрі ақылды, сауатты, бастарынан сөз асырмайды. Материалдық тұрмыс жағдайлары ауқатты адамдар пұлдарын бұлдап көкіректері алтын қазынаға толы білімді адамдарды онша менсінбейтін күн туды. Себебі оның зәулім үйі жоқ, қымбат көлік мінбейді, тек тамылжытып сөйлеген сөзі мен білмейтіні жоқ тақырыптарда әдемі әңгіме айта алатыны болмаса ғана. Көпшіліктің түсінігі осы. Заманның бүгінгі келбеті десек те болады. Әрине қарның ашады, қынжыласың.
«Көркем кітап оқуға әуестігім азайып бара жатыр, сондықтан осының өзі менің жан дүниеме келген жамандықтың белгісі ме деп қорқам», – деген екен адамның маймылдан жаратылғандығын ғылыми негізде дәлелдеген ғалым Чарльз Дарвин. Ойлантатын-ақ сөз. Биологтың көркем әдебиетсіз жанының кедейленіп кетуіне қауіптенгендігінің өзі оның адами қасиетінің биіктігі деп бағалауға болар. Оған көркем дүниенің қаншалықты қажеттілігі болды екен деген сауал өз-өзінен туындайды. Яғни бұл рухани азықсыз адамдардың азғындайтындығын білдірсе керек. Сосын биылғы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы есіңе сап ете қалады. Тақырыбы неліктен рухани жаңғыру деп алынды деген сұраққа жауап іздейсің іштей. Яғни қоғамның өзіне, жалпы жұртшылыққа рухани байлықтың, азықтың азайып кетпеуі үшін жасалған құнды тапсырма болды ғой деген жауапты өзің айтып та қоясың. Рухани дүниеміз шын мәнінде қаншаға бағаланар еді, егер оны өлшейтін құрал болса деген қиялға берілесің. Адамдардың жан дүниелерінің қаншалықты жерге жаңғыра алатындығын жаттанды ұрансыз, жалынды сөздерсіз білсек қой… Шіркін.
Өзім қатты сыйлайтын, әр сөзін зор мағынамен жеткізетін Ызғарбек ағамның кез келген басқосуларда жалықпай айтатын сөзі бар «Ең басты байлық – білімде» деген. Білімді адаммен қандай тақырыпта да әңгіме өз-өзінен сабақтасып кете береді. Білмегеніңді біліп, ойың жетпеген нәрселерге көзің жетіп марқаясың. Шындығында білімді болған қандай жақсы. Бірақ сол білімнің бүгінгі таңда бағасы қаншалықты, одан келер нендей пайда бар? Оқушыға терең білім беретін
мұғалімдердің абырой, беделдері қаншалықты? Сұрақ өте көп, оған қайтарар жауабың кейде бар, кейде жоқ. Бір жиындар болады қыжылыңды көбейтіп, рухани жағынан да, басқадан да еш пайда бермейтін, қайран уақытыңды босқа сарп еткізетін. Сондай-ақ әртүрлі басқосулар мен сан қилы «шайлар» бар әсіресе әйелдер арасында. Тамақтан, ішіп-жеуден, одан қалса жоқ адамдарды ғайбаттаудан әрі аса алмайтын. Басқа тақырып қаузалмайды. Еліміздегі саяси ахуал, әлеуметтік жағдай, білім саласындағы өзгерістер, денсаулықтағы жаңалықтар, әдеби кітаптар жайында мүлдем айтылмайды. Ол бүгінде өте қызықсыз тақырып.
Жоғары білімдісі бар, зейнетке шыққан мұғалімдері, дәрігерлері бар шағын отырыстың куәсі болдым. Дастарқан ас та, төк жайылған. Әрине ешкімге сөз бермей, «шай» тізгінін қолына алғандар жеке кәсіпкер келіншектер. Қалаға барып, қымбат мейрамханада болғандықтарын, олардағы ас мәзірлерін мақтанышпен жеткізіп жатты. Аузымыздың суы құрыды, қазы-қарталарды суреттегенде шыны керек олардың дәміне емес, бағасына таңдай қағыстық. Ойпырым-ау не деген
қымбат тағамдар. Құрамы да өзіміз үйренгеннен бөлек болғаны-ау деп ой түйдік. Зейнеткер апам тост айтты. Абайдың жақсы сөздерін мысалға келтірді. Қырық жыл мұғалімдік жолындағы қызықты оқиғаларын есіне түсірді. Риза болыстық. Одан соң «Абайыңды да, басқаңды да оқымай өстік, мектепті де мандытып бітірмедік, дегенмен бүгін мен бәріңізден де баймын. Немере, шөбереме жететін қаржыны топтап алдым, қайда барам, не істеймін, өзім білемін, ешкімге тәуелді емеспін, себебі ақшам жетерлік, қайсысың менімен бәсекеге түсе аласың, шай иесінің бала-шағасы мен сияқты бай болсын», – деп тілек сөз айтқан кәсіпкер апайдың сөзіне ду қол соқтық. Құлдық ұрдық. Сөзі де батымды, өзі де ештеңеден тайсалмайды. Абайды білмегені оған сын емес. Өйткені Абайды білгендер, әлем әдебиетін жіліктеп зерттеп, зерделегендер дәл сол кісідей бай емес, материалдық тұрғыдан. Сөзінің жаны бар. Бай болсаң ешкімге тәуелді емессің, кез келген мәселені ақшамен шеше саласың. Жалақыдан жалақыға дейін әупірімдеп, қарызданып, қауғаланбайсың. Жүзің жарқын. Бұл шындық. Базарлардан азық-түлікті
қарызға алатын кім, мұғалім мен дәрігер, бюджеттегі қызметкерлер. Дүкеншінің алдында тәуелді. Сонда білім жағынан мыңды жығатын адам саудагердің, кезінде тығылып арақ сатып байығандардың алдында бүгжең қағатыны неліктен. Амал жоқтан. Өмір қымбаттап барады. Біріне тартсаң біріне жетпейді. Сосын жаңағыдай «байлардың» алдында құрдай жорғалайды. Бұл тұрақсыздықтың белгісі болар. Шығыста: «Алты нәрсеге: бұлттың көлеңкесіне, сұмырайдың достығына, әйелдің махаббатына, жалған даңққа, әділетсіз билікке, жеңіл табысқа тұрақсыздық тән», – деген нақыл бар. Әрине, бұлардың кейбіреуінің сөзсіз ақиқаттығына күмән келтіруге де болар, бірақ олардың көпшілігінің дұрыстығына өмірдің өзінен көз жеткізу қиынға соқпайды. Біздің ата-бабаларымыз ерекше қастерлеген қасиеті Әділдік болды. Соның жолында қаншама ерлер жандарын қиды. Ал қазір ше, әділдік деген ұғым санамыздан да, қолданыстан да түсіп бара жатқандай ма?.. Бірін алып, біріне салғандар, алдап, арбағандардың тастары өрге домалап тұр. Оларға білім, рухани жандүниенің тазалығынан гөрі жеке бастарының пайдасы, жеке бастарының кірісі үстемдік құрып тұрғаны да ақиқат. Ал шын мәнінде бай болған жақсы. Оның қандай жолмен келгендігінде шаруамыз болмауы тиіс. Американдықтардың жиі айтатын нақылдары бар «Егер сен ақылды, білімді болсаң неге бай емессің» деген. Біздікі де сондай ойға саяр. Жандүние кеңдігі, білімнің тереңдігі, жүрегіңнің тазалығы, арыңның пәктігі, адалдық пен әділдік алған біліміңмен үйлесіп тұрса онда нағыз өмір сүргенің. Алдамшы дүниеге алданып, байлыққа малданып қуыс кеуде болудан сақтасын Аллам. Байлық – білімде екендігінде дау жоқ, дегенмен…
Баян
МАМЫРБАЕВА