Басты бет Таза Қазақстан ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТ

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТ

0
29

Қоршаған ортаның тазалығы ең алдымен адамдардың денсаулығы үшін аса қажет. Сонымен қатар айналаңның ажарлы, сәнді болуы да тұрғындардың көңіл-күйіне әсер ететіні ақиқат. Мамыр айы мерекелерге, жақсы күндерге толы басталды. Бірлік мерекесін тойлаған аудан халқы “Таза Қазақстан” тұжырымдамасы аясында 1,2 тонна ағаш тұқымын екті. Аудан әкімі Бота Елеусізова өзі көшбасында жүріп, Шонжының айналасын көк желеңге айналдыру мақсатында тал тігудің басы-қасында жүрді. Қазағымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген жақсы сөз бар. Расымен де саялы ағаш егіп, балаға мирас болатын бұл дәстүр осы уақытқа дейін өз өміршеңдігін жойған емес. Ағаш өсіруді бала тәрбиелегенмен пара-пар дегенді халық ертеден айтады. Ендеше, баланы дүние есігін ашқан күннен бастап өмірдің ызғарлы желіне төтеп беретін бекем, берік қылып өсіруді мақсат тұтатындай ағашты да табиғаттың алапат күшінен аман қалдырып, тамырын қаққан қазықтай мығым ету үшін күтімі күпті, бабы мықты болу керек.

«Табиғатты қалай аяласаң, ол саған солай жауап береді.
Бабалар еккен шынарды балалар саялайды» демекші, осы егілген ағаштар келешекте қаулай өсіп, ұрпақтар игілігіне жарары сөзсіз. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының ауқымы өте кең. Ол науқандық немесе бір мезгілде ғана қолға алынатын шара емес. Сондықтан ауылымыздың ажарын ашып, көркіне көрік қосу үшін ағаш егудің маңызы өте зор. Біздің ауданда республикалық “Таза Қазақстан” экологиялық бастамасы қарқынды жүзеге асырылып келеді. Қоршаған ортаны қорғау, көгалдандыру және экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталған бұл науқан өңір халқының белсенді қолдауымен жүзеге асып жатыр.

Аудан аумағында “Қарадала Орман шаруашылығы” КММ мен аудан әкімдігінің бірлескен бастамасымен 10 шақырымға созылған алқапқа 1,2 тонна қараағаш тұқымы егілді. Бұл көлемі жағынан 150 қапқа пара-пар десек болады. Мамандардың айтуынша, бір тонна тұқымнан мыңдаған жас көшет өсіп шығып, болашақта толыққанды орман алқабына айналдыруға болады екен.

Аталған жұмыс аясында экологиялық мәдениетті насихаттау мақсатында «Таза Қазақстан» логотипі бейнеленіп, егілген аумақ болашақта демалыс саябағына айналмақ. Қазіргі таңда бұл жоба өңір экологиясын жақсартуға бағытталған ұзақмерзімді шешімдердің бірі ретінде қарастырылып отыр. Аудан басшысы Бота Серікқызының айтуынша, бұл тек ағаш егу шарасы ғана емес, болашақ ұрпаққа үлгі боларлық экологиялық құндылық деп түсінейік. «Экологияны сақтау – әрқайсысымыздың борышымыз. Біз бүгін табиғатқа салған әр дән арқылы ертеңімізге инвестиция құйып отырмыз. Аудан үшін бұл – жасыл кеңістікті ұлғайтып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам», – деген ойын айтқан аудан басшысы өз қолымен тұқым септі. Айналасының көгалданып, ормандыққа айналуына мұрындық болған басшының тілегіне бәріміз қосылдық.

«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында аудан көлемінде ағаш отырғызумен қатар, су көздерін тазарту, арықтарды ашу, қоқыс полигондарын жою, экотуризмді дамыту бағытында да бірқатар жұмыстар қолға алынғандығын айта кетсек болады. Сырттан адамдар келіп біздің аймақтың тазалығын немесе абаттандырылуын қолға алмайды. Өз ортамызды өзіміз гүлге айналдырып, қоршаған ортамызды таза ұстап, экологиялық мәдениетті қалыптастырғанда келешегіміз жарқын болары анық.

Баян МАМЫРБАЕВА

 

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

«ҮЛГІЛІ АУЫЛ» КОНКУРСЫНА ҚАТЫСУҒА ШАҚЫРУ

Алматы облысының тұрғындары мен ауылдық округ әкімдіктерінің назарына! Қазақстан Республик…