Шәмші Қалдаяқов – 95 жыл
Қазақ халқы аса дарынды адамдарымен мақтана алады. Олар аса көп болмаса да, әлемдік деңгейде ұлтымыздың атын асқақтатып, даламыздың дархандығын танытып, таланттарын таудай етіп жүрген өнер адамдары. Ұлттың ұлттығы, елдің елдігі өнері мен спорты арқылы паш етіледі. Кино әлемінде Шәкен ағамыз дүниежүзін аузына қаратса, ғылымда – Қаныш ағамыз, ақындықта – Мұқағалиымыз, ән әлемінде – Күләш пен Бибігүліміз, дәл қазір Димашымыз, күй өнерінде – Нұрғисамыз, сазгерлікте Шәмші ағамызбен ешкім бәсекеге түсе алмасы ақиқат. Шәмшінің әні заманға да, уақытқа қарамастан өз биігінен еш төмендеген емес. Оны еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін таниды, біледі. Бұл аса таланттың белгісі болар.
Композитор, Қазақстан мәдениетінің еңбек сінірген қайраткері, заманауи қазақ эстрадасының негізін қалаушылардың бірі, мемлекеттік сыйлық пен көптеген марапаттардың иегері Шәмші Қалдаяқовтың туғанына бүгін 95 жыл толды. Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Әкесі Қалдаяқтың шын аты Әнәпия болған, ал анасының аты – Сақыпжамал. Әкесі дүниеге ұл келсе, оған Жәмшид патшаның атын қоямын деген екен. Бір күндері түсінде ұлының айдын көлден аққу құс болып жүзіп жүргенін көріп, жақсыға жорыпты. Шәмшінің әкесі Қалдаяқ ауыл шаруашылығына қажет құрал-саймандарды жасайтын шебер, жаңқаға жан бітірер ұста болған, қобыз бен домбырада еркін ойнаған, қиссаларды жатқа айтқан. Композитордың әкесі мен анасы ән өнерінен құралақан болмаған, олар да туған жерінде той-думанның көркі болған деседі.
«Ежелгі заманда Жәмшид деген патша болған деседі. Патшаның ерекше айнасы болған екен. Сол арқылы бүкіл әлемді көре алған. Кейін келе қазақтар осы есімді өз ұлдарына берген. Шәмші Қалдаяқовтың шын есімі де Жәмшид болған. Фамилиясы да Қалдаяқов емес, басқа екен. Қазақта келіндер жолдасының бауырларын атымен атамаған. Ол кісінің аяғында қал болса керек. Содан Қалдыаяқов болып кеткен», – дейді есімтанушы, мәдениеттанушы Бердалы Оспан. Шәмшінің анасы Естайдың «Құсни Қорлан» әнін ерекше ұнатып орындаған.
Шәмші Қалдаяқов мектепті бітірген соң Сарыағаштағы мал дәрігерлік техникумында білім алды. Оқуын бітірген соң 20 жастағы Шәмші Ақтөбеде сегіз ай еңбек етеді. 1951-1954 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын атқарады. «Әскери қызметте жүргенде 50 градус аязда ащы суды ішуді үйреніп кеттім. 1973 жылы ақпанда арақты қойдым» дейді Шәмшінің өзі. Оған біреулер сенеді, біреу сенбейді, бірақ шындық – сол. Одан кейін татып алған емес», – дейді Шәмшінің досы Еркінбай Әлімқұлов.
Шәмші Мәскеудегі Чайковский атындағы училищеге оқуға түседі. 1954 жылы оны бітірместен, елге қайтып келеді. Анасы науқастанып жатып, баласын орыс болып кетеді деп қорқып, шақыртып алған. Ауылға оралған соң үйірмелерге қатысып, клуб меңгерушісі болып қызметке араласа бастады. 1955 жылы Ташкенттегі Хамза Ниязи атындағы музыкалық училищеге музыка теориясы факультетіне қабылданады. Ол жерде іссапармен Ташкентке барған әнші Жамал Омаровамен танысады. Сөйтіп Шәмшіні Алматыға шақырады.Ташкенттегі оқуын бітірмей, Шәмші Алматыға көшіп келеді. «Бойдақ кезімде мен Жамал апаның үйінде тұрдым. Ол кезде тұрмыс та нашар болатын. Тамақ, шай, су мәселесі студенттерге ауыр кез болатын. Жамал апаның үлкен баласы есебінде тұрдым», — дейді Шәмші Қалдаяқов бір естелігінде.
1956 жылы Қалдаяқов Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түседі. Ол жерде алты жыл бойы бірінші курс студенті болып жүреді. Ерекше жаратылған тұлға екендігін осыдан байқасақ та болады. Нағыз талант белгілі бір қалыпқа түсіп немесе біреудің нұсқауымен жүре алмайтыны айдан анық. Шәмшінің бойындағы тума талант та оны бір жүйенің тәртібіне, қатып қалған ережеге қалыптастыра алмады. Оның жүрегі ән салып жүрді. Сондықтан да болар үлкен сахналар емес, қазір кез келген отырыс Шәмшінің әнінсіз өтпейтіндігі. Оның әнінен қазақтың даласының иісі шығып тұрады, оның әуенінен ұлтымыздың махаббаты мен сағынышы төгіліп тұрады. Оның әндерінің өміршең болуы – шынайылық пен тазалығында. Шәмші Қалдаяқов артына 300-ге жуық ән жазып қалдырды. Сырға толы, мұңға толы нәзік, ырғақты әндері қазақ даласын алақанына салып аялап, әлі де тербетіп келеді.
«Арыс жағасында» әніне бір жылдары радиодан беруге тыйым салынған. Бұрынғы әндеріне иірімдері ұқсайды деген желеумен көркемдік кеңестен өтпей қалады. Дегенмен сол кезде «Қазақ радиосының» музыкалық редакциясында жұмыс істейтін Нұрғали Нүсіпжановқа, Ескендір Хасанғалиевқа бұл ән ұнап қалады. Тәуекелге бел айлап, екеуі әнді жазуға кіріседі. «Дыбыс режиссері шақырып алып, мына әнді өзіміз үшін жазып қояйық деген ой болды. Әнді жазып жатқанда, дауысын естіп қалып, есікті ашып, бірлі-жарым кісілер әннің тамаша екенін айтумен болды. Біз үндемей отырдық, себебі тәртіп қатаң болатын. Көркемдік кеңестен өтпеген ән эфирге жақындамауы керек», – дейді Нұрғали Нүсіпжанов. Саналы ғұмырында Шәмші Қалдаяқов Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дарынды ақындарымен жұмыс істеді.
Сазгер әндері 60-70-жылдардағы жастардың аузында жүрді. Халық арасында әсіресе отаншылдық, елшілдік туралы «Менің Қазақстаным» туындысы айрықша болды. 1986 жылы желтоқсан көтерілісіне қатысушылар Алматы алаңы мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұран етіп шырқап шықты. 2005 жылы «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.
«Ол тұс – Ақмоланы «Целиноград» атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын әнұран қажеттігін сезіндім. «Менің Қазақстаным» солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді», – дейді Шәмші Қалдаяқов естелігінде. Не деген патриоттық сезімі биік тұлға дерсің. Намысы жыртылып, сол замандарда осындай туынды жазу кез келгеннің қолынан келетініне сене алмаймыз. Ерік-жігері мықты, ішкі рухы биік адам ғана осындай ерлікке бара алғаны тағы рас. Өзіміз мектеп қабырғасында жүргенде ең оңай жатталатын, ең жеңіл айтылатын ән ретінде кез келген шарада шырқайтынбыз. Дауысымыз жеткен жерге дейін аттандайтынбыз. Осы ән рухымызды асқақтата түсетін. Бала көңіліміздің өзі оның ерекше ән екендігін сезетін.
Шәмші Қалдаяқовтың халық арасына кең тараған барлық әндерінің өзіндік тағдыры мен тарихы бар. Алматы қаласындағы М.Горький саябағында композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов серуендеп жүреді. Алатаудың салқын ауасын көкірек кере жұтып, жұпар иісіне елтиді. Өнер төңірегінде өзара сұхбат құрады. Сонда Шәмші қайыққа мініп алып, ары-бері су бетінде жүзіп жүрген көркем қыздардың сұлулығына сүйсінеді. Қазақ қыздарының көркемдігіне тамсанады. Бұл көрініс өнер адамының қиялына қанат бітіріп, шабытын шалқытып, көкірегіне көркем саз ұялатады. Жанында отырған Нұрсұлтан ақынға жақсы бір ән туып келе жатқанын айтып, әннің мәтінін жазып беруін сұрайды. Композитордың көңіліне ерекше әсер еткен сол бір көріністен әйгілі «Қайықта» әні дүниеге келеді.
Шынында да өмір ағып жатқан өзен сияқты. Бір арнаға сыймайды, бір соқпақпен жүрмейді. Бірақ уақыттың дауылы да, жауыны да әсер ете қоймайтын алып таланттардың табиғи туындылары халықтың жүрегінде мәңгілікке қала береді. Қазақ топырағын сағыныш болып тербетіп тұрады.
Шәмшінің ұлы Мұхтар әкесі жайында естелігінде: «Ол – өте мейірімді, ақкөңіл жан болатын. Айналасындағы адамдарға үнемі қол ұшын беруге асықты. Үйге қонақ шақырғанды жақсы көретін. Бір сөзбен айтқанда, кеңпейіл жан еді. Қыста ешқайда шықпайтын, үйде отыратын. Ал көктем шыға салысымен, туған-туыс, достарын аралап кететін»,– деп еске алады.
Композитордың «Теңізде – толқында», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу», «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Қайдасың», «Ана туралы жыр», «Қуаныш вальсі», «Ақ ерке — Ақ Жайық», «Арыс жағасында» және т.б. әндері қазақ сахнасында әлі күнге дейін шырқалып келеді. Шырқала береді де. Өйткені ол әндер шығармашылықтан алыс адамдардың да жандарына жақын. Оның әуені үлкенге де, кішіге де түсінікті. Шәмші әндеріне басқа түгіл ағылшынның өнер қайраткері Роберт Файлер таңғалып: «Мен қазақтың ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. 300-ге жуық ән шығару деген – ұлы ерлік! Сізге ескерткіш орнату керек», деген екен. Қазір де 300-500 әнім бар деп кеуде ұратын композиторлар мен әншілерді естіп жүрміз. Бірақ солардың бір шығармасы да халық жадында сақталып жүргенін көрген жоқпыз. Есті ән жазып, халқына үлкен бақыт сыйлаған Шәмшідей композитор енді дүниеге келер, бәлкім, келмес. Ғасырда бір туатын талантымызды көзі тірісінде бағалай алдық па, жоқ па, ол да сұрақ. Ең бастысы оның аты қазақ өнерінің тарихында мәңгі қалғандығы.
Шәмші Қалдаяқов өмірінің соңында Жамбыл облысындағы дүнгендер шоғырланған ауылында тұрды. «Дүнген қызы» әні сол жерде дүниеге келді. 1991 жылдың 16 қарашасында дерті асқынып, ауруханаға түсті. Сол жылдың 29 желтоқсанында композиторға «Қазақстанның Халық әртісі» атағы берілді. Өте кеш берілген атақ болды. Бірақ халқының махаббаты, халқының алғысы оны асқақтатпаса төмендеткен емес. Халқын сүйген, халқы сүйген сазгер 1992 жылдың 29 ақпанында көз жұмды.
Өзі өлсе де артына өлмес мұра қалдырған, қазақ музыкасының тасын өрге домалатқан Шәмші Қалдаяқовтың есімі қазағы барда ұмытылмайды. Шәмшінің әнін айтайық деп жас та, жасамыс та өзінің құрдасындай қып алған асыл ағаның әні қазақ даласын тағы талай ғасыр керемет күйге бөлейтініне сеніміміз кәміл.
Баян МАМЫРБАЕВА
