Басты бет Мәдениет және руханият ӨМІР ЕСТЕЛІГІМЕН ҚЫМБАТ

ӨМІР ЕСТЕЛІГІМЕН ҚЫМБАТ

0
208

    Бекжан Тұрыс – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Жақында ғана 60 жылдық мерейтойын халқымен бірге атап өтті.  50-ден астам рөлді сомдады. Жиренше болып төрелік айтып, Қожанасыр болып күлдірді, Біржан, Шәмші болып ән салды. Одан бөлек өзінің ойында жүрген дүниелерін қағаз бетіне түсіретін де қабілеті бар. Ол кез келген журналистен асырып жазбаса кем жазбайды. Мерейтойында «Өмір естелігімен қымбат» атты кітабы тосынсый ретінде табыс етілді. Оның өмірдегі, шығармашылығындағы естеліктері кез келген жанды елең еткізері сөзсіз. Құлақ түріп көріңіз.

 Ерекше қамқорлық

Өткен күндегінің бәрі есте қала бермейді. Өткен өмірдің ерекшелігі де сонда – есіңдегілер бірте-бірте ескіріп, естелікке айнала береді екен. Екі мыңжылдықтың түйісер тұсында біріне-бірі қарама-қайшы екі кезеңнің өмір салтын да бастан кешірген ұрпақтың өкілімін. Өз басым кіршіксіз таза өмір сүрдім деп айта алмаймын. Өкінішім, «әттеңім», босқа өткізген сәттерім болмады емес, болды. Пенде болған соң кейде – сөзіңнен, кейде ісіңнен жаңыласың. Кешегі кеңестік кезеңдегі бір кемшілігіміз – бізге дейінгі ағалар да, біздің буын да ащы суға үйірсектеу болғанымыз. Несін жасырам, өнердегі ағаларыммен бірге жүргенде мен де сол ортада жүрдім, ақаңның дәмін мен де таттым, тіпті бір кісідей іштім де. Жастықтың желігімен әрі шығармашылықтың адамы болған соң солай болуға тиіс шығар деп қабылдадым. Үлкен-кішілігімізге қарамай бір-бірімізге еркелеп жүрдік. Біздің арадағы сыйластық кіршіксіз таза, шынайы болды. Жасандылыққа жанымыз қас еді.

Ішкен маған жақпайтын… Өзім қиналып, азапқа түсетінмін. Осыны білетін Омар ағам Қиқымов: «Құлыным, сен ішпей-ақ қойшы. Одан да көже іш, жеңгең кәдімгі бидай көже салады», – деп өбектеп жүретін. Шынында да, ол үйдегі жеңешем тура ауылдағыдай етіп көже салатын еді. Қышқылтым дәмі бар сап-салқын көжені Омар ағам жиі әкелетін. Жақсыға бой тез үйренеді ғой, ағамнан мен де өзімсініп көже сұрай беретінмін. Бір күні көже үзілді. Екі-үш күн өтті, көже жоқ. Бір апта өтті. Ағамнан сұрасам, айтатын уәжі: «Бекатай, саған қашанда табылады ғой, бірақ көже ашымай жатыр». Осылай сылтаурата берді.

– Аға, онда маған бәрібір, ішіп кетем, болмаса, звондап мазаңызды алам, – дегенім сол еді:

– Күні-түні звондай бер, құлыным, тек іше көрмеші, – деді Омар ағам да…
Бірде Талдықорғанға тойға бардым. Үйге қайтып келгенше түнгі үшке таяды. Жуынып-шайынып шыққан соң бі-і-ір салқын көже ішкім келгені. Қатты шөлдеген соң ба, Омар ағам әкелетін көженің дәмі таңдайыма келіп тамсанып…

Қойшы не керек, түнгі үштен кеткеніне қарамай Омар ағамның үйіне қоңырау шалдым. Телефонды жеңешем көтерді.

– Мен ғой, Бекжанмын. Омар ағамды бола ма? – деймін ғой амандық-
саулық сұрасқан соң.

– Ағаң ұйықтап жатыр… Тыныштық па? – деді жеңешем.

– Тыныштық, жеңеше, ағаммен сөйлесейін деп едім, тұтқаны бересіз бе?
Жеңешемнің ар жақтан ағамды оятып, телефонды ұсынғанын естіп тұрмын.
Жеті түнде жын қаққан адамдай мазалағаным аздай:

– Ассалаумағалайкүм, аға! Мен ғой, Бекжан… Аға, көже ашыды ма? – деп сұрадым. Ол кісі алғашында абдырып ештеңе түсінбей қалды.

– А-а… Не дейсің?

Көжені айтам, аға, ашыған-ашымағанын білейін деп…(Пауза) Үнсіздік. Бір кезде:

– Әкеңнің тап қана аузы! Бірдеңе болып қалған екен деп шошып кетсем!
Түннің бір уағында сонша қорқытып… Көже сұрайтын уақытты тапқан екенсің! – деп зілсіз ұрысқан күйі телефон тұтқасын қоя салды.

Көзім енді ілініп, қалың ұйқының құшағына кеткем білем әрі таңғы ұйқы тәтті ғой. Ол кезде бүгінгідей кіреберістің есігінде домофон деген бәле жоқ, біреу пәтердің есігін аямай тарсылдатып қаққанда ұшып түрегелдім. Келіншегім де оянып кетті. Кім болды екен таң атпай келген… Қоймай ұрғылайтыны несі?!

Есіктің тұсына жақындап:

– Бұл кім? – дедім.

– Аш! Ашсаңшы! – деген өктем дауыс естілді ар жақтан.
Кім екен бұл? Дауысы таныс сияқты.

– Кімсің?

– Аш дедім ғой саған!Есіктің көзінен сығаласам – Омар ағам! Сабайын деп келген болар деп есім шықты. «Тәуекел» деп есікті ашса-а-ам… Екі қолында көже құйылған ыдыс салынған екі пакеті бар. Көжені жерге қойды да:

– Осыны іш те, шашалып өл! Адам деген осы уақытта көже сұрай ма?! – деп табалдырықтан аттап ішке де кірместен, күңкілдеп сөйлеген күйі кетті де қалды.. Көзім – ыдысқа құйылған салқын көжеде…

Көзді ашып-жұмғанша не болғанын ұқпаған күйі состиып ұйқылы-ояу келіншегім тұр. Ішімнен күліп мен қалдым.

Қазір кім кімге осылай өзімсініп еркелей алады? Омар ағамнан мен көрген сол мейірімді, қамқорлықты бүгінде кейбіреу тіпті туған бауырынан көре алмай жүр. Өйткені мейірім деген ұлы ұғымның шырағы сөніп қалған, оның несін жасырамыз… Сол ізгілікке ұйыған сезімнің мейірбандығын іздеймін кейде. Қатігезденіп бара жатқан қоғамнан, бір кезде көже ішкім кеп шөлдегендей, шөліркеп мейірім іздеймін. Орта жастан ассам да, Омар ағама тура сол кездегідей еркелегім кеп тұрады. Аға болған соң, үлкен жүректің иесі болғандықтан!

***

Әр жылдың бірінші күні, яғни 1 қаңтар менің жүрегіме жылылық пен сағыныш, әсерлі естелік пен аздаған мұң сыйлайды. Тура 1 қаңтар – менің ұстазым әрі өнердегі анам Шолпан Жандарбекованың туған күні. 1 қаңтар күні ертемен алдымен мешітке барып, жаңа жылдың жаңа күнін аман-есен көргенім үшін Аллаға шүкіршілік етіп, ел менен отбасымның амандығы үшін дұға бағыштаймын. Бұл күні қала көшелері тып-тыныш, ертемен көшеде жүретіндер өте сирек. Мешіттен келген соң екі балам мен келіншегімді ертіп, Жаңа жылдың жаңа күнінде Шолпан апайымды туған күнімен құттықтап бару да бұлжымай орындалатын ережедей еді. Міндетті түрде ұстазыма баруды парыз санайтынмын. Ол кісіні тура осы – 1 қаңтар, туған күнінде Хадиша Бөкеева, Бикен Римова, Хабиба Елебекова, Әмина Өмірзақова апаларым кезектесіп қонақ қылатын әдемі дәстүр болған екен. Менің одан xабарым жоқ, кейіннен естіп жүргенім ғой. «Ертерек келе берсеңші», – дейтіндерге Шолпан апайым әзірге бара алмайтынын, үйіне бір кісілер келуі керек екенін айтады екен, кейіннен білдім. Шолпан апайым сонда өзінің шәкіртінің міндетті түрде келетініне қаншалықты сенімді болса, менің де тура сол күні ол кісіні құттықтап бармай қалып, сеніміне селкеу түсірген күнім болмапты… Оқытушы әркімде бар. Мұғалімнің алдынан өткен шәкіртте көп. Ал, Шолпан апайым нағыз ҰСТАЗ бола білген аяулы жан еді…

Бейтаныс адамның  шарапаты

Әскерден келген соң өнердің оқуына түсуге жүрексініп жүрдім. Анау айтқандай түрім жоқ, ал, артистердің қайсысы болсын шетінен келбетті. Оның үстіне артист болуға фактурам келмейтінін сезгендіктен сол кездегі Театр және көркемсурет институтына мүлде беттегім жоқ. Бұл – қалада ірі өндіріс орындары, түрлі құрылыс мекемелері тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған уақыт. Сырттай оқып, жұмыс істейтін студент кластастарым да болған. Ол уақытта жастар сол кездегі М.Горький атындағы демалыс паркіне жиі жиналатын әрі парк ішіндегі саxнада түрлі мәдени шаралар өтіп жататын. Менің СМУ-де істейтін кластастарым паркте өтетін сондай бір шараға қатысуы керек екен, қойшы не керек, олармен бірге барып әлгі шараға қатысып, парк саxнасынан ән де шырқадым, әзіл де айттым. Бір сәтте әнші болып, тағы бірде – кемпір-шал болып, СМУ-дың алға озуына септігім тиді. Көңіліміз шат, өзіміз мәзбіз, алдыңғы орынды алдық дегендей, арқа-жарқа болып дуылдасып отырғанда бір бейтаныс адам келіп, жөн сұрады. Ауылдан келгенімді айттым. Қайда оқитынымды сұрады. Қайдағы оқу? Іштегі күдігім «өнер адамы болсам» деген биік арманымның нәзік жібін үзіп тастай ма деумен жүрмін ғой. Онымды ешкімге айтпаймын да тағы… «Көрініп тұр ауылдан келгенің. Бағанадан бақылап тұрдым, талантың бар бала екенсің. Бұлай жүргенің болмайды», – деп қасымдағыларға Театр және көркемсурет институты бар екенін, олардың мені сонда апаруы керектігін айтып түсіндірді. «Сендердің бұл жігітке жандарың ашымай ма? Мұндай талантты баланың оқуға түсуіне жағдай жасаңдар», – деп кетті әлгі адам. Жігіттер мені ертесі күні-ақ институтқа жетектегендей болып алып барған…

«Ақтоқтының»  алдындағы сынақ

Ертіп барған жігіттер басқа оқу орнында оқиды. Біз барғанда емтихан алдындағы шығармашылық сынақ өтіп жатқан екен. Көппен бірге менің де кіруім керек. Сынақ қабылдап отырғандар – Асқар аға Тоқпанов, Шолпан Жандарбекова мен Нүкетай Мышбаева апайлар. Шолпан апайдың қасымдағы менен қарағанда әлдеқайда өңді һәм көрікті жігіттерге көзі түсіп, соларды сынақ тапсыруға келгендер екен деп қалғаны – мен мазалап жүрген күдікті қайта күшейтті. Жігіттерден сынақ тапсырушы мен екенімді естіп: «Ән айтасың ба?» – деп сұрады немқұрайды кейіппен. Театр тарихынан хабарым аз кез, ол кісінің Ақтоқтының ролін ойнағанынан мүлде бейхабармын. Ал, бірақ ол менің ән қуып жүрген кезім ғой. Әнге жан-тәніммен ессіз берілген кезім! «Айтам!» – дедім. Домбыра да табыла кетті. «Ақтоқтының зарын» аңыраттым-ай кеп! Дөп түскем ғой. – Айналып қана кетейін-ай! – деді Шолпан апай сонда. Ауылдан енді келген анау айтқандай түрі жоқ арық немені аса «менсінбеген» сыңай танытқан бағанағы Шолпан апай емес, алдымда – мүлде басқа адам. «Ақанның тағы қандай әнін білесің?» – деп мейірлене сұрады. Өзім білетін әндерді бірінен соң бірін айттым. – Әзіл айта білесің бе? – деп сұрады Асқар аға. Бұл күнде авторын ұмыттым, сол кездегі «Мәдениет және тұрмыс» журналынан оқыған «Тойдағы сайыс» атты сықақ өлеңнен бастап, кемпір де болдым, шалдың да дауысына салдым. «Катюшаны» да құйқылжыттым. «Өлең оқисың ба?». Мұқағали, Фариза апайдың өзім жатқа білетін өлеңдерін оқып бердім сонда. Шолпан апай да, Асекең де әбден риза болды. «Документ өткіздің бе?» – деп сұрады Асқар аға. Қайдағы документ?! Қалаға келгенім болмаса, өз жайыма жүрген адаммын. Соны білген Асқар аға декан Жайлау аға Нағашыбаевқа мені әбден тапсырды. Тездетіп құжаттарымды тапсырып, екі-үш күннен кейін өтетін сынаққа дайындалуым керек екен. Бір досым мен болып емханадан тексеруден өтіп, бір досым ауылға барып документтерімді реттеп әкеліп, маған тек емтиханды сүрінбей тапсыру ғана қалған. Сөйтіп, оқуға да түстім. Шолпан апайдың – әйгілі Ақтоқтының шәкірті болып шыға келдім.

«Тамашаға» кетіп қалма

Шолпан апайдың ең сүйікті шәкірті болғанымды жасырмаймын. Өнер институтында оқып жүргенде этюд жасауға шорқақ болдым. Тілектес Мейрамов ағамды ренжіттім бұл жағынан. Сондайда Шолпан апай шыр-шыр етіп қорғаштап шығатын еді. Ол кісі – ұлттық өнеріміздің ыстығына күйіп, суығына тоңып, өнер ордасымен өмірінің соңына дейін бірге жасасқан адам. Апай мені өнердегі ана ретінде тазалыққа, кішіпейіл болуға тәрбиеледі. Адамгершіліктен аттамауға баулыды. «Барынша адал бол. Өмірде адал болу сенің өнерің үшін де қажет. Өйткені өмірден үлкен ұстаз жоқ. Талант адамға тәңірден беріледі, ал, мен – саған жай бағыт-бағдар берушімін», – дейтін. Шолпан апай менің комедияға бейім актер екенімді жақсы білді. Бірақ театрға деген маxаббаты мен адал еңбегі кейінгілерге үлгі болған ұстазым менің де ұлттық театрыма адал болуымды қалады. Тіпті талап етті десе де болады. «Сен «Тамашаға» кетіп қалсаң ренжимін. Сенің орның – театр! Өнеріңді бағалай біл!» – дейтін үнемі. Шындығында да, Лұқпан аға «Тамашаға» шақырды. Алайда ұстазымның кеңесін өмірлік шамшырақ санағандықтан да театр табалдырығынан аттап кеткім келмеді. Менің бас театрда жүруім – әуелі – Алла, содан соң Шолпан апамның арқасы. Себебі 3-курстың аяғында талапты жастарды жұмысқа алмақ болған Әзербайжан Мәмбетовке осы Шолпан апайым ол кісінің талабына сай адам ретінде ұсынған болатын. Сұлулықты ерекше жақсы көретін Шолпан апайдың өзі – ұлттық театр өнерінің өсуіне, кеңеюіне мол үлес қосқан адам. Ал, мен ұстаз ретінде ол кісі ұшырған соңғы түлектің бірімін. Ол кісінің еншісіндегі Ақтоқты, Еңлік, Баян, Шырын, Тоғжан рольдері бүгінде театр тариxына алтын әріппен жазылды. Ал, сондай ұстаздың өзіме қойған талабын естен шығаруға, ақыл-кеңесін санадан сылып тастауға бола ма? Олай етуге менің адами правам жоқ. Қақым жоқ…

Еркелік

Студенттік жылдардың өз қызық-шыжығы бар. Соның бірі – сабақтан сұрану. Жасыратыны жоқ, тойға баратын кездерім де болды. Қазақтың тойы таусылған ба, ондайда сабақтан кім сені қайта-қайта жібере берсін… Сондай бір кезде Шолпан апайға ауылдағы шешем болып телефон шалып, «өзімді өзім» сұрап алғаным бар. – Шолпан қарағым, анау Бекжаннан басқа балаларым үйлі-баранды. Оны-мұны шаруама қолқабыс ететін осы бала еді. Бұл оқуға кеткелі қиналып қалдым. Аналарды бұрынғыдай жұмсай да алмаймын, әркімнің өз отбасы бар дегендей… Қалада тұрасыңдар ғой, қайтарда баламнан ауылдың дәмі ғой, ет беріп жіберейін, сабағынан 4-5 күнге босатасың ба? – дедім кемпірдің дауысына салып. Бағанадан «шешемді» үнсіз тыңдап тұрған ұстазым «етті» естігенде елпең ете қалды. Қойшы не керек, кеттім тойлатып. Қайтып келіп түк болмағандай оқуымды жалғастырдым. Байқаймын, Шолпан апайдың көңіл күйі онша емес. Әлгі ет дегенім есімнен шыққан. Ақыры ол кісі шыдамады-ау деймін, жайлап қана: «Бекжан, анаң сенен сәлемдеме жіберем деген еді…» – деді. «Ой, апай, иә, айтқан. «Жеткізе алмай қалсам ұят болады, күн ыстық, ет шыдамайды», – деп мен ғой оны алмай кеткен», – де-е-еп апайыма жақсылап тұрып өтірік айттым. Енді не деймін? Ауылдағы анам менің сабақтан сұранып, той тойлап жүргенімнен тіптен хабары жоқ. Мұнымды естісе, жанымды шығармай ма! Ақыры Шолпан апайға ауылдан әкеп беретін етті Көк базардан сатып апарып бердім ғой. Осылай да еркелеген едім ұстазыма. …Бұл күнде Жаңа жылдың жаңа күнінде, яғни Шолпан апайымның туған күнінде ұстазыма Құран бағыштаймын, жаны жаннатта болуын Алладан тілеп, дұғама қосам. Өнерде дұрыс бағыт беріп, бағдаршамым болған ұстазымды бүгін ерекше сағынып осылай еске алдым. Уақыт қалай зырласа да, сіз қалдырған өнеге, ұлы өнер мәңгі жасай бермек. Тірінің парызы өткенді еске алып, руxын шаттандыру болса, өшпес қазына қалдырған апамның шоқтығы өз биігінде тұра берері сөзсіз. Өнер бар жерде, театр бар жерде сіздің есіміңіз алғашқылармен бірге аталады, ұлағатты ұстазым – Шолпан апай! Тұрағыңыз бейіштің төрінен болсын!

…Қарияның дауысын салып Салиха апайға хабарласқаным Әнуар ағама қатты ұнап қалды, білем, енді ол кісі Уайыс ағама хабарласу керектігін айтып, «жөн сілтесін».

Бұл жолы – ауылдан келген «кемпірмін». Мұндайда ауылымдағы шешелерімнің аты аузыма оңай ілінетін. Нөмірді теріп, ар жақтан тұтқаның көтерілгенін күтіп тұрмын. Шолпан апай сәлемімді құлықсыз алды. Уайыс ағам үйде жоқ көрінеді.

– Келін, айналайын, ауылдағы Сапихан апаңмын мен. Әлгі осында оқитын жүгермек оқудан шығып қалып, соған келдім. Уайыс қарағым «тлипонның» нөмірін өзі беріп, көмектесетінін де айтқан соң, сонау жақтан осында кеп… Вокзалда тұрмын.

– Барлығына Уайыс жүгіреді деп ойлайсыздар… Балаңыздың үйіне бармайсыз ба? – деп салды ол.

Шолпан апайдың ренжитін жөні бар. Сол жылдары Уайыс, Құман, Мейірман ағаларым Алматының «паспорты» болатын. Біреуміздің танысымыз милицияға түсіп қалса да, ауылдағы біреудің баласы оқудан қуылса да, енді біріміздің жерлесіміз емтиханнан құласа да, ағаларды сүйрейтін едік. Осы ағаларымның араласуымен, әйтеуір, кез келген келеңсіздік оңтайланып реттеле кететін. Шолпан апайдың жақтырыңқырамай тұрғаны да содан.

– Ол жүгермек оқудан шығып қалды ғой. Құдай-ай, 80-нен асқанда елдің алдында жүрген азаматқа сеніп үлкен қалаға қайдан ғана келіп едім, енді қайда барам? Барар жер, басар тауым да жоқ, құдай-ай… Оны да қойшы, өздеріңе деп, ана баланың мұғалімдеріне деп екі ірі қараның етін қапқа сап әкелген едім, оны қайттым, – деп, шынымен, кәдімгідей жыладым.

Көз жасым «араласып» діріл қосылған дауысым жүрегін жібітті ме, әлде етті ауызға алған соң ойы өзгерді ме, Шолпан апай да бағанағыдай емес, тұтқаны қоюға асықпай, сөйлесетін ыңғай танытты. Мұнысын сезген мен жыламсыраған үнімді үдете түстім. – Тұра тұрыңызшы… Қай вокзалда тұр едіңіз? – деп сұрады ол. – Қайдан білем, шырағым! Пойыздан түскенім осы… – Қасыңыздағы біреулерден сұрасаңызшы, – дегені сол тағы да сол Жарқын ағаны қасыма шақыра сап, жағдайымды «түсіндірген» болып жатырмын. Тұтқаны қайтадан қолыма ұстатқанша асыққан ол күлкіден булығып әрең тұр. – Сіз ешқайда кетіп қалмай, сол жерде күтіңіз, апа! – деген Шолпан апайға ешқайда кетпей күтетінімді айтып, телефонды қойғаным сол, ағаларымның «ха-ха-халаған», «хи-хи-хилаған» дауысы кетті дейсің ғимаратты жаңғыртып. Әбден күлдік. Артынша Уайыс ағамның үйіне қоңырау шалдым. Бірақ тұтқаны сол күйі ешкім көтермеді… Театрдағы лифтінің қасында кішкентай қуыс деуге де, алаңқай деуге де келмейтін шағын жер бар. Әнуар ағам сонда тұр екен. Амандасып, қал сұрасып жатырмын. Маған риза кейіппен қарайды. Енді ше, Салиха апайдың «құдаларға» деп асқан етін жеп, әріптес достар арқа-жарқа болып, әңгімелесіп қайтты ғой күні кеше. Бір кезде… Уайыс ағамның төбесі көрінді. Қабағы салыңқы, дұрыс ұйықтамаған секілді. Масқара-а-а! Кеше әзілдеуін әзілдеп үйіне қоңырау шалғаныммен, артынан ескертуді есімнен шығарыппын ғой. Звондауын звондағам, бірақ үйінде болмаған сыңайлы, қоңырауға ешкім жауап бермеген. Қап! Енді қайттім! Әнуар ағаға «ештеңе айтпаңызшы» дегендей ымдап үлгердім. Әдеттегідей амандық-саулық сұрасып жөнімізбен кеттік. – Ай, Бекжан, ана ағаң әбден уайымдапты. Сонау І вокзалға барып Сапихан апасын іздеп сандалыпты. Шолпан дұрыс түсінбеген болар деп «Алматы-ІІ» вокзалына, одан «Сайран» автовокзалына барып табанын тоздырыпты күні бойы. Екі күннен бері дұрыс ұйықтамаған екен тіпті. Шолпанмен де сөзге келіп қалған көрінеді, – деді сәлден кейін Әнуар ағам кезіккенде. – Ойбай, аға, мен екенімді айтпаңызшы. Ренжітіп алатын болдым ғой, – деп енді мен алаңдайын. – Айтпаймын, – деді Әнуар ағам. – Бірақ көріп тұрсың ғой, Уайыс ағаңның көңіл күйі жоқ, бар бірдеңе алып келмесең болмайды, ауызбастырық бер маған, – деуді де ұмытпады. Айтқанын орындап, сұрағанын әкеп бердім. Арада бірер апта өтті. Уайыс ағамның жайын Әнуар ағамнан біліп жүрдім. – Бір апта болды дұрыс ұйықтамағаныма. Сапихан деген апаны есіме түк түсіре алмадым. Екі вокзалды да шарлап шықтым сол күні. Үйге кеп Шолпанмен ренжістім. Тіпті потрульдік тәртіп сақшыларына да кіріп, жағдайды түсіндіріп айттым. Мені іздеп жүрген апа табылса, хабарласуларын өтініп адресімді қалдырдым. Ауылда болғанда қызды-қыздымен біреуге уәде берген болып тұрмын ғой, әйтпесе, сонау жақтан адам маған сеніп келе ме? Енді елге қай бетіммен барам? – депті Уайыс ағам. «Кең болсаң, кем болмайсың», – деп қолында барды шашып жүретін ақеділ ағамның алдында бұрынғы қысылғаным қысылған ба, мұны естігенде өзім қиналдым енді. Сапихан «екенімді» айтып мойындайын десем, қорқам тағы. Сөйтіп, біраз күн өткен… Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманында» Уайыс ағам – Ұзақ батырды, мен Жаңабайды ойнайтын едік. Қойылымның алдындағы ағам алдымнан шығып: – Қал қалай-ей? – деді. Байқаймын көңіл күйі жақсы. – Жақсы аға, – деп жауап беріп, жанымнан өтіп бара жатқан Уайыс ағама, не түлен түрткенін білмеймін, Сапиханның дауысына салып: – Әй, айналайын Уайыс, етіңді алып кетпейсің бе? – дегенім сол… Уайыс ағам артына бүкіл денесімен бұрыла қарады. Демде өңі бұзылып: – Өй, енеңді! – деп бір боқтап алды да, тез басып жүріп кетті. Ашуланғанын да, ренжігенін де бірден сездім. – Ағатай, кешіріңізші! Тоқтаңызшы! – деп артынан еріп келе жатқанымды Әнуар ағам да көріп, не болғанын түсіне қойды да, бізге ілесті. Уайыс ағам қайырылмаған күйі бөлмесіне кіріп, есігін ішінен іліп алды. Жалынғаныма құлақ аспады. Өкпе-реніші орынды. Ішім алай-дүлей болып аңыртылып тұрғанымда Әнуар ағам енді коньякқа жұмсасын.

– Звондатқызатын – өзіңіз, ауызбастырық сұрап, енді коньякқа жұмсап, – деп бұрқылдаған күйі айтқанын тағы орындадым. Жақсы көріп сыйлағаннан да ағалардың айтқанын екі етпеуші едім. Жалпы, сол уақыттарда үлкен мен кішінің арасындағы сыйластықтың жасандылығы жоқ еді, үлкеннің айтқаны табиғи түрде орындалып жататын. Ешқандай есеп болмаушы еді арада…

Артынан Уайыс ағам осыны рақаттанып өзіме талай айтып беріп еді. «Өй, енеңді!» – деп кейде ашуға ерік беріп, кейде еркелетіп өзімсінетін кеңпейіл ағалардың орны бөлек еді. Сол ағаларымның бәрі бақилық болды.

Бекжан ТҰРЫС

 

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АҚҚУ БОЛЫП ӨРІЛГЕН – КҮЙ ТӨРЕСІ

          Аудандық мәдениет үйінде атақты күйші, композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылды…