Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында орынды атап өткендей, бүгінгі таңда халықтың қаржылық сауаттылығы бірінші кезектегі мәселеге айналды. Қазақстан азаматтары жеке бюджетін дұрыс басқаруды, сенімді қаржы құралдарын тәуекелі жоғары схемалардан ажырата білуді, жинақтарын және болашағын қорғауды меңгеруі тиіс. Бұл – тек жеке отбасының әл-ауқаты емес, тұтас экономиканың тұрақтылығы үшін маңызды шарт.
Президент атап өткендей, қаржыға сауатты қарамаған отбасылар қарызға белшесінен батып, несиеге тәуелді болып, алаяқтардың арбауына түседі. Сондықтан мемлекет пен қоғамның басты міндеті – адамдарды қаржылық мәдениетке бала жастан, мектептен бастап үйрету.
Қазіргі өзгермелі заманда қаржылық сауаттылық оқу-жазумен немесе цифрлық технологияларды меңгерумен қатар тұрған маңызды дағдыға айналды. Азаматтар жинақ, инвестиция деген не екенін, банк жүйесінің қалай жұмыс істейтінін, жеңіл пайдаға сенудің қаншалықты қауіпті екенін түсінуі қажет.
Бұл орайда елдегі ең ірі саяси күш – «AMANAT» партиясына айрықша міндет жүктеледі. Партия халықты ағартуға, практикалық жобаларға тартуға белсене кірісуі тиіс. Мәселен, Алматы облысында соңғы жылдары жүзеге асқан «Қарызсыз қоғам» жобасына 17,3 мың адам қатысты. Партияның аймақтық филиалдары, жастар мен әйелдер қанаты, барлық деңгейдегі депутаттары тұрғындарға күнделікті өмірге қажетті қарапайым, бірақ аса маңызды білімді жеткізіп жүр.
Әсіресе ауылдық жерлерде ақпараттың тапшылығы тұрғындарды түрлі несие қақпандарына түсіріп жатады. Мұндай жағдайда жүйелі жұмыс қажет: тренингтер ұйымдастыру, кеңес беру орталықтарын ашу, әдістемелік құралдарды қолжетімді ету. Осындай бастамаларды партия белсенділері мен депутаттары қолға алғаны абзал.
Президент Жолдауы нақты бағыт-бағдар берді: қаржылық сауаттылықты арттыру науқандық іс-шара емес, адами капиталды дамытуға арналған стратегиялық курс болуы тиіс. Осы тұрғыда «AMANAT» партиясы тек реформалардың жүргізушісі ғана емес, халықтың сенімді серігіне айналуы қажет. Ол отбасы бюджетін дұрыс жүргізуден бастап, қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға дейінгі мәселелерде нақты көмекші болуы тиіс.
Қаржылық сауатты азамат – мемлекеттің тірегі. Халық ақшасын ұқыпты әрі орнымен жұмсауды меңгерген сайын, әлеуметтік тәуекелдер азаяды, реформаларға деген сенім күшейеді. Сондықтан Президенттің сөзі – тек үндеу емес, мемлекет, партия және қоғам алдындағы ортақ жауапкершілікке шақыру.
Мамытхан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
зейнеткер ұстаз
