Нүсіпбек Исахметовтың есімі өлеңсүйер, өнерсүйер қауымға етене таныс. Бөдеті деген шағын ауылда кіндік қаны тамып, еліміздің мәдениет, өнер саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған тамаша ақын. Жерлесіміз болғаны үшін де мақтан тұтамыз. Нүсіпбек ағаның «Тұлпардың дүбірі» деген кітабын қолыма алып, қайтадан бір қарап шығайын дегем. Кітаптың арасынан сарғыш тартқан ескі газетті көрдім. Ағамның өлеңдері шыққан аудандық газет екен. 1993 жылдың 14 тамызындағы 30 нөмірі.
Ағаның «Қарқара толғауы», «Жас кезімде….», «Түсіме кейде менің…», «Бауырыма», «Туған жер» жəне «Камлединге хат» деген өлеңдері басылыпты. Алғашында «Қарқара толғауы» деген өлеңіне көзім түсті, ерекше бір толғаныста жазылғаны байқалады:
Қарқара қайран жайлау, қалың елім,
Дəл сені бүгін қайта таныды елің,
Басыңнан бақ пен сорың қатар ұшқан,
Келеді көз алдыма тағы менің.
Төрінде төрт құбыла тыныстаған,
Төрт жақтан батырлар кеп ту ұстаған,
Оңтүстік, Солтүстік пен Батыс, Шығыс,
Бас қосып туған жерде ту ұстаған,
Бұл жерде жоңғарлармен ұрыс болған,
Жеңілген Райымбектей құрыш қолдан, – деп басталса:
…Ұлылармен танылар Ұлы жұрттар,
Оны жазған басқа емес Ұлы Мұқтар.
Қарқара жері сұлу тұнық мөлдір,
О, жұртымыз, бұдан былай тұныққа кір,
Жетпесін арамызға алауыздық,
Кетпесін туысқаннан суып көңіл!, – деп ерекше бір тоқтамға келгендей.
Ал, енді мына бір өлеңінде аға өзінің жас кезін еске алып, балаң жастықтың əсерінен болған оғаш əрекетін өзі мойындап, мүмкін болса түзер едім деп жазған екен ғой деп топшыладым :
Жас кезімде мен дағы гөй-гөй едім,
Сіз дейтұғын адамға «ей», – деп едім,
Соның бəрін шіркін-ай мүмкін болса,
Түзегім кеп кетеді кейде менің.
Оңды — солды, оңдырмай сөйлеп едім,
Талай-талай жыртылды жейделерім.
Соның бəрін шіркін ай мүмкін болса,
Түзегім кеп кетеді кейде менің.
Жүрдім бірде ыңғайсыз атақты алып,
Жабысты шапталып, шатақ барып.
Өсетұғын жеріме өрмелемей,
Өшетұғын жеріме тақап қалып.
Таусыла ма өкініш айта берсе,
Байқамадық әу баста байқа десе,
Сиқыр болып, сыланып о дүние ай,
Сол бір шағым басыма қайта келсе,
Кемшілікті моншақтай түзер едім,
Жал құйрығын артықтың күзер едім,
Жастық шағым бір сəтке қайта оралса,
Махаббаттан басқасын түзер едім.
Осы өлеңінен өзінің жастықпен істеген кейбір әрекеттеріне өкінішін білдіргендей. Қателеспейтін адам болмайды. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайтынындай балалықпен, жастықтың ыстық буымен гөй-гөйлеп кеткен тұстарын да өзіне өзі сын айтып, шымшып алғандай.
Кіндік қаны тамған, ақындық өмірін тұсауын кескен Аспантаулардың Қарадалаға келіп құлайтын тұсына жайғасқан бұрынғы Үйсін тауының (қазіргі Кетпеннің) шүйгінді, құйқалы бөктерлері ақын жырларына дем беріп отырар шабыттың қайнары секілді. Кепебұлақ, Қарадала, Іле, Тянь-Шань, Шалкөде, тағы басқа атаулар ақын үшін ата-бабалардың мәңгілік рухы тәрізді, соғыста өлген әкенің көзі, бірге өскен дос-бауырларының өзі секілді. Ақынның «Кепебұлақ» деген өлеңі соның айғағы.
– Қарағайы не берді?
– Қайыспайтын бел берді.
– Ел-ағайын не берді?
– Азаматқа теңгерді.
– Қиялары не берді?
– Қиындыққа шыңдады.
– Ұялары не берді?
– Үй салуды ымдады.
– Қара түні не берді?
– Өткір етті көзімді.
– Туған халқым не берді?
– Ұшқыр етті сөзімді, – дейтін сұрақ-жауапқа құрылған өлеңінде өзінің туған жерден алған нәрі оның ары қарай азамат ретінде қалыптасуына септігін тигізгенін жазады. Ауылдан көрген тәрбиесі, өнегесі одан кейінгі өміріне үлкен бағдаршам болғандығын айқын аңғартады. «Соғыс бітті, әкем үйге келмеді» деген өлеңі сол заманның зарын, өкінішін дөп басқан шығарма деп бағалауға болады.
Көбінің-ақ соғыс жылы бар шері,
Тілектері: «Ерлер тірі қалса еді».
Анам кейде: «Баяғыдай күн туып,
Қызыл көйлек киерміз-ау» – деуші еді.
Осы сөзге қалатынмын елеңдеп,
Қиялданам. Қиял шіркін көп ермек.
«Ер жеткенде еңбегіме анама
қызыл көйлек өзім алып берем», – деп…
Соғыс бітті. Әкем үйге келмеді.
Туған жердің кең даласын көрмеді.
Отыз жастың ішіндегі анама
Баяғыдай көйлек алып бермеді, – дегені сол дәуірдің суретін көз алдыңа келтіре қоятын дүние. Бір өкініш, бір үміт…
Жалпы ақындарға ортақ бір нəрсенің бар екенін белгілі, ол өзінің айтайын деген ойын жинақтап барып, белгілі бір арнаға (күйге) жеткенде лақ еткізіп (суды төккендей ) төгіп төгіп жіберетіні. Мысалы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Өмір сүрейік алмасып» деген өлеңінде:
Жапырақ жүрек, жас қайың !
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын.
Келісесің бе жас қайың ?
(Көрінер мүмкін, кімге ерсі)
Өміріңді маған бір берші !
Дүрбелең мына дүниені,
Адам көзімен бір көрші.
Қайың боп мен де бағайын,
Орманнан орным тағайын.
Беймәлім мына өмірге,
Қайың көзімен қарайын…, – десе, Нүсіпбек аға да ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа еліктеп өз туған жерінің табиғатына деген сезімін, ойын былай жеткізеді:
Көктемде өскен жас талдар,
Бойларың əлі аспандар.
Саспаңдар, Түк те Саспаңдар
Қарсы алар биік аспан бар.
Əрбір тал жапырағында,
Жазылмай жатқан дастан бар,
Көктемде өскен жас талдар !
Көктемде өскен жас шыбық,
Сенде бар нәзік жас қылық.
Қақаған қарлы боранға
Тағдырыңды қойма таптырып.
Көктемге жетсең дін-аман,
Қанармын саған қызығып
Көзімде кəусар жас тұнып…, – дейді.
Жалпы қазақ атаулы мейлі ол ақын болсын, болмасын əдебиетке деген өзіндік көзқарасы болады ғой. Мен шығармашылықтан алыс адам болсам да ағаның өлеңдеріне деген өзімнің жеке ой танымымды айтып отырмын. Нүсіпбек Исахметов маған жақын туыс, Мырзахмет атамның туған бауырының баласы. Ес білгеннен Іле ауданына көшіп кеткенге дейін етене жақын араласып отбасымызбен бірге болдық, мен ол кісінің көз алдында өстім. Аға кең пейілді, иман жүзді, бауырмал жан болатын. Қолынан келсе бәрімізге қолдау көрсетіп, бауырына басып, ақылын аямайтын. Нүсіпбек аға Кетпен ауылынан 1966 жылы Іле ауданы, Ынтымақ ауылынан көшіп кетті. Ынтымақ жəне Жаңа дәуір ауылдарында орта мектептің директоры болып еңбек етті, ал 1978-1999 жылдар арасында Іле аудандық мəдениет бөлімін басқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін Іле аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болды. Ауданға ат басын бұрып, талай кездесулерге келді. Іле ауданының өнерпаздарын әкеліп, концерт беріп те кеткен. Туған жеріне деген махаббаты биік еді. Қолы қалт етсе, себеп болып жатса ауылға ат басын бұрып тұруды жөн көретін.
Ақын Нүсіпбек Исахметов 10 кітаптың авторы, оның 9-ы көзі тірісінде жарық көрді, «Тұңғыш кітап» (1964ж.), «Туған таулар» (1968ж.), «Ұландарым» (1974ж.), «Ер кезегі» (1978ж.), «Қоғалы көлдер» (1981ж.), «Раушан гүлдер» (1981ж.), «Ақ шағала» (1984ж), «Шағалалы шалқар» (1988 ж), «Тағдыр» (1989ж), «Ой тамшылары» (1999ж) жəне бұрынғы кітаптары жинақталып «Тұлпардың дүбірі» деген атпен 2001 жылы баспадан шықты. Балалық шағы соғыс жүдеткен қияндағы ауылда өтіп, жастық шағы қалам ұстаған қатар-құрбыларының алдында жүріп жыр жаздырған, қазақтың үлкен ақыны Нүсіпбек Исахметовтің туысым деп мақұтан тұтам.
Ақын ағаның көп жылғы еңбегі ескеріліп 1981 жылы Қазақстан жазушылар одағының мүшелігіне өтті, өзінің туған ауылы Кепебұлақ орта мектебіне Н.Исахметов есімі берілді, ал Іле ауданындағы Ынтымақ ауылындағы бір көше мен аудан орталығы Өтеген батыр ауылындағы орталық көше ағаның есімімен аталады.
Үйсін тауларының етегіндегі Кепебұлақ ауылында туып өсіп, қазақтың маңдайалды шайыры атанған Нүсіпбек Исахметовтің есімі мен еңбегі халық жадында сақталатынына еш күмəніміз жоқ, ағаның жазған жырларын оқыған сайын оның қарапайым болмысы, ақкөңіл де жарқын бейнесі халқының көз алдында мəңгі сақталары анық, əсіресе ол өмірде де, өлеңдерінде де шындықты ту етіп, еліне халқына деген құрметі мен ілтипатын жырлап өткен ақын ретінде есте қалатын болады. Беретіні көп еді. Шығармашылықтың адамдары жүрекпен сөйлеп, жүрекпен ұғысады. Сол жүрек құрғыр нағыз толысқан кезінде арамыздан ақын ағамызды алып кетті. Нағыз лирик ақын еді. Кез келген өлеңінде сыр жататын. Артында айтылар әңгімесі бар ағамның жүрген жері жұмақ шығар, бәлкім. Өлеңдері оның өлмес мұрасы ретінде ұрпақтан-ұрпаққа тарайтынына сенімім кәміл.
СЕРІК ҚАПАРҰЛЫ,
зейнеткер, еңбек ардагері
