Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты. Республика күні қарсаңында жер-жерлерде мерекелік шаралар өткізілді. Тәуелсіз елдің атаулы мерекесінің әртүрлі бағытта өткізген шараларының мақсат, мүддесі бір екендігін бәріміз жақсы түсінеміз.

Біздің А.Розыбакиев атындағы орта мектебінде патриоттық әндерден жоғары сынып оқушылары арасында ән байқауы өтті. Біздің тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы барлық жетістіктері, қазақ халқының егеменді заманда жаңаша ерекше өрлеуі, өркендеуі, рухани-экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, дәулетті елдермен бірдей қарым-қатынас жасау жетістіктеріміздің барлығының алтын бастауы – біздің мемлекеттің Тәуелсіздігінде екендігін мойындаймыз. Қаншама қиын-қыстау күндерді бастан өткеріп, ұлан-ғасыр жерімізді сақтап қалып, бүгінде өркен жайған егемен елге айналғанымызды осы мереке паш еткендей. Мектептің мәжіліс залы мерекелік безендіріліп, байқауға қатысушылар біркелкі киініп, туған жер, туған ел, Қазақстан, Отан, Көк ту туралы әндерін шырқады. Әр сынып дайындалар алдында әннің қайталанып қалмауын қадағалады. Арнайы құрылған әділқазылар алқасы өнерпаздардың сахнада өздерін ұстауларын, киім киістерін, тұруларына дейін бағалады. Дауыстары біркелкі шығуы мен музыкалық жағынан дұрыс айтылуына Бахар ауылдық мәдениет үйінің директоры Қанат Рысбаев жауапты болды.
Байқаудың алғашқы сөзін алған мектеп директоры Пазиләм Турсунова жиналғандарды ұлттық мерекемен құттықтады. Жүректен шыққан жылы сөздерін арнады. Патриоттық ән дегенде Отанға, отбасына, туған жерге, елге деген тақырып аясынан ауытқып кетпеулерін сұрады. Әр сынып өз қарым-қабілеттеріне қарай әндер таңдаған. Тамаша концерт болды деуге болады. Байқаудың соңғы нүктесін барлық сыныптар қосылып атақты ақынымыз Қадыр Мырзалиевтің сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен» әні қойды. Патриоттық, жан жүрегіңе Отанның қаншалықты ыстық болатындығын жеткізетін әнге үлкендер де қосылды.
Жеңімпаздарға мектеп директоры П.Турсунова өзінің алғыс хатын арқалатты. Марапатқа ие болған оқушылар мәз болысты. Байқау діттеген мақсатына жетті. Балалардың жан жүректерімен орындаған әндері болашақтарының жарқын болатындығына сенім арқалатқандай болды.
Фармен ИНИПАЕВ,
А.Розыбакиев атындағы орта мектебі директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
