Мұсылман қауымның қасиетті де ұлық мерекесі Құрбан айт күні құрбандық тарқатып, жетімдердің, жалғыз басты қарттардың, көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың ризашылығын алып, алғысына көмілген қолы жомарт, жүрегінде иманы бар азаматтар қаншама? Олар бүгінгі қоғамдағы мұқтаж мәселелердің түйінін тарқатқандай. Ораза айт бітіп етек жеңімізді жиғанша Құрбан айт та келген еді. Уақыт шіркінді тоқтатуға пенденің қайдан шамасы болсын. Асыға күтіп, дайындық жасап жүргенде Құрбан айтымыздың үш күні де өтті зымырап. Қолдан келгенше Аллаға бір табан жақындау үшін ниетімізді білдіріп, иманымызды үйіріп, үш күнде құлшылық еттік.
Түркі тектес халық екенімізді еске түсірсек қазақ, өзбек, ұйғыр, түрік сияқты тағы да басқа ұлттар ойымызға бірден келері сөзсіз. Біздің тек ол жағынан ғана емес, мұсылман бауырлары екендігіміз де ақиқат. Игілік пен ізгіліктің, құлшылық пен рақымшылықтың бастаушысы бір Алла Тағаланың салған ізімен, көрсеткен жолымен жүретіндігімізді де ешкім жоққа шығара алмайды. Қасиетті Құрбан айт күнінің үшінші жұлдызында сонау Түркия мемлекетінен ат терлетіп келген қонақтар, облысымызды аралап, ауданымызға да бас сұққан еді. Түркияның Стамбул қаласы, Фатих ауданының «Білім және мәдениет қорынан» арнайы келген азаматтар Құрбан айт мерекесінің құрметіне 55 қой сойып, аудандық орталық мешітте әлеуметтік жағдайы төмен, жетім балалар мен көп балалы отбасыларға құрбандық тарқатты. Аталмыш қордың басшысы Ваһаб Яман Түркиядағы қандастардың сәлемін жеткізіп, екі ел үшін мұсылмандығымыз бен түркі тектес бауыр болғандығымыз маңызды деп атап көрсетті. Олардың мұндағы мақсаты – екі ел арасындағы қарым-қатынасты арттыру, мұсылман бауыр екенімізді ұмытпау. Биыл бірінші рет ауданымызға атбасын бұрған Түркия азаматтары ендігі уақыттарда мұны дәстүрге айналдырамыз дейді. Игі әңгімелерін айтып, ізгіліктерімен бөліскен қонақтар жиналғандарға естелік сыйлықтарын да табыс етіп жатты. Ал Алматы облысы зекет қорының өкілі, «Ахмет Яссауи» мешітінің бас имамы Нұрғали Сайтмұратов Түркия азаматтарының бұл үрдісі Алматы облысында бірнеше уақыттан бері жалғасын тауып келе жатқандығын айтып, бауыр ретінде әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету қай-қайсысымыздың болмасын міндетіміз екендігін жеткізді. Мұнда әр адамға жетерлік дүние беру емес, ниет білдіру басты қағида екендігін де ескертті. Осы жылы Құрбан айт мерекесінде аталмыш қордың өкілдері облыс бойынша 355 қой сойып, халыққа тарқатқан. Бұдан адам баласының бай болғанын емес, иман байлығының жоғары екендігін бірден байқауға болады. Құрбандықтың етін алып, ризашылық танытқан аудан тұрғындары да қонақтарға алғысын жаудырып жатты. Олармен естелік суретке түсіп, Түркиядағы қандастарға сәлемдерін де айтты.
Думан
САРТБАЕВ