Басты бет Тағзым ҚАЗАҚТЫҢ АСАНӘЛІСІ – дәуірдің мінезіне айналған тұлға

ҚАЗАҚТЫҢ АСАНӘЛІСІ – дәуірдің мінезіне айналған тұлға

0
19

Қазақтың Асанәлісі де бұл дәуреннен өтті. Алайда бұл – бір актердің өмірден өтуі ғана емес, тұтас бір дәуірдің сахнадан үнсіз ғана шегінуі.

Сахнада қалған сары күздің сыбдыры, экранда қатқан қасірет пен қайсар үн – бәрі де қазақ санасында бір бейнеге тоғысты. Асанәлі Әшімов – рөлмен емес, рухпен танылған, өнер арқылы ұлттың мінезін сомдаған сирек тұлға.

Ол сөзбен емес, көзбен сөйлейтін актер еді. Көзінде бір дәуірдің жүгі, бір халықтың тағдыры тұратын. Сахнаға шыққанда артық қимыл, жасанды әсер болмайтын. Бірақ сол тыныштықтың өзінде салмақ бар еді. Шәкірттері мен әріптестері оның болмысын әкенің қабағындай қатал, елдің тағдырындай ауыр деп еске алады. Сол үнмен өстік, сол үнмен сабыр сақтауды үйрендік дейді олар.

Асанәлі Әшімов жиі айтатын бір ой бар еді: «Актердің екі өмірі болады». Бұл – афоризм үшін айтылған сөз емес, өмірден түйген философия. Бірі – адамдық ғұмыр, екіншісі – сахналық ғұмыр. Егер актер сахнада шындықты сомдай алса, сол сахналық өмір оның адамдық ғұмырын ұзартуға қабілетті. Себебі шынайы рөл адамды қажытпайды, керісінше ішкі қуатын жаңартады.

Ол әр рөл сайын рахат күй кешетінін жасырмады. Бұл рахат – атақтың емес, жанның тыныс алған сәті еді. Тіпті сырқаттанған кездерінде де сахнаға шықса, бойы сергіп, дерттің салмағы жеңілдегендей болатынын айтатын. Өнерді ол шын мәнінде емге теңеді. Бірақ бұл өнерге деген махаббат бірден келген жоқ. Керісінше, актерлікті алғашында жек көрді. Актер деген оған дарақы, жеңілтек адамдай көрінетін. Даңғаза мінез, жасанды әсер оны шошытты. Алайда тағдыр деген – адамның күдігін де, қарсылығын да елемейтін құдірет. Ол өзін сол өзі сенбеген өнердің дәл ортасынан тапты. Уақыт өте келе бұл мамандықты жек көріп келіп, шын сүйіп кеткенін аңғарды. Бұл – саналы таңдаудан бұрын тағдырмен келісудің жолы еді.

Оның өмір жолы ерте бастан-ақ сынаққа толы болды. «Біз – әкесіз өскен ұрпақпыз» деуі бекер емес. Төрт жасында әкесін соғыс алып кетті. Әке бейнесі жадысында қалмады. Ал жадысында қалғаны – жоқшылық, ананың тынымсыз еңбегі, өмірдің қатал заңы. Анасы наубайханада жұмыс істеді. Айлық деген болмады, күндік еңбек қана бар еді. Кешке үйге жарты келі, бір келі ақ ұн әкелу – сол күнгі несібе. Бір жыл бойы жиналған ұн бір қапқа әрең жететін. Сол қап ұнды базарға шығарып сату – ол кезеңде намысқа сын болатын. Бірақ намыстан бұрын өмірдің заңы қатал еді. Сол бір қап ұнның ақшасымен Алматыға жету – жай көшу емес, тағдырдың жаңа беті болды.

Осы ауыр балалық оның мінезін қалыптастырды. Сондықтан да Асанәлі Әшімов сомдаған кейіпкерлер біржақты болған жоқ. Ол Бекежанды да, Қасымханды да қара бояумен көмкеріп тастамады. Әр образдың ішкі қайшылығын, адамдық салмағын дәл тапты. Бұл – актерлік техникадан бұрын өмірден өткен танымның жемісі еді.

Оның адамдық болмысы сахнадан тыс жерде де айқын көрінді. Қайрат  Жолдыбайдың «Кемел адам» кітабында келтірілген бір оқиға соның айғағы. Қарағанды өңірінде Асанәлі ағамыз бастаған театр ұжымы үлкен спектакль қояды. Спектакльден кейін аудан басшылары Асекеңді арнайы дастарханға шақырады. Дастархан жайнап тұр: құстың сүті, жылқының етінен басқаның бәрі бар. Асанәлі Әшімов айналасына көз жүгіртіп, спектакльде бірге ойнаған актерлерді көрмеген соң:

–  Қалған актерлер қайда? –  деп сұрайды.

–  Асеке, ештеңені уайымдамаңыз. Бәрін реттеп қойдық. Олардың астарын өздерімен бірге көліктеріне салып бердік,  –  дейді аудан басшылары.

Сонда Асекең:

–  Бүгінгі спектакльді жалғыз өзім ғана қойған жоқпын. Ендеше жалғыз өзім ғана мынадай дастарханда отыруға тиіс емеспін, –  деп орнынан тұрып, шығып кетеді.  Сөйтіп алдын ала кеткен актерлер мінген көлікті қуып жетіп, далада дастархан жайғызып, бәрі бірге тамақтанған екен.

Бұл эпизод – Асанәлі Әшімовтің өнердегі ғана емес, өмірдегі ұстанымын да айқын көрсетеді. Ол үшін сахна – жалғыздың емес, ұжымның кеңістігі еді. Құрмет те, қошемет те жеке басқа емес, ортақ еңбекке тиесілі болатын. Сондықтан да ол мол дастарханнан емес, әділеттен мән тапты. Өнерде де, өмірде де «бірге шыққан биіктен бірге түсу» қағидасын берік ұстанды. Бұл – атақтан емес, ардан туған мінез.

Өнерге деген талапшылдығы да осы өмірлік тәжірибеден туды. Ол бүгінгі киноға сын көзбен қарады. Форма бар да, мазмұн жоқ екенін ашық айтты. Киноның басы, аяғы, ішкі логикасы болуы керек деді. Көрермен кез келген жерінен көре беретін дүние – өнер емес. Өнер – әрекет. Өнер – ішкі қозғалыс. Егер көрерменді ойландырмаса, жанын қозғамаса, ол – жай ғана өнім.

Өмірінің соңғы жылдарында ол атақ-даңқтан гөрі тыныштықты таңдады. Таңертең келіп, кешке қайту. Кешкісін баласына асығу. Үйдің жылуы, отбасының мейірімі – оның ең үлкен байлығы болды. Ол тіршіліктің ұсақ-түйегіне менсінбей қарамады, қайта соның бәрін өмірдің ажырамас бөлігі деп білді.

Өлім туралы да ол дабырасыз, сабырмен айтты: «Ұйықтап жатып жүріп кетсем деп тілеймін. Келгеннен кейін кету бар…» Бұл – шаршаған жанның сөзі емес, тағдырмен келісімге келген адамның ішкі тыныштығы еді.

Асанәлі Әшімов өмірден өтіп,  сахнада бір үнсіздік қалғандай… Бұл үнсіздік – бос кеңістік емес, салмақты тыныштық.

Ол уақыттан биік тұрды. Біз оны рөлмен емес, рухпен таныдық. Асанәлі – ат емес, дәуірдің мінезі деген сөз осы тұста айтылса керек.

Ол көштен қалған жоқ. Керісінше, көштің алдына айналды.

Қалай десек те, ҚАЗАҚТЫҢ АСАНӘЛІСІ  кеткен жоқ. Ол қазақтың жадында қалды.

С.БАЗАРҚҰЛОВА

****

1956-61 жылдары Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік консерваториясының театр факультетінде актер мамандығы бойынша оқыды. Оқуды бітірген соң «Қазақфильм» киностудиясына актерлік штатқа қабылданды.

1964 жылы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың актерлік құрамына қосылды. Театр сахнасында көпшілікке белгілі маңызды рөлдерді ойнады. Мұхтар Әуезовтің «Абай» қойылымында Керімді, «Еңлік-Кебек»  қойылымында Кебекті, «Қара қыпшақ Қобыландыда» Айшуақты, «Таңғы жаңғырық» қойылымында Жарасбайды сомдады. Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу»  қойылымында Қодар бейнесі, Мұхамеджанов пен Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламанды сомдады.

***

Асанәлі Әшімов  қазақ киносында отызға тарта кейіпкерді сомдады. Студенттік шағынан бастап кино әлеміне араласып,   бірнеше рөлді сомдады. «Ән қанаты» фильмінде Қайменді; «Қыз Жібекте»  Бекежанды; «Атаманның ақырында»  Қасымхан Шадияровты; «Жазушы» фильмінде Қаражалды; «Нан дәмінде» директор рөлі; «Сіз кімсіз К мырза?» фильмінде басты рөлде ойнады.

Асанәлі Әшімов режиссер ретінде Мұхтар Әуезов театры сахнасында «Амангелді», «Мен ішпеген у бар ма?», «Ақбілек», «Ревизор», «Фархад-Шырын», «Қаза мен жаза» және өзге де қойылымдарды қойды. Ал «Қазақфильм» киностудиясында «Аждаһа жылы», «Шоқан Уәлиханов», «Жусан», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Тұзды көл жағасындағы үй» фильмдерін түсірді.

Оның  қаламынан туған  «Майраның әні» , «Жан бөлек», «Менің жанрым – күнделік», «Ғұмыр-дария», «Алаштың Асанәлісі» атты кітаптары бар. «Майраның әні» дүниеден өткен жұбайына арналса, «Жан бөлек» кітабы жасындай жарқ еткен қос ұлына арнап жазылды.

 

***

1970 жылы «Қазақфильм» киностудиясы «Атаманның ақыры» толық метражды екі бөлімнен құралған көркем фильмін түсірді. Фильмді қойған – кинорежиссер Шәкен Айманов. Операторы – Асхат Ашрапов, композиторы – Еркеғали Рахмадиев. Бұл фильмде Асанәлі Әшімов басты рөлді сомдады.

1972 жылы Асанәлі Әшімов детектив жанрында түсірілген тұңғыш қазақ фильміндегі рөлі үшін Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын алды.

1974 жылы «Қан мен тер» спектакліндегі рөлі үшін КСРО мемлекеттік сыйлығын алды.

1976 жылы актерге Қазақ КСР Халық әртісі атағы берілді.

1980 жылы КСРО Халық әртісі атағын алды.

2000 жылы тәуелсіз «Тарлан»  сыйлығы ұсынылды.

2001 жылы мемлекеттік «Отан» орденімен марапатталды.

2007 жылы 70 жылдық мерейтойы қарсаңында «Парасат», «Құрмет» ордендері тарту етілді.

2017 жылы «Қазақстанның Еңбек ері»  алтын жұлдызды құрметті атағы берілді.

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматыда әскери қызметшілер Бибігүл Төлегенованы туған күнімен құттықтады

Алматы қаласында қазақтың әйгілі опера әншісі, ұстаз, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлеге…