
Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің алаңында айтулы шара өтті. Аудан тарихында тұңғыш рет деуге болады. «APRICOT FEST» деген атпен өткен жеміс тойына өңіріміздің әр ауданынан қонақтар келді. Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастырған шарасы болғандықтан әр этностың өкілдері өздерінің ұлттық киімдерімен ұлттық тағамдары мен жеміс-жидектерден құралған дастарқан мәзірлерін әзірлепті. Балалар шығармашылығынан конкурс жарияланып, оқушылар абрикостың суреттерін өз таным деңгейлерінде қағазға түсіріп жатқан сәтіне куә болдық. Қолөнер бұйымдары көрмесі де алыстан көз тартады. Ауданның ауылдық округтері абрикостың әр түрінен себеттерін толтырып, абрикостың қақтары мен шырындарынан ауыз тигізіп жатты жұртшылыққа.
Біздің аудан көпшілікке өрік плантацияларымен танымал. Өрік адам ағзасындағы калийді көбейте отырып, бірқатар аурулардың алдын алуға септігін тигізетіндігін түсінген аудан тұрғындары бұл жемістің пайдасын жақсы біледі. Сондықтан әр аулада өрік өсіріледі. Біздің аудан облыс көлемінде өрік өсіруден – көшбасшы. Тұңғыш рет аталып өтіп жатқан өрік фестивалі де біздің өңірден бастау алғаны да осыдан болса керек. Шараның алғашқы сөзін аудан әкімі Бота Елеусізова алды.
Бүгін біз баршаңызбен бірге ауданымыздың басты жетістіктерінің бірі – абрикос өсіру саласындағы табыстарымызды дәріптейтін Абрикос фестивалінде бас қосып отырмыз. Біздің аудан – табиғаты көркем, еңбекқор халқы бар, абрикос өсіруден еліміздегі алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі. Бұл мереке – жергілікті бау-бақша мәдениетінің, ауыл шаруашылығындағы жетістіктеріміздің айғағы. Абрикос – тек ауылшаруашылық өнімі ғана емес, бұл – біздің ауданымыздың брендіне айналған жеміс және елімізге ғана емес, шетелдерге де танылған ерекше өнім. Оның табиғи тәттілігі, хош иісі, дәмі – біздің жеріміздің қасиетін, халқымыздың еңбегін паш етеді. Бұл біздің мақтанышымыз!
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ауылшаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес!» деп айтқан болатын. Осы орайда ауылшаруашылық саласының негізгі үлес салмағы болып отырған жеміс-жидек шаруашылығы тұрақты әрі жан-жақты дамуы және өңірлерде бау-бақшалардың көбеюі сәйкесінше еліміздің экономикасының даму қарқынына оң әсерін тигізетіндігі айқын. Біздің аудан Қазақстан бойынша абрикос өсіру көлемі жөнінен алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі. Қазіргі таңда ауданымызда жалпы бақтардың көлемінің 78 пайызын өрік бақтары құрайды. Оның ішінде Ұйғыр, Шалах, Краснощекий, Краснощекий -Никитский өрік сорттары өсіріледі, жыл сайын көрші Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттеріне экспорт жасалады. Ауданымыздың шаруа қожалықтарымен Алматы қаласындағы үлкен сауда орталықтарында ауданымыздың жемісі сатылады.
Жалпы аудан бойынша 350 шаруа құрылымдары бақ өсірумен айналысады, оның ішінде 53 ірі шаруа құрылымдар мен шаруа қожалықтары, қалған 297 орташа және кіші шаруа қожалықтары бар. Атап айтқанда «Шонжы Агро»,«Шабдалы», «Тиірмен Агро», «Eco Park Garden» атты құрылымдары бар. Биылғы жылы «Қалжат Агро», «Ранчо Гемшир»,«Eco Park Tour» ЖШС-інде су үнемдеу технологиясы орнатылып, жұмыстар жүргізіліп отыр. Сонымен қатар «Бірлік», «Ипархан», «Тенрикут», «Диана-2» жеміс-жидек сақтайтын қоймалар бар. Ауданымызда өңірдің брендіне айналған абрикос жемісін «Агропроцессинг» және «Шабдалы» атты шырын өңдеу кәсіпорындары алма және өрік шырыны, алма және өрiк езбесі өнімдерін өндіруде.
Бұл фестиваль – тек жеміс мейрамы ғана емес, бұл – біздің ауданымыздың байлығы мен берекесінің, еңбекқор халқымыздың маңдай тері мен табысының нақты көрінісі. Баршаңызды осы шуақты күндері қуаныш пен шаттыққа бөленуге, табиғат сыйын бірге тойлауға шақырамын. Фестиваль аясында бәріңізге мол әсер, жақсы көңіл-күй, сәттілік тілеймін, – деп жиылған қауымға ыстық ықыласын ақтарды.
Сонан соң құттықтау сөзге Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Сұлтанұлы шықты. Жұртшылықты қуанышты күндерімен құттықтап, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтың ілтипатын, сәлемін жеткізді. Өңіріміздің табиғат байлығының көркемдігін айтып, шипалы ыстық суларымыз, көркем көлдеріміз бен асқар тауларымыздың сұлулығын суреттеді. Өріктің біздің аймақта өсуінің кездейсоқтық еместігін тіліне тиек етіп, бүгінгідей фестивальдің дәстүрге айналуын тіледі.
Алаңға толған жас пен кәрі әдемі безендірілген сахнаның жан-жағын толтырды. Ілтипат сөздерден соң концерттік бағдарламаның шымылдығын Ақылбек Жеменей «Қызыл өрік» әнімен ашты. Жиналған қауым бірге шырқап, билеп мәре-сәре күйге түсті.
Фестиваль аясында жеміс-жидектерге байланысты ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздар кәдесыйлармен марапатталды.
Баян МАМЫРБАЕВА