
Облыс орталығы Қонаев қаласында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған үлкен шара өтті. Салтанатты жиынға денсаулық сақтау жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан өңірдің медицина қызметкерлері қатысты. Жоғары кәсібилігі, мамандығына адалдығы және халық денсаулығын қорғауға қосқан үлесі үшін көптеген жандар әртүрлі марапаттарға ие болды. Солардың ішінде біздің ауданнан Шолпан Мәжитқызы Исламова Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медаліне ие болды. Оны біздің дәрігердің кеудесіне Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Мұратов қадады. Ұзақ жылғы табанды еңбектің жемісі деп қабылдадық. Марапатыңыз құтты болсын!
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Мұратов медицина тек мамандық емес, бұл кәсіп деп құттықтауын бастады. Бүгінгі таңда медицина қызметкерлерінің кәсібилігінің арқасында күн сайын мыңдаған адамның өмірі сақталуда. Біз барлық ақ халатты абзал жандарға адалдықтары, шыдамдылықтары және ақыл-ойдан құралған күштері үшін алғыс айтамыз, – деген ыстық ықыласы мен дәрігерлерге көрсетілген құрметі бір сәт денсаулық сақшыларын аспанға асқақтатқандай болды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым медицина өңірлік саясаттың басымдықтарының бірі екенін атап өтті және биыл 239 техника мен 15 санитарлық машина сатып алуға 3,4 млрд теңге бөлінгенін жеткізді. Қазірдің өзінде ауылдарда 17 жаңа медициналық нысан іске қосылып, тағы 21-і салынуда. Алматы облысында 3 мыңға жуық дәрігер мен мыңдаған орта буын қызметкерлері жұмыс істейтіндігін тіліне тиек етті. Олардың жұмысы мәртебелі әрі таптырмас болып қала беретіндігін, мұның барлығы дәрігерлердің заманауи жағдайда жұмыс істеуі және пациенттердің үйге жақын жерде сапалы көмек алуы үшін жасалып жатқандығын жеткізді.
Медицина қызметкерлері күнімен барша ақ халатты абзал жандарды құттықтаймыз. Шолпан Мәжитқызының отбасына амандық тілейміз. Шаршамай, шалдықпай денсаулық күзетінде болып, көптің алғысын арқалаңыз дейміз.
Баян МАМЫРБАЕВА