Басты бет Тағзым ШЫМЫЛДЫҚ АРТЫНДАҒЫ ШЫНДЫҚ

ШЫМЫЛДЫҚ АРТЫНДАҒЫ ШЫНДЫҚ

0
431

Аудандық мәдениет үйінде ерекше кеш. Ерекше дейтін себебіміз өмірден ерте өтіп кеткен, тірі болғанда 17 маусым күні асқаралы 60 жасқа толатын талантты өнерпаз, сатирик, театр актері, режиссер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаевты еске алу кеші болды. Сахнадан оны бес жастағы баладан ақсақалды қарияға дейін танитын. Оның ойындарын, «Терісқақпай» театрындағы қойылымдарын бүкіл қазақ тамсана көрді десек өтірік айтпаған болармыз.

Сатира – кенжелеп қалған, кез келгеннің тісі бата бермейтін ауыр жанр. Елді күлдіре отырып, ой салатын, қоғамды жақсы жағына өзгерте алатын, адамдарға рухани байлық сыйлататын сатираның саңлақтағы саусақпен санарлықтай-ақ. Оспанханнан бастау алатын, Темірбек Қожакеев деген алыбы бар, Көпен Әмірбек пен Толымбек Әлімбектей нарқасқаларының ізін басқан Асқар Наймантаевтың арамыздан ерте кеткені күллі қазақтың арқасына аяздай батқаны рас. Сол тұлғамызды әспеттеу мақсатында, оның өнердегі жолын ұлықтау үшін, ұрпағымызға үлгі етуді мансұқтап жасалған шараны жоғары деңгейде өтті дей аламыз.

Қазақ сатирасын жаңа биікке көтерген, шындықты күлкімен жеткізіп, қоғамдағы кейбір олқылықтарды әзілімен халқына тарту еткен Асқар Наймантаев сахнада сері, өмірде азамат болды. Күлдіріп отырып жылата алған, қалжың арқылы қоғамға ой тастаған дара талант еді. Асқар театр сахнасында өмірге келіп, театр сахнасынан арғы өмірге аттанған актер. Ол саналы ғұмырын, бар жиған-терген тәжірибесін театрға арнаған жан.

«Қарадала» театрының әртістері Асқардың атымен сыр ақтарды, Асқар болып жыр оқыды, Асқардың жан тебіренісін жеткізуге тырысты. Оның жүрегіндегі жазбаларды ақтарды. Оның арман, мақсатын, мұңы мен сырын, халқына айтқысы келген ойын жеткізді. Еркебұлан мен Ернат Асқардың бар болмысын көрерменге өз бағамдарымен жеткізді. «Дариға-дәурен» әні де кештің тақырыбына дөп түсті.

Шараның алғашқы құттықтау сөзін аудан әкімі Бота Елеусізова алды.

Бүгін Қарадала жерінде ерекше бір рухани кеш өтуде. Бұл – қазақ сахнасының шоқтығы биік өнерпазы, дара тұлға, сатирик әрі режиссер, ел ағасы Асқар Наймантаевты еске алуға арналған «Шымылдық артындағы шындық» атты тағылымды шара. Бұл кештің атауының өзі Асқар ағамыздың шығармашылық жолына терең мағынамен үндес. Өйткені, ол әрдайым шымылдық сыртындағы шындықты айтып, сахна арқылы шын мәніндегі халықтың үні бола білді. Асқар Әбдіғалымұлы – тек республикалық деңгейдегі өнер қайраткері ғана емес, біздің Қарадала жұртына шын жанашыр, туған жерін шын сүйген перзент болды. Оның бастамасымен осы өңірде – Қарадала халық театры құрылып, көптеген жас таланттарға жол ашылды. Бұл – тек мәдени жоба емес, бұл – болашаққа салынған рухани көпір. Асқар ағамыздың есімі  дәл осы қасиетті Қарадала топырағында да алтын әріппен жазылып, ауданда мәдениеттің тамырына жан бітірген, ел ішінен таланттарды түлеткен «Қарадала халық театрының» негізін қалады. Бұл – тек бір шығармашылық ұжым емес, бұл – өнерге шөлдеген ауылдың шырағы, жас буынға үміт отын сыйлаған игі бастама болды. «Қарадала» халық театры 2018 жылдан бастап өз жұмысын бастаған болатын. Алғашқы қойылымы 2020 жылы А.Құнанбаевтың  «Ескендір» поэмасын  Бикен Римова  атындағы театр саханасында өнер көрсетіп, облыс жұртшылығының  ықыласына бөленді. Сонымен қатар Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы театрда тәжірибе алмасып өздерінің тұңғыш қойылымдарын сахналады. Екі үлкен театр  сахнасында өнер көрсету театр ұжымына үлкен тәжірибелік маңызы бар оқиға болды.Театрдың  алғашқы қойылымы «Ескендір» поэмасының қойылымында ауданымыздың жас актерлері Тыныс Жәнібек  Абай рөлін, Еркебұлан Нұржақып Ескендір рөлін сомдап халықтың ықыласына бөленіп, өздерінің актерлік шеберліктерін шыңдай түсті.Театр ұжымы  Германияда онлайн режимінде өткен халықаралық байқауда «Қарадала» халық театрының «Ескендір» қойылымы халықаралық кәсіби деңгейдегі театрлармен бірге додаға түсіп  бас жүлдеге ие болғандығын мақтанышпен жеткізді. Бұл жүлде «Қарадала» театрының шығармашылық ұжымына үлкен жауапкершілік  жүктеді. «Қарадала» халық театры  өз көрермендеріне жаңа сахналық қойылымдарды ұсыну жолында шығармашылықпен жұмыс істеп, Е.Уахитовтың «Алтын көрсе, періште жолдан таяр» спектаклі, Б.Беделханның «Сарыбидай» драмалық спектаклі, А.Наймантаевтың «Досым, саған сенемін», Н.Сауданбекұлының «Аманат» спектаклін көрермен назарына ұсынып,  халық ықыласына бөленгендігін айтты. Асқар ағамыз ел ішіне, ауыл төріне театр алып келіп, өнер арқылы тәрбиелеудің, рухты оятудың бірегей үлгісін көрсетті. Оның арқасында ауыл сахнасы жанданып, әр кеш халық үшін үлкен мереке, үлкен ойға жетелейтін сәтке айналды. Қарадала халқы Асқар ағасын ешқашан ұмытпайды. Бүгінгі кеш  үлкен ризашылықтың, рухани мұраны қадірлеудің белгісі. Асқар ағаның арманы – халқына адал қызмет ету еді. Ол өз миссиясын орындады. Өз кезегінде біз де оны әрдайым сағынышпен еске аламыз, ұмытпаймыз, – деп сөзін аяқтады.

Сөйлеушілердің қатарын облыстың құрметті азаматы, қоғам қайраткері Ызғарбек Бектұрсынов толықтырды. Ұзақ жылдар билікте қызметте болған ағамыз Асқардың ата-анасын жақсы танитындығын, оның мектепті алтын медальға аяқтағандығын, балалық шағының театр сахнасында өткендігін әңгімеледі. Жалпы ауданда театр ашуға өзінің мұрындық болғандығын, ары қарай Асқардың іліп алып кеткендігін әңгімеледі. Халық театры арқылы ауылдарда өнерді жаңғыртты, театрға деген көпшіліктің қызығушылығын арттырды. Асқардың еңбегі өте зор. Халық шаруашылығы институтының қаржыгер мамандығына оқуға түсіп, орта жолда оны тастап, ішінен буырқанған өнерге деген махаббаты үлкен сахнадан шығарғандығын, жай ғана шығарып қоймай актер, режиссер, сценарист ретінде халқының мойындағандығын үлкен дарынға балады. Алладан келген бақты өнерге деген адалдығымен атқарып кеткендігін айтты. Жатқан жерінің жұмсақ болуын сұрады Жаратушыдан.

Театрдың жұмысына әркез қолдау көрсетіп жүретін аудандық «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов Асекең мәңгілік мекеніне аттаныпты деген сұм хабарды естіген тұстағы өзінің жазбасын оқып берді. Өлең жолдарын арнады. Асқардай жаны да, жүрегі де таза азаматтың атын өшірмейік деген тілегімен аяқтады ойын.

Қазақ радиосының алғашқы дикторларының бірі, театр актері Бақытжан Атагелдиев Асқарды театрдың баласы деп сөзін бастады. Нарынқолдағы халық театрының алғашқы жетекшісі атақты Асқар Тоқпановтың шәкірті Мақай Нұрқасовтың жазиралы Жаркенттен Әбдіғалым мен Рафияны алдырған сәтінен естелік айтты. Сол кезде Нарынқолдың театрында Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек» спектаклі қойылған екен. Асқар емшекте. Еңліктің рөлін алғашқы ойнағандар баланың орнына қуыршақ алып шығып жүрген болса, Рафия өз баласымен шығады. Яғни Асқар емшекте жүріп сахнаның киесін түсінген. Содан өле-өлгенше театрға қызмет атқарып кеткендігін айтты. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиевке басқарма атынан Асқар атындағы сыйақы тағайындалса, халық театрларының еңсесін көтерейік, Асқардың есімін жаңғыртайық, деген ұсыныс тастағанын да халықтың құлағына іле кетті. Асқардың жан жары Майра да сахна төріне шақырылды. Әрине дүниеден өткен өмірлік серігі туралы айту өте қиын. Қобалжығанын, ішінен жылап тұрғанын сезіндік. Шараны ұйымдастырушыларға, достарына алғысын жеткізді. Аудан әкімі Бота Серікқызы қазақи дәстүрмен Майраның иығына ақ орамал жауып, әдемі гүл шоғын ұсынды. «Хантәңірі» театрының актерлері «Глобус» атты әжуалы сахналық қойылымдарын ұсынып, көрермен көңілін көтеріп тастады. Қарасай ауданынан келген өнерпаздар Тұңғышбай ағамыздың орындауындағы «Өнер адамы» әнін шырқау шегіне жеткізе орындады.

Асқардың курстасы, өнердегі досы, әнші, композитор Қадырғали Көбентай көсілді-ау. Шынайы достықтың қандай болатындығын, Асқардың нағыз өнерпаз екендігін, оның кісілік бейнесін, азаматтық ұстанымын айтты. Ол жалғыз, мен жалғыз, қолдаушымыз жоқ болса да ел қатарлы өз атымызды өзіміз шығардық, – деп досына деген аппақ пейілін ақтарды.

Қазақ журналистикасының бүгінгі таңдағы майталманы, мәдениет саласын зерттеп, зерделеп жазып жүрген жазушы, журналист Сәкен Сыбанбай да Асқар Наймантаев туралы тың деректермен бөлісті. Оның шынайылығын, адамгершілігін жоғары бағалайтындығын айтып, Қарадала төсінде осындай еске алу кешінің өткеніне ризашылық сезімін жеткізді. Өнер ешқашан өлмейді, – деген түсінік осындай талантты, дарынды адамдардың арқасында қалыптасқан деген ойын ортаға салды. Қазақстан театр қайраткерлері одағының жауапты хатшысы Рабиға Ағманова ағынан жарылды. Өнер институтының табалдырығын аттағанда Асқар ағамыз түлеп ұшқалы тұрған. Сол кезден басталған таныстығымыз  ағамыздың көзі кеткенше жалғасты. Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыз өзі келуі керек еді, Мәскеуге іссапармен кеткендіктен, орнына мені жіберді, – деді. Аудандарыңызда театр ашуға біздің де үлесіміз бар. Құжат, қағаз жұмыстарын біз реттедік, Асқар ағамыздың беделінің арқасында Қарадала бүгінгідей биіктерге жетіп отыр, – деп сөзін қорытындылады.

Аудандық мәдениет үйінің директоры Салтанат Ермұхамбетова аудандағы халық театры деген атаққа ие болған мәдениет ошағының алғашқы қадамдарынан естелік айтып, «Қаракемер» театры Асқарды еске алу кешін өткізудің бастамашысы болғандығын тіліне тиек етті. Театр ашуға мұрындық болған Асқар Әдбіғалымұлының атын мәңгілік есте қалдыру үшін осындай кештердің дәстүрлі түрде өтетіне сенім білдіріп, келесі жылы «Хантәңірі» театры осындай шараның ұйымдастырушысы болады деген ниетпен эстафетасын табыстады. Өзінің театрға, өнерге еш қатысы жоқ болса да мәдениет саласының бір пұшпағын ұстап отырғандықтан осындай шаралар арқылы халыққа өнерді дәріптейік, Асқардай азаматтардың есімін жаңғыртып отырайық деген тілегін білдірді.

Талай жылдан бері тұралап қалған ауыл театрларына жан бітіріп, жарыққа шығаруда жарғақ құлағы жастыққа тимей, еселі еңбек сіңірген белгілі театр режиссері, сатира сардары Асқар Наймантаевтың есімі театр тарихына алтын әріппен жазылары анық. Театр – өмірлік мәселелерді шешудің жоғарғы сатысы» демекші, адамның бар жан-дүниесін бір қойылым арқылы ақтарып, тіпті кей кезде белгілі бір проблемалардың да шешімін табуға септігін тигізіп әрі  шынайы эмоциялар сыйлай отырып, әрбір тұлғаға ой салып, керек кезінде тәрбие беретін сондай бір жұмбақ дүние. Мәдениет пен руханият әлемін театрсыз елестету мүмкін емес. Театр – әр барған сайын рухани азық беретін, тұлғалық қасиеттеріңді арттыруға алсалысатын ерекше орын. Асқар Наймантаевтың осы театр өнерін дамытуда атқарған қызметі өлшеусіз. Оның аты театрмен мәңгі бірге…

Баян МАМЫРБАЕВА

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Асыл анамыз – 70 жаста!

        Ұрпаққа ұлағат, өмірге өрнек сыйлаған аяулы анамыз Бекенова Советгүл биыл 70 жасқа…