Басты бет Әр қилы ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР САПҚА ТҰРДЫ

ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР САПҚА ТҰРДЫ

0
35

Аудан орталығында адамдардың қарасы көбейгенін байқадық. Ешқандай мереке емес сияқты еді деп ойладық. Сырттан келген қонақтар екендігі де байқалып тұрды. Қараша айының бірінші жексенбісінде шекарашылар сапын толықтырғандарына көп болмаған сарбаздар Отанымызға адал қызмет етуге ант беретін күні болып шықты. Шонжыдағы әскери бөлімнің алды адамдарға толған. Күз айына жоспарланған ант қабылдау шарасын бірінші болып, ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасы өткізді.

Сағат 10.00-де белгіленген рәсімге жас сарбаздардың ата-аналары мен туғандары, достары жолдың қашықтығына қарамастан келіпті. Ұлдарының жігіт болғандықтарын көргілері келген шығар. Не десек те жақсылыққа ортақтасу үшін жиналғандары анық. Еліміздің түкпір-түкпірінен балалары үшін келген ата-аналардың қуаныштарында шек жоқ.

Шара шекара басқармасының бастығы полковник Н.Сахиевтің департамент басшысы полковник Ә.Каюповқа «Күз-2025» шақырылымы сарбаздарының ант қабылдау үшін сапқа тұрғызылғанын баяндауынан басталды. Сонан соң ҚР ҰҚК ШҚ Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы полковник Әлібек Каюпов әскери ант беру салтанатына жиналған қауымды құттықтап, сарбаздарға ізгі тілегін арнады. Сонан соң «Сарбаз 2.0» бағдарламасына сарбаз әскери борышын атқару барысында өзін жақсы жағынан көрсетіп, дайындық дәрежелері бойынша жоғары нәтижелер көрсетіп, конкурсқа қатысқандары жайлы айтты. Конкурс нәтижесі бойынша көбірек балл жинаған сарбаздар мемлекеттік грантпен жоғары оқу орнына түсіп, ары қарай тегін білім алатындықтарын тіліне тиек етті. Биылғы жылы «Күз – 2025» шақырылымының 127 сарбазы конкурсқа қатысып, аталмыш грантқа 24 әскери қызметші ие болғанын айтып, оларға сертификаттарын табыс етті.

Сонан соң құттықтау сөзге аудан әкімі Бота Елеусізова шықты. Ол ең алдымен Отан алдындағы борышын өтеуге келген сарбаздарға мықты денсаулық, төзімділік, шымырлық тіледі. Отанның патриоты болу үлкен міндет екендігін жеткізді. Жиналған ата-аналарға оғландарының ант қабылдаған күніне құтты болсын айтты. «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалы кеңесінің мүшесі, запастағы полковник Серік Қамышев та жиналған қауымды осындай тамаша күндерімен құттықтады. Жас сарбаздарға темірдей тәртіп пен Отанына деген махаббатты тіледі. Балаларының азамат болғандығын, ант берген сәтін көруге келген Баймухамбет Абзалдың ата-анасы Баймадиев Қанат пен Баймадиева Бұлбұлхан екеуі ата-аналар атынан сөзге шықты. Балаларының шекара қызметіне түскендеріне ризашылықтарын жеткізіп, адал қызмет ететіндігіне сенім білдірді. Қатардағы жауынгер Еркебұлан Арманұлы да бүгінгідей қуанышты, толқулы сәтте өзінің ант берген күнінің жадында ұзақ қалатындығын, Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруға көпшілік алдында уәдесін берді.

Жеке құрам салтанатты шерумен өтіп, қайта орындарына келіп тұрды. Қонақтар үшін техникалық және кәсіптік даярлау бөлімінің жеке құрамы саптық әнін орындап өтті. Туған жердің шекара шебінде жүру әркімге бұйыра бермейтін бақ. Шекара – жүрегі Отаным деп соққан нағыз патриоттың мекені. Шекара қызметінің әнұранына айналған «Біз шекарада» әні орындалды. Сонан соң сарбаздардың арнайы дайындаған көрінісі ұсынылды. «Қостөбе» шекара бөлімшесінің қызметтік иттерді дайындау маманы сержант Қамырхан Төледі «Тайджи» итімен тамаша көрініс ұсынды.

Ұлдарының аз уақыттың ішінде есейіп, әскери киім киіп, Отан  алдындағы борыштары үшін берген анттарын ата-аналары да, жиналған көпшілік те риза көңілмен қабыл алды.  Сарбаздардың қызмет атқару тәртібі, олардың жатын орындары, тамақтанатын жерлері туралы мағлұматқа толық қаныққан ата-аналары риза көңілмен ақ тілектерін жаудырды. Ант қабылдау салтанатты шарасы өте жақсы дайындықпен, жоғары деңгейде өтті.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ПОБЕДА ИННОВАЦИЙ И ТВОРЧЕСТВА

Команда «SmartReMakers» из Шонжынской школы-лицея №1 с блеском представила Алматинскую обл…