Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің алаңында дүбірлі той өтті. 5 қыркүйек ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орайластырылған Қазақстан халқы тілдерінің мерекесінің қорытындысы біздің ауданда ұйымдастырылды. Облыстық деңгейдегі фестивальге аттары мен атақтары дардай азаматтар арнайы қонақ ретінде келді.
Спорт алаңына кіре берістен бастап тілге байланысты көркем сөздер жазылған көрнекіліктер ілініп, алаңның кіреберісіне фотозона орналастырылыпты. Ортаға сахна қойылып, Led экран ілініпті. Онда «Тіл – татулық тірегі» атты тақырыпта бейнеролик көрсетіліп тұрды. Сахнаға қарама-қарсы он шатыр тігіліп, онда аудандар мен Алатау қаласының көрмелері қойылыпты. Тіл жанашырлары, қазақтың мақтаныштары болған ұлы қайраткерлеріміздің өмірлері мен шығармашылығына арналған көрмелер көз тартарлықтай безендірілген. Біздің ауданның «Қарадала» театры үш арыстың бейнесін сомдап шықты. Өзге ауданнан келген өнерпаздар жанды дауыста ән айтып, Нұрғисаның күйін тартып, тіл туралы жырларын төкпелеп, мерекенің көрігін қыздыра түсті. Талғарлықтар «Тіл және рух» атты қойылым ұсынды көрерменге.
Сонан соң сахнаға шараның тізгінін ұстаған қыз бен жігіт шықты. 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні мерекесімен және облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының құрылғанына 20 жыл толуымен жиналған қауымды шын жүректен құттықтап, айтулы мерекенің ұлт ұстазы, қазақ әдебиеттануының негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келуі ұлт ұстазына деген құрметтің белгісі екендігін айтып өтті.
Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі», «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» – деп, тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бір ауыз сөзге сыйдырған. Әр ұлт үшін тілден артық байлық, тілден артық қазына жоқ.
Қасиетті қазақ жеріндегі ұлтаралық татулық пен рухани келісімнің ұйытқысы болып отырған мемлекеттік тіліміздің мәртебесі биіктеп, мерейі өсе берсін! – деген жалынды сөздерден соң шараға құрметті қонақтардың арнайы шақырылғандығын жеткізді. Бүгінгі іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Болат Бақбергенұлы, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Қайыржан Алдашұлы, Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Сұлтанұлы, Алаштың арқалы ақыны Бақыт Беделхан, ақын Ахмет Кендірбекұлы, Мәдениет саласының қайраткері Тәңірберген Қасымақынұлы, филология ғылымдарының докторы Сағатбек Медеубекұлы, сонымен қатар қоғам қайраткерлері, облыстың мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары, ақсақалдар алқасы, аналар кеңесі, этно-мәдени бірлестіктердің мүшелері шақырылыпты. Ұлттық киімдегі қыз-жігіттер, аталар мен апалар шараға сән берді.
Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Бота Елеусізоваға берілді. Амандық-саулық сұрасып, ат арылтып келген қонақтарға қош келдіңіздер деген аппақ пейілін айтып, тіл фестивалінің жабылу салтанатының біздің ауданда өтіп жатқандығына зор ықыласын

жеткізді. Сондай-ақ бұл мерекемен қатар Ұлт ұстазы, Алаштың ардақты перзенті Ахмет Байтұрсынұлының туған күні тұспа-тұс келіп отырғандығына басымдық берді. Саяси тұрақтылықтың да негізгі кілті – тілде жатқандығын, өйткені тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, ең құнды байлығы – қатынас құралы екендігі сөзсіз. Бұл шараның міндеті де маңызды, мақсаты да айқын. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның қолданыс аясын кеңейту. Тілдік кемсітушіліктерге жол бермеу, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде халқымызды ұйыстыру жолындағы маңызды рөлін дәріптеу, мемлекеттік тілде сөйлеуді өзге этностармен бірлесе отыра сәнге айналдыру. Осындай бағытты бетке алған тіл фестивалі халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайта түседі деген сенімдемін. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақ тілі – қазақтың жаны! Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», – деген сөзін мысалға алып, Қазақстан өзінің тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік тілдің жүйелі түрде дамуына ерекше көңіл бөліп келеді, – деп әңгімесін сабақтай түсті. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту бағытындағы нәтижелі жұмыстардың арқасында халықтың тарихи жады қайта тіріліп, өшкені жанғандай болды. Бүгінде қоғамымызда «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген берік сенім, ертеңгі күнге деген жарқын үміт түбегейлі орнықты. Елімізде қазақ тіліне деген құрметтің көрсеткіші артқан сайын тұрақтылық пен бірлік те арта береді. Бұл орайда біздің ауданымызда мекен етіп жатқан еңбекқор халықтың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі өте жоғары және тұрғындардың барлық бөлігін қамтиды деп сеніммен айтуға болады. Мемлекеттік тілге құрмет көрсетілгендіктен бұл өлкедегі этностардың арасындағы ауызбірлік те мызғымастай берік қалыптасқан. Көпэтносты еліміздің киелі шаңырағына шаншылған уықтай бірлікте мекен етіп келе жатқан барлық этностардың басын біріктіріп, бір арнаға ұйыстыратын ең маңызды рухани құрал ретінде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қоғамдағы рөлі арта берсін! Тәуелсіздігіміздің тірегі болған мемлекеттік тілдің мәртебесі аласармасын! Елдігіміз еңселі, Егемендігіміз ғұмырлы болғай! – деген ойын ортаға салып, сөзін қорытындылады.
Ақжарма тілектен соң сахна төріне Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Қайыржан Алдашұлы Рахымжан шықты. Тіл мерекесімен жиналған қауымды құттықтап, аталмыш министрліктің марапаттарын лайықты деп танылған ахаматтарға ұсынды. Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Сұлтанұлы Байғожаев облыстан арқалап келген құттықтауын жеткізіп, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Құрмет Грамотасы мен Алғыс хатын бірталай тіл жанашырларына табыс етті.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Болат Бақбергенұлы Керімбек те Жетісумен бірге бір облыс болып тұрғанда тіл басқармасында өзінің басшылық қызметте болғандығы, сол жылдары бірге еңбек еткен жандар туралы жылы лебізін білдірді. Тіл саясатының бүгінде бағасы артып, мемлекет басшысының берген арнайы тапсырмасы аясында көптеген жұмыстар жүйеленгендігін тіліне тиек етті. Халықаралық Алаш сыйлығының иегері, көрнекті ақын, жерлесіміз Бақыт Беделхан сахнаға көтеріліп, ұлтымыздың тұп-тұнық тарихын әдемі сөздерімен әдіптеп, тіл мерекесіне жиналған жұртқа ақ пейілін ақтарып, соңғы жазған өлеңдерінен «Ананың жанары» деген жырын оқып берді. Бұл өлеңді аудан басшысы Бота Серікқызы мен өзінің анасына арналатындығын да ескертті. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, мемлекеттік тілдің жанашыры Дарья Шулима да көпшілікті тіл мерекесімен құттықтады. Қазақ тілінде тілегін жеткізген қызға көпшілік қошемет танытты.
Тіл басқармасы Алматы облысында 2005 жылы алғашқылардың қатарында құрылып, бүгінгі күнге дейін дербестігін сақтап қалған бірегей басқармалардың бірі. Бұл әрине облыс басшылығының тілге деген көзқарасы, әрі құрметі. Биыл басқарманың құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде Алматы облысының Тіл басқармасына нағыз тілге жанашыр азаматтар басшылық етті. Атап айтқанда, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, акын Әміре Әрін, мәдениет қайраткері Рахмет Разбекұлы, қоғам қайраткерлері Айдар Карбозұлы, Болат Керімбекұлы, Дәулет Шайтұрсынұлы, Данияр Дүйсенбіұлы сынды тұлғалар екендігі де биік мінбеден айтылды. Осы орайда облыстық тіл басқармасының 20 жылдығы құрметіне бүгінгі мерекелік кеште Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Алматы облыстық филиалының «Тіл жанашыры» төсбелгісін тапсыру үшін «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалының төрағасы Күлзира Сейтбекқызы ортаға шықты. Біздің ауданнан бұл төсбелгіге Тоқан аға Әлбеков лайықты деп табылды. Бақыт Беделхан, Сағатбек Медеубекұлы, Тәңірберген Қасымберкебаевтар да бұл құрметке ие болды. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, дәріптеп жүрген біраз ұстаздар да әртүрлі ақшалай сыйлықтарға ие болысты. Марапат жауған күн болды десек артық айтпаған болармыз. Шапан да жабылды, алғыс да айтылды, ақшалай сыйлықтар да ұсынылды. Облыстық тіл фестивалінің қорытынды шарасы болғандықтан, жеңімпаздардың аттары да аталды.
Ынталандыру сыйлығына 300 мың теңге берілді. Ол Балқаш, Райымбек және Іле аудандарына бұйырды. Жүлделі үшінші орынды Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандары мен Алатау қаласы иеленді. Олар 500 мың теңгені қанжығаларына байлады. Екінші орын үшін 700 мың теңгелік сертификатты Кеген мен Жамбыл аудандары алды. Бірінші орынды талғарлықтар жеңіп алып, 1 миллион теңгеге ие болды. Біздің аудан бас жүлде және 1 500 000 миллион теңге алып, айды аспаннан шығарды. Мәдениет саласында жүрген қыз-жігіттердің еңбегі жоғары бағаланып, аудан халқы мәре-сәре күйге бөленді. Құтты болсын айтамыз.
Облыстық деңгейдегі тіл фестивалінің ресми бөлімінен соң Қанат, Айткүл Құдайбергеновтер, «Қоңыр» тобының мүшелері, «МузартЛайф» тобы, бүгінде хитқа айналған Кеңес Әлімжан «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?» әндері мен «Сүйінбай сазы» ансамблінің мүшелері концерттік бағдарламаларын ұсынды. Тіл мерекесі дүбірлеп, көпшіліктің жадында ұзақ сақталатындай деңгейде өтті. Әр ауданнан келген қонақтар алғыстарын білдіріп, тағы бір осындай тойда кездесейік деген ниеттерін білдіріп жатты.
Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ
