Басты бет Әр қилы ӨНЕГЕЛІ ӨМІР КЕШКЕН ЖАН

ӨНЕГЕЛІ ӨМІР КЕШКЕН ЖАН

0
137

Айнала-төңірегімде тұлғасы талғамыма татырлық, айрықша құрметіме әбден лайық, пейілі кең ағаларым көп емес, жоқ та емес. Күнделікті күйбең тіршілікпен ондай ағалармен кездесе берудің сәті де түспей жатады. Дей тұрғанмен аудандық деңгейдегі бас қосуларда осындай жаны жайсаң ағаларыммен жүздесе қалғанда мерейім аспандап кететіні бар. Көзкөргендермен, аға буын ақсақалдармен қауқылдасқанның өзі бір бақыт. Қалжыңымды, тіпті кейде еркелігімді көтеріп жататын ағаларымның болғанына мың шүкір. Осындай жандардың бірі – Ербол Нұрсейітов.

         Тәуелсіздік алмай тұрған тоқсаныншы жылдардан бері қарай ол кісіні білемін десем болады. Біртоға, артық сөзі жоқ, қарапайым жан. Партия комитетінде нұсқаушы боп жүрген кезінен танимын. Ол кездерде жап-жас маман ретіндегі бейнесі көз алдымда қалыпты. Ал бүгінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Артта қалған бейнетті шақтарды қайыспай өткеріп, зейнетке шығып, бүгінде ардақты ақсақал атанған ағамыз ауданның барлық шараларының басы-қасында жүреді. Зейнеткерді мазаламаңдар, қоғамдық жұмыстардан босатыңдар, – деуіне де болар еді. Бірақ өзінің ширақтығының арқасында, еліне әлі де берері болғандықтан шапқылап жүргенінің куәсіміз. Ардагерлер кеңесі дегеніңіз үлкен күш. Олардың бүгінгі жастарға, өскелең ұрпаққа айтарлары көп. Өз өмір жолдарымен-ақ үлгі, өнеге бола алады. Кейде жастар үлкендердің әңгімесін ертегі тыңдағандай еренсіздеу қабылдайтыны бар. Ал шын мәнінде біздің аға буын екі түрлі формацияның, екі түрлі құрылымның, екі түрлі қоғамның заңдылықтарын бастарынан өткергендер. Аумалы-төкпелі кезеңнің қиындығын көргендер. Қытайдың ең үлкен қарғысы «өтпелі кезеңде өмір сүр» деген екен. Шын мәнінде үйреніп қалған өмір ағысының бірден басқаша бет бұруы ауыр нәрсе. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де осындай алмағайып заманның дәмін татқан ұрпақ.

Ерекеңнің жүріп өткен жолынан хабардар ету үшін кері шегініс жасайық. Кейіпкеріміз Ербол Нұрсеитов  1955 жылы 29 қыркүйекте Ақтам ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Ақтам орта мектебін бітіреді. Сол замандарда адамдар еңбектен, қарапайым жұмысшы мамандығынан қашпайтын. Керісінше қара жұмыс істеген жігіттерге деген құрмет ерекше болатын. Президентіміздің биылғы жылды жұмысшы мамандығы жылы деп жариялауының өзінде үлкен маңыз жатыр деп ойлаймыз. Мектеп бітірген соң бірден еңбекке араласады.1972 жылдың қазан айынан 1973 жылдың қазан айы аралығында Шонжыдағы № 202 жол пайдалану бөлімінде жол жұмыскері, тіркемелі грейдердің жүргізушісі болып жұмысқа шығады. Бұл мекемеде бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болады. Сонан соң міндетті әскери борышын өтеуге аттанады. Сол замандардың бағамымен кең байтақ елдің Чита қаласына түседі. Өмірбаяны жазылған кітапшадағы мінездемесі, қабілеттілігі, комсомол ұйымының көшбасшысы деген жазбасының арқасында әскери  қызметте де комсомол ұйымының жетекшісі болады. Әскери қызметтің қыр-сырын толық меңгеріп шығады.

Міндетті борышты атқарып келген соң өзі істеген №202 жол пайдалану бөліміне жұмысшы болып қайтадан жұмысқа орналасады.

1976 жылы Семей қаласындағы құрылыс техникумының жол бөліміне оқуға түсіп, жол шебері мамандығын алады. Мұнда да комсомол ұйымының көшбасшысы болып, оқу ордасының қоғамдық жұмыстарына белсене атсалысады.

1979 жылы сәуір айынан бастап 1987 жылдың тамыз айы аралығында №202 жол пайдалану бөлімінде шебер, аға шебер, аға инженер лауазымдарын атқарады. Өндірістен қол үзбей жүріп 1980-1986 жылдары Өскемен құрылыс жол институтының Алматыдағы жалпытехникалық факультетін бітіріп, инженер-құрылысшы мамандығын алады. Өзінің іскерлігі мен білімінің арқасында аудандық бақылау комитеті төрағасының орынбасары, ал 1990  жылдың ақпан айы мен 1991 жылдың тамыз  айы аралығында аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы болып істейді.

1991 жылдың желтоқсан айы мен 2000 жылдың желтоқсан айы аралығында жол бөлімінде инженер, 2001 жылдың 03 қаңтарынан ауданымызда қайта құрылған №17 жол пайдалану бөлімінде жетекші маман, инженер, ал 2006 жылдың қазан айынан 2020 жылдың маусым айы аралығында  басшы болып қызмет атқарып, зейнеткерлікке шығады.

Осы уақыт аралығында жол саласындағы істеген жұмыстары еленіп көптеген марапаттарға ие болады. Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарынан бөлек Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 және 25 жылдығына арналған төсбелгімен, Қазақстан Республикасының «Құрметті жолшы»  және ауданның құрметті азаматы деген атақтардың иегері. Қазақстан Республикасы көлік министрлігінің 05.12.2024 жылғы бұйрығымен «Еңбек ардагері» медаліне ие болған. Мұндай марапаттар жайдан-жай беріле салмайтынын білеміз. Ұзақ жылғы табанды еңбектің жемісі.

Белі бүгіліп, кәрілік қамытын киіп тұрмағандықтан «Алматы облыстық жергілікті агроөнеркәсіп кешені және мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының, сонымен бірге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы лауазымдарын атқарып келеді.

Шаңырақ шаттыққа бөлену үшін үйдегі жұбайлардың ойы, түсінігі, сыйластығы бір жерден шығулары керек. Ербол ағамыз бен Роза жеңешеміздің отбасында осындай сүйіспеншілік, татулық, бірлік, махаббат берік орныққан. Үлкен сыйластық мен махаббаттан сыпайы, тәрбиелі ұрпақ дүниеге келетіні ақиқат. Отбасындағы үш бала бүгінде алып бәйтеректің үш бұтағындай боп жапырақ жайып отыр. Немере сүйгізіп, ұрпақ сабақтастығын жалғап келеді. Үлкені Асхат Шарын ұлттық табиғи паркте бас есепші, келіні Айдана сол жерде іс-қағаз жүргізуші, кіші ұлы Әсет аудан әкімшілігінің архитектура және қалақұрылысы бөлімінің басшысы, келіні Гаухар аумақтың инспекцияда маман, қызы Әсем әке жолын жалғастырып жол мекемесінде жетекші маман, күйеу баласы Ұлан аталмыш мекемеде бас инженер.

Әкенің қанымен, ананың сүтімен берілген тәрбие текке кеткен жоқ. Ұл-қыздары бір-бір шаңырақтың шырағын маздатып отыр. Бұдан артық қандай бақытты аңсауға болады. Өзінің өнегелі өмірін ұрпағына жеткізіп, енді міне, немере қызығына бөленіп отырған Ербол Нұрсейітов 70 деген жастың желкесіне шықты. Абыроймен, беделмен жетті. Айтулы күніне құтты болсын айтамыз. Салиқалы ақсақал атанып, ғұмырлы болыңыз.

Баян МАМЫРБАЕВА

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ПОБЕДА ИННОВАЦИЙ И ТВОРЧЕСТВА

Команда «SmartReMakers» из Шонжынской школы-лицея №1 с блеском представила Алматинскую обл…