Қазақ халқының әншілік дәстүрі түгел зерттеліп болды десек, артық айтқандық болады. Зерттелген жоқ десең – шындыққа қиянат. Рас, жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде әлі күнге тарихи маңызын жоғалтпаған ғылыми еңбектер жарық көрді. Александр Затаевич, Ахмет Жұбанов, Борис Ерзакович, Зейнұр Қоспақов, Талиға Бекхожина, Мариям Ахметова, Халиолла Жүзбасов, Гүлзада Омаровалар әр қайсы өзі таңдаған ғылыми нысан төңірегінде жасаған іргелі ізденістерінің арқасында қазақ музыкатану ғылымы дамыды.
1. СӘДІҚОЖА НЕГЕ ЗЕРТТЕЛМЕДІ?
Ұланғайыр қазақ даласының әр ауылында «әу» демейтін қазақ жоқ – деген тәмсіл тегін айтылмаған. Сол тегін айтылмаған сөздің шындығын іздесек, онда зерттеушілер жалпы қазақ әншілік өнерінің асқар шыңына шыққан жеке-дара тұлғалар өнері мен өмірін зерттегенімен, барлық аймақты түгел қамтып, әр өңірде қалыптасқан әншілік үрдістердің өзіндік заңдылығы мен ерекшелік сипатын, ұлттық ән өнерінің тұтастығы мен ішкі бірлігін, айырмашылығы мен ұқсастығын тарихи-типологиялық таным тұрғысынан салыстыра зерттеген жоқ әлі. Оған дәлел іздеп алысқа барудың қажеті шамалы. Ғылым мен білімнің алтын ордасы атанған Алматының айналасында жатқан жер жаннаты -Жетісу өңірін мысалға алсақ та жеткілікті. Мысалы, Жамбыл Жабаевтың айналасында қаншама алып ақындар болды. Солармен өнер бәйгесінде бәсекелесе жүріп Жамбыл жетілді, ақындықтың биігіне көтерілді. Жамбылды бүкіл қазақ білді. Ал оның айналасындағы ақындар қайда? Әнші-композиторлар ше? Кенен Әзірбаевты бүкіл қазақ білді. Кененді Кенен еткен әншілік мектептің өзге өкілдері қайда? Бүкіл Жетісу өлкесінде он тоғызыншы ғасырда дәл Ақандай немесе Біржандай, болмаса Жаяу Мұсадай әнші-ақындар болмады дегенге кім сенеді? Әрине, ешкім сенбейді. Ал болды дегенге сенейін-ақ дейді, бірақ айтар ауызға тиек боларлық ондай тұлғалар қайсы? Бар болса, неге Біржан, Ақан, Мұсалармен қатар аталмады? Аталмағаны – дер кезінде зерттелмеді. Өз уақытында насихатталмады. Неге? Оның тарихи-саяси-әлеуметтік себептері болды. Мысалы, Жетісу өлкесі Хантәңірі баурайындағы ел Ресей бодандығына ХІХ ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары ғана еріксіз мойынұсынды. Яғни 1865 жылы ғана ел ағалары Ресейге қосылу құжатына амалсыз қол қойды. Қол қойғанымен олар басы бүтін құлай беріліп кеткен жоқ. Керісінше отарлау саясаты үдеген сайын патша отаршыларына үнемі әрі үздіксіз соғыс ашып отырды. ХVIII-XIX ғасырлардағы Саурық батырдың, Шүнкеней батырдың, Тазабек батырдың, Алпар батырдың, Шалтабай батырлардың оқтын-оқтын қол бастап, қарсылық көрсетуі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске ұласты. Ұлт-азаттық көтеріліс жаппай қырып-жою мен тізгінсіз тонауға жалғасты. («Қарақол қырғыны», «Қарқара қырғыны», «Текес қырғыны», «Тұзкөл қырғыны» т.б.), Ел үрікті. 1917 жылы «Патша құлады» дегенді естіп, ауған ел қайтадан туған жеріне арып-ашып әрең жетті. 1918-1919 жылғы Азамат соғысы елдің есін жидырған жоқ. Кеңес үкіметі бұл өңірге де қолын қанға мала келді («Шалкөде қырғыны»). Кедейлердің туын көтере келген өкімет елді жікке бөлді. Небір қиындықты жұдырықтай жұмыла жеңіп келе жатқан біртұтас елді саяси жүйе екі жікке жарды. Ағайынның бірін «бай», бірін «кедей» деп бір-біріне қарсы қойды. «Бұл қалай болды?» деген сұраққа жауап тауып үлгірмеді, колхоздастыру, байларды кәмпескелеу, тәркілеу, отырықшылыққа шақыру ұранының астында тағы да қанды науқан басталып кетті. Тағы да ел бүлінді. Ауқаттылардың қарсы келгенін атты («Құсық қырғыны», «Жетібай қырғыны»). Өртеді («Қызылжар-Семей қырғыны»). Өлігінен тоғанға бөгет жасады. («Қырғын бөгет»). Әлі жеткендер тағы да шекара асуға мәжбүр болды. Солармен бірге елдің рухани мұрасы да ауды. Қалған жұртқа салық көбейді. Мал тұрмақ, қалған-құтқан жүн-жұрқа, сүйек-саяқ, мүйіз-киізге дейін салық салынды. Ел ашықты. Аштықтан қырылды. Одан енді ес ала бергенде сталиндік-голощекиндік қуғын-сүргін басталды. Тағы да ел басқарған озық ойлы азаматтармен бірге халықтың інжу-маржаны репрессияға бірге ұшырады. Одан кейін екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Тағы да Отан қорғау жолына небір тума дарын азаматтар атқа қонды. Солармен бірге елдің атадан балаға мирас болып келе жатқан асыл мұралары кетті. Иә, осы нәубеттер арасында Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіровтер ел аралап халық мұрасын жинасқан еді. Бірақ, олар жарыққа шықпай жатып тасқа басылмаған күйі тарих қойнауына тасталды. Соғыстан кейінгі ел экономикасын қайта қалпына келтіру жылдары да шашылған мұраны жинауға мұрша болмады. 1955-1962 жылдар арасында кеңес үкіметі мен Қытай үкіметі арасында шекара ашылып, арғы бетке амалсыз ауған ел тарихи Отанына қайтты. Солармен бірге қаймағы бұзылмаған халық мұрасы да қайта оралды. Сол оралған мол мұраны дер кезінде жазып алып, хатқа түсіріп, тасқа басуға компартияның, кеңестік үкіметтің құлқы бола қоймады. Коммунистік партия уысында ұстаған таптық қазақ қоғамы жат елден оралған өз жұртына күдікпен қарады. Отыз жыл бұрын «кеңес үкіметіне қарсы оқ атқандар мен олардың ұрпағы», яғни «совет үкіметіне көзқарасы бөлек адамдар» деп іштей шошына, сырттай күмәндана қарап, олар әкелген ұлттық өнерге де сондай түсінікпен, тіпті «артта қалған» деген ұғыммен баға беріп, елемеуге, ескермеуге, тәрк етуге, жоққа шығаруға дейін барды. Ұлттың советтенбеген, коммунистенбеген, орыстанбаған төл өнерін жинауға жариялауға, саралауға, зерттеуге астыртын тыйым салды. Ол аз болғандай лайланбаған, атеистенбеген өнерді тудырушылар мен сақтаушыларға, жеткізушілерге советтік қоғам менсінбей қарады. Менсінбей қарауға кеңестік үкімет өзі жол ашып берді. Отанына оралғандарды партия қатарына алмады, жауапты қызметке қоймады, небір білімді, ел басқарған азаматтардың қолына таяқ беріп қой соңына жіберді. (Ортасынан сан мәрте оза шауып күйшілікпен аты қазақ, қырғыз, ұйғыр, татар халықтарына аты мәшһүр болған Омархан Керімқұлов осындай қорлаудан кейін отыз жыл бойы қолына домбыра ұстамай қойған.) Осының бәрін істетіп отырған орталық – Мәскеу болатын. Біздегілер құлдық ұрумен «шаш ал десе бас алуын» өнерде де жалғастыра берді. Мәскеуге бұратана халықтардың қаймағы шайқалмаған төл өнерінің ұлттық рухты қайта оятуға қозғаушы күш болуының қажеті жоқ болатын. Сондықтан да Сәдіқожа секілді дарындылар тудырған саф алтындай таза ұлттық мұра тасада қала берді. Оның тасада қалып қоюына тағы бір үлкен себеп бар-тын. Ол қазақтың іс басында отырғандар арасын жүзшілдік, рушылдық, жершілдік мерезінің жайлап алғандығы еді. Қолы жеткен көрпені өз жағына (жүзіне, руына, жеріне) қарай тартып, өзгені жалаңаш қалдырғанын аңғармады…
2. ОНЫҢ АУЫЛЫ КЕТПЕННІҢ ЕТЕГІНДЕ…
Рас, жалпы фольклорлық музыкатану тәжірибесінде халықтық музыканы біртұтас қарастыру бар да жеке-жеке аймақтарға бөліп қарастыру бар. Біз бұған дейінгі зерттеулерде екеуін де қатар алып келдік. Әсіресе, жалпы қазақ деген халықта қандай ұлттық музыка бар дегенге ауыз толтырып айтарлықтай еңбек етілді. Әр аймақты көктей шолып, қадау-қадау мысалмен-ақ ұлт мәдениетінің тұтастығын таныттық. Енді әр аймақты толық тану нәтижесінде жиналған бұдан да бай мәліметтер арқылы халқымыздың өзіндік келбетін тану және таныту мүддесі тұр. Осы мүдде тұрғысынан келгенде бізде әлі де қолға алынбай жатқан ғылыми нысанның бірі – әр аймақта заманауи себептермен ауызға алынбай келген, өзіндік мектеп қалыптастырған жеке тұлғаларды бүгінгі тәуелсіз сана тұрғысынан тану, бұрын танылғандарды қайта тану мәселелері. Өйткені, кеңестік идеология қалыбынан шыға алмаған тар заманда талай ақиқат айтылмай қалған болатын. Халықтық музыкаға да партиялық көзқарас тұрғысынан баға беру белең алған-ды. Ол қамыт сыпырылып тасталғалы жиырма жылдан асты. Енді кез келген ұлттық құндылықты өз болмысымен жарқырай көрсетуге мүмкіндік туды. Біздің санамыз солақай саясат таным-түсінігінен енді-енді ғана арыла бастады. Сол тазарған сана арқылы Сәдіқожаның да өмірі мен өнерін зерттеу-ұлттық музыкатану ғылымының күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі деп білеміз.
Сәдіқожа туралы сақталған мағлұмат тым көп емес. Бүгінге жеткен мәліметтердің көп болмауының бірнеше себебі бар: а) өмірден жас кетті; ә) соңында ұрпақ қалмады, демек мұрагері болмады; б) қазақтың басына түскен саяси науқанды қаршадайынан ол да кешірді, ес жиып еркін көсіле алмады; в) әкесінен ерте айырылғандықтан, үйдің үлкені болып әулет ауыртпалығын өз мойнына алуына тура келді; г) соңынан іздеуші, сұраушы адамдар дер кезінде шықпады; ғ) көз көргендер бар кезде дерек жиналмады. Оған бір жағынан анасы Сәдіқожаның әнін не атын естісе, ауырып қалатын болғандықтан, ағайындардың шешесінің көзінше ол туралы айтпау жөніндегі тыйымы, екінші жағынан кеңес үкіметінің саясаты кедергі болды. Әйтпесе, Сәдіқожа әндері ел ішіне көзі тірісінде-ақ кең жайылған. Қайтыс болғаннан кейін айлар, жылдар өте келе «көзден кеткен соң көңілден де ұмыт бола» бастаған. Сүйегі Қытай жерінде қалғандықтан, ол жақтағы өлген адам тұрмақ тірісінің атын айтқанға бұл жақтағы кеңестік идеологиядан қорыққандар біле тұра Сәдіқожаны аузына алмады. Сол себептен де оның халықтық дәстүрді қайта жаңғыртқан әндері өз атымен емес халық атымен айтылған да кездер болды. Оның өміріне қатысты мағлұматтар да аңыздық сипат ала бастаған. Мысалы, «Сәдіқожа Кетпенде отырып ән айтса, дауысын Шәлкөде жайлауындағылар тегіс естиді екен»; «Сәдіқожа үш күн, үш түн тоқтамай ән айтса да шаршамайды екен»; «Сәдіқожа бұлбұлға үн қоса сайрайды екен»; «Сәдіқожаға көз тиіп төсек тартып қалғанда да ән салып жатыпты» деген секілді аңызға айнала бастаған әңгімелердің астарында ақиқат бары рас. Ең басты ақиқат Сәдіқожаның туа бітті әнші болғандығында, оның Алла тағала ерекше қабілет сыйлаған дарынды адам екендігінде. Енді қолымызға түскен там-тұм деректерге кезек берелік:
1-дерек. Сәдіқожа Алматы облысы қазіргі Ұйғыр ауданындағы Кетпен тауының етегінде 1917 жылы дүниеге келген.
2-дерек. Әкесі Мошан 10 жасында Екіаша, Кеңсу, Арал, Ақтоғай деген жерлердегі Қапездің жазғы көшпелі мектептеріне алып барады. Жаз айларында сонда екі-үш жыл Қапезден тәлім алады.
3-дерек. Әкесі Аламан руының аты мәлім адамы Тұрғожаның қызы Әбзелханды Сәдіқожаға әпермек болады. Бірақ екі жас үйлене алмай қалады.
4-дерек. Сәдіқожа бар жоғы 14 жасында кеңестік қуғын-сүргін қысымына шыдамаған елмен бірге Қытай жеріне кетеді.
5-дерек. Әкесі Мошан 35 жасында дүниеден озған.
6-дерек. Алжан руының Әлімбай деген азаматының Бекзада деген қызына ынтық болады. Бірақ, ол қыз басқаға ұзатылады. Ұзату тойында Сәдіқожа аужар айтады. Ол ән елге «Бекзатым-ай» деген атпен тарайды.
7-дерек. Сол тойдан қайтар жолда «Сары бидай» әні дүниеге келеді.
8-дерек. Сәдіқожа олардан басқа да ел ішіне кең тараған бірнеше ән шығарған. («Халаулым», «Ахау, Айым»,т.б.)
9-дерек. 1945 жылы тіл-көз тиіп, (бір деректе сүзектен) қатты науқастанып қайтыс болады.
10-дерек. Сәдіқожа Мошанұлы Қытайдағы Құлжа қаласының маңына жерленген.
Жоғарыдағы әр деректі тарата айтсақ, талай мәселе көтерілер еді. Мысалы 1-дерекке қатысты 1917 жылғы саяси-әлеуметтік жағдай және Сәдіқожа өмірге келген орта туралы жәй әншейін бір-екі ауыз сөзбен жеткізе салу мүмкін емес. Сәдіқожаның мезеті мен мезіретінің, яғни ана құрсағында пайда болып, тоғыз ай жетілу кезіндегі (1916-1917 жылдарда) ел ішінде өріс алған оқиғалар әсерінен туған психологиялық-моральдық ахуалдың ана санасы мен сезіміне қаншалықты ықпал еткенін ескермеуге бола ма? Осы кездегі ана мұңы мен сыры, аңсары мен арманы, елдегі жағдайға көзқарасы құрсақтағы жаратылысқа әсер етпеуі мүмкін бе? Бәлки ән әуезіндегі мұңлы сарын сол кездегі қам көңіл ананың құрсағынан Сәдіқожаға дарыған шығар? «Солай болды» десек, онда біз ән мен ән авторының шығармашылығын өз заманындағы тарихи-әлеуметтік, қоғамдық-саяси ахуалдармен тығыз байланыста қарастыруымыз қажет.
3. ХАЛЫҚТЫҚ ДӘСТҮР ЖӘНЕ СӘДІҚОЖА ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
Қазақ халқының дәстүрлі әншілік өнерінің тамыры тереңде. Осы терең тамырдан нәр алып, ұлттық дәстүрлі музыка өнерінің уызына жарыған әнші-композитордың бірі – Сәдіқожа Мошанұлы. Сәдіқожаның өмір дерегінен бұрын әндері елге кең тарады. Кең тарауының басты себептері бар: Біріншіден, әндерінің мәтіні халықтың өзі сан ғасыр сүзгіден өткізіп, екінің бірі тез қабылдайтындай қарапайым қалыпқа құйып қалыптастырған қара өлең үлгісінде шығарылған; екіншіден, осы қарапайым мәтінге сай өлең әуендері мен ән әуездері де халықтық мәнерге құрылған; үшіншіден, егер мәтіні бұрыннан бар қара өлең шумақтарын сөзбе-сөз қайталаса, оны халық «Сәдіқожаныкі» демес еді. Ән мәтінінде Сәдіқожаның өз жеке басының аңсар арманы, мінез-құлқы, ішкі тілегі менмұндалайды. Осы менмұндалаған мазмұн халық арасындағы жастардың да көкейіндегі арман-тілегімен дөп келді, бірдей үндесе кеткен; төртіншіден, Сәдіқожа әндерінің әуезі қара өлең әуендерінің қайталамасы емес, бұл ән әуездерінде сазгердің өзіндік төл қолтаңбасы, жеке авторлық «мені» әннің әр иірімінен айқын көрінеді. Тегінде Сәдіқожа әндері қазақ дәстүрлі халық музыкасының табиғатына басқаша көзбен қайта қарауға мұрындық болады. Дәл осы Сәдіқожа секілді халық композиторларының әндерін сараптау арқылы біз бүгінде «халық әні» деп жүрген әндердің құрылымынан жеке авторлық мәнер мен машықты ажыратуға мүмкіндік алар едік. Сонымен бірге, жеке сазгер-әншілердің халықтық стильге өзіндік қолтаңбасын қоса алатындығына да көңіл бөлуге бет бұрар едік. Түбін қопара келгенде, бұрыннан айтып жүргеніміздей, халық әуендері мен ән мәтіндерінің әу бастағы иесі жеке тұлға болғандығы осы Сәдіқожа шығармашылығы арқылы тағы бір дәлелденер еді. Әрине, Сәдіқожа ән шығарып айтқанда, «мен осы халықтық мәнерге бір өрнек қосайыншы» деп алдына мақсат қоймаған ғой, ол елге өз үнін жеткізуді ғана көздеді. Яғни, елдің өз мәнер машығын түрлендіре, жаңғырта, жасарта жетілдіре келе өзгелерге ұқсамайтын сәдіқожалық мәнерді тайға таңба басқандай қалдырып кетті. Оның халық әніне деген сүйіспеншілігі мен Мұқағалидың қара өлеңге деген адалдығы сабақтас. Егер Мұқағали «күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарса», Сәдіқожа да күпі киген қазақтың халық әнін шекпен жауып өзіне қайтарған біртуар әнші-сазгер.
- Сәдіқожа әндеріндегі халықтық һәм даралық сипат
Сәдіқожа әндеріндегі төлиелік қолтаңбаны халықтық мәнерден қалай ажыратып аламыз? Ол мүмкін бе? Әрине, мүмкін. Алдымен әндерінің мәтіндік құрылымына назар аударалық. Мысалға ең мәшһүр «Сары бидай» әнін аламыз.
а) «Біздің ауыл Кетпеннің етегінде». Сәдіқожаның ауылы қазіргі Алматы облысы Ұйғыр ауданына қарасты Кетпен деген жерде. Сонда туған. Сонда өскен. Ал енді басқа адам, яғни басқа ауылда туып-өскен жан өлеңінің басында «Біздің ауыл Кетпеннің етегінде» деп айта алмас еді. Демек, бұл — әннің даралық сипатының бірінші белгісі. Осы жолда халықтық сөз саптау салты бірден көзге ұрады. Салыстырыңыз: «Біздің ауыл сұрасаң Белтұрғанда», «Біздің ауыл Шәлкөде жайлауында», «Біздің ауыл Текшенің төрінде отыр», т.б. Осы жолдардың бәрінде дерлік қайталанатын «біздің ауыл» тіркесі – халықтық мұраға тән тұрақты формула.
ә) «Ерте шықсам, аулыңа жетемін бе?» Сәдіқожа сүйгенінің алыстағы ауылына жетер-жетпесіне күмәнді. Мұндай күмән елдің бәрінің басында болуы мүмкін емес. Ән мәтінінің даралық сипатын айқындай түсетін тағы бір дәлел – осы екінші жолдың бірінші жақтан, яки тек Сәдіқожа атынан айтылып тұрғандығы. Яғни «(мен) ерте шықсам – (сенің) аулыңа—(мен) жетемін бе?» деген мазмұнды жеткізіп тұр.
б) Сары бидай… Рас, ән құрылымында қайтарма сырт көзге бәлендей қызмет атқарып тұрмаған, әйтеуір айтыла салған қосалқы сөздер жиынтығы болып көрінеді. Бірақ, мұнда ән шығарып айтушыға қатысты ең қажетті себеп бар. Ол себеп әннің даралық сипатын айқындайтын дәлел деуге де болады. «Сары бидай» деген қай мағынада айтылған сөз? Бұл кәдімгі мезгілі жетіп піскен сары бидай ма, әлде сүйген қызының есімі ме, болмаса оның лақап аты ма? «Сары бидай» ұғымы тұрақты тіркес ретінде қазақ тілінде Сәдіқожаға дейін сақталмаған. (Мыс.: «сары қыз», «сары алтын», «сары қымыз», «сары қамыс», «сары ауыз», «сары дала», «сары алқап», «сары қарын», «сары көл» т.б.) Қазақ тілінде оның үстіне Сәдіқожаға дейін «сары бидай» деген тіркес («Қызыл бидай», «қызыл қыршын», «қызыл алма»,) қызға қатысты айтылмаған. «Бір бидай» деген ән бар. Ол да қызға арналып айтылады.
«Көңілім сүйген таңдаулым, бір бидайым,
шырқап әнге саламын келсе ыңғайым.
Мен өлеңге салғанда тыңдарлықтай,
Ықыласпен, бір бидай, бар ма жайың?»
Демек, қызды бидайға теңеу халық санасында бұрыннан бар (Мыс.: «Қызыл бидай») ал «сары бидай» деп айту жаңалық. Бұл айтым – Сәдіқожаның авторлық-шығармашылық төл тіркесі.
Енді әннің шығу тарихына аз кем тоқтала кетейік. «Ұл – он үшінде отау иесі» деген ғұрыппен Сәдіқожаға текті жерден қыз әперемін деп әкесі Мошан Аламан руының аты мәлім адамы Тұрғожаның қызы Әбзелханға құда түседі. Бірақ құдалық екі жастың шаңырақ көтеруіне жалғаса алмай қалады. Кеңес үкіметінің жаңа заңдары ескінің бәрін тәрк етуімен қоймай, кәмпеске, колхоздастыру, отырықтандыру деген саясаттарды жүзеге асырамыз деп айрандай ұйып отырған елдің арасын бүлдіреді. Осы бүліншілік ел мен елді ажыратады. Бірі үдере көшіп қырғыз асады, бірі Қытай ауады. Сөйтіп, Сәдіқожа мен Әбзелхан секілді талай жас қосыла алмай арманда қалады. Сәдіқожа бар жоғы 14 жасында кеңестік қуғын-сүргін қысымына шыдамаған елмен бірге Қытай жеріне кетеді. Сөйтіп, Әбзелханға үйлене алмай, қайда екенін біле алмай бар арманы ішінде қалады. Ауған ел етек жеңін жиып, ес алған шақта ауыл ішінде айтысып жүріп Сәдіқожаның атағы шығады. Ондай айтыстың бірі Алжан руының Әлімбай деген азаматының Бекзада деген қызын ұзату тойында болады. Сәдіқожа айтысады. Қыз бозбала түн ауғанша айтысып, тоқтай алмайды. Өйткені, негізгі айтысушылар Сәдіқожа мен Бекзада болады. Екі жақтың қолпаштаушылары жалған намысқа басып думанды ерегеске ұластыра бастайды. Істің соңы насырға шауып кетпесін деп Сәдіқожа айтысуын доғарып, қыздың аужарын айтады:
Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң,
Көк жайлау құлазиды-ау ел кеткен соң-ау,
жолыққанша аман бол, амал қанша?
Бірге өскен кішкенеден құрбым едің-ау,
Ойнаймын енді кіммен сен кеткен соң-ау,
жолыққанша аман бол, амал қанша?
Кекілін кескен кер атым-ай,
Жастайдан өскен Бекзатым-ай!
Жанымда бірге жүрген жайдарлым-ай,
Жаутаңдаған көзіңнен айналдым-ай…
Тыңдап отырған үлкен кіші түгел жылайды. Жылап тұрып Бекзада
былай депті:
Түйе келер аңырап «ботам-ау» деп,
Қабырғаңа жүк артса батады-ау» деп,
Мен жылаймын күні ертең барған жерде
Оң жағында біреудің жатам-ау деп
Жалған-ай, көңілдің шіркін қалғаны-ай!
Дүниеде қыз мұңлық, мен де мұңлық,
Болып мұңлық анадан неге тудық?
Болып мұңлық анадан туғамыз жоқ,
Ата-баба бұрынғы жолын қудық,
Жалған-ай, көңілдің шіркін қалғаны-ай!
Болашақ күйеу жігіттің сыбайластары мен өз жақтастары арасында қызылшеке төбелеске жол бермеудің амалымен Сәдіқожа тысқа шығып кетеді. Ауылына қайтып келе жатқанда жол бойы бидай алқабының тұсына келгенде аттан түсіп бидайдың бір сабағын жұлып алады да :
– Мынау түндегі Бекзада қыздай пісіп, жетіліпті. Кімнің қазанында қуырылар екен?-дейді. Сонда қасындағы бір серігі:
– Кім орып алса, соның қамбасына түсіп, қазанында қуырылады да – депті. Сарғайып піскен бидайды ұстаған күйі Сәдіқожа: – Менің сары бидайым қайда жүр екен? – деп, бұрын соң естімеген бір әуезбен «Сары бидай, сағындым, қалқам, даусыңды-ай!» деп шарықтата шырқай жөнеліпті. Көп ұзамай бұл ән бүкіл ауылға жайылады.
в) «Сары бидай, Сағындым, қалқам, дауысыңды-ай». Бұл қайтарма не үшін керек? Басқаша айтқанда, қайтарма қандай қажеттіліктен туындайды? Біздіңше, әннің негізгі діңгегі, бейнелеп айтсақ, алтын қазығы осы қайтармада. Егер мәтінде бұл екінші және төртінші жолға күштеп қосылған тіркеме сияқты болса, қараңыз:
—- — —-/
—- — —-,/ +
(— —, —,—,—-)
—-/ —/ —-/
—- /— /—-,/ + (— —, —,—,—-) \таза мәтіндік құрылымда бұл қайтармасыз да өлең қалыбы бұзылмайды.\ ал ән әуезінде бұл қайтарма екінші және төртінші
жолдың бөлінбес, құрамдас бөлігі, бір жүрек, бір көмейден бірге құйылып шыққан сом туынды. Қараңыз:
—- /—/ —-/
—-/ — /—-,/—-,/ —,—/,—-/
—- /— /—-/
—-/ —/ —-,/—-/ —,—/,—-/
Ән әуезінде дәл осы қайтармадағы мелодия айтылмай қалса, ән өзіне ғана тән басты ерекшелігінен айрылып қалады. Тіпті, айтылмай қалуы ақылға симайды да. Өйткені, екінші және төртінші жолдың соңғы бунағының соңғы буыны көтеріңкі дауыспен айтылады да ары қарай тағы да жалғастыру екпінімен сабақтасады. Осы екпінді әрі қарай сабақтастырмай, сол күйінше қалдыру – ән құрылымына қайшы.
Бұл – халықтық ән дәстүріндегі мағынасыз жеке дыбыстардан, болмаса бір, екі, кейде үш сөзден тұратын қайтармаларды бел гілі бір ойды білдіретін біртұтас сөйлеммен алмастыру — жеке дара авторлық қолтаңба екендігін дәлелдейтін тағы бір айғақ.
г) «Ақ тамақтан емінтіп бір иіскетсең-ау»… «Ақ тамақ» тіркесі – қазақ тілінде қалыптасқан эпитет. Қыз сұлулығына қатысты айтылады. («аршын төс, алма мойын», «күлім көз, оймақ ауыз», «ақ тамақтың астынан күн көрінер», «алма мойын, ақ тамақ», «бұраң бел», «дөңгелек көз», «бота көз, құлын мүсін», «қара нәркес екі көз», т.б.) «Тіліңнің ұшын қойып, түбін жалат» деп әндететін қазақта ақ тамақтан иіскету, емірене иіскеу ұғымы да бұрыннан бар. Ал енді сол ақтамақтан емінте иіскету – Сәдіқожаның жаңалығы. Бұл да «Сары бидай» әнінің жеке авторлық төл тумалығын айқындайтын бір мысал.
ғ) «Айналақтап қасыңнан кетемін бе…» Бұл жолда да автордың жеке өзіндік сөз қолданысы көрінеді. Қазақ тілінде көбінесе «айналсоқтап» деген сөз алысқа ұзай алмай, төңіректеп, бір келіп, бір кетіп жүруді білдіреді. Мұнда да сол мағына қылаң береді. Бірақ мұндағы Сәдіқожа айтымында алыстан айнолсақтауға қарағанда нысанның дәл қасында айнала жүріп алу түсінігі бар. Сонымен, бірге қазақ ұғымында адамды беталбаты айналмайды. Ең жақсы көрген адамын, жақсы көрген затын айналады. Айналудың астарында соның бойындағы бар нәрсені айнала жүріп өзіне қабылдап алу мағынасы да, сонымен бірге қорғау ұғымы да және өзгеге қимау түсінігі де бар.
д) Қайырмасы. Мұндағы «Есіктің алды тал, қайың», «Басыңда тұрмас жаз дәйім», «Қалқатай еске түскенде» деген сөз тіркестері қазақ ұғымында әу бастан бар. Дәл осылай айтылмаса да астарындағы ой әр түрлі құрылымда, басқаша пішінде айтыла береді. Ал енді, «Сағынып сонда Сары бидай әнге салғаным» деген айтылым тек жеке адамның, яғни Сәдіқожаның ғана аузынан шығады. Өйткені, сүйген қызын «Сары бидай» деп атаған да өзі, «Сары бидай» деп ән шығарған да өзі, сол «Сары бидайды» сағынған да өзі. Сол сағыныштан «Сары бидай» деген әнін шырқаған да өзі.
е) «Қойды басым арылмай бұлттан бір күн»… Қазақтың қалыптасқан қара өлеңдік құрамында өлең жолы дәл осылай құрыла бермейді. Қара өлеңде сөздер, сөздердің тіркесімі, айтылымы тілге жеңіл, айтуға оңай, естуге де, қабылдауға, түсінуге, ұғуға да оңтайлы келеді. Бұл жол халықтың қара өлеңінде «бұлттан бір күн арылмай қойды басым» немесе «арылмай қойды басым бұлттан бір күн» дегендей құрылар еді. «Қойды басым» деген бунақ жеке тұрғанда «басым ауырғанын қойды», деген секілді мағына берер еді. Егер осы іспеттес мағынада құрылса, онда шамамен «қойды басым емнен соң ауырғанын» сияқты түзілер еді. Ал Сәдіқожа әніндегі «Қойды басым арылмай бұлттан бір күн» секілді тосын тіркесім сөз жоқ, жеке шығармашылық нәтижесі.
ж) «Ақ маралдай керіліп шықсаң шіркін»… Біз бұл жолдағы «ақ марал» деген тіркеске ғана тоқталайық, «ақ бота», «ақбоз ат», «ақ тұйғын», ақ сәуле», «ақ жүз», «ақ маңдай», «ақ бөпе», «ақ қайың», т.б.секілді ақ түске байланысты теңеу, эпитеттер халық әндерінде, халық композиторларының шығармаларында жиі кездеседі. Маралға қатысы да бар. Мына жолда «кер марал» деп айтылса да жарасымды. Бірақ мұнда кез келген марал емес, өйткені, кез келген марал керіліп жүре алады, бірақ керіліп жүре алатын кез келген марал ақ болмайды. Сәдіқожа сүйгенін ілуде бір кезігетін ақ маралға теңеп тұр. Бұл да авторлық ізденістен туған тіркес.
Рамазан СТАМҒАЗИЕВ
дәстүрлі әнші