Басты бет Тағзым ЖАНЫМДА ЖҮР ЖАҚСЫ АДАМ

ЖАНЫМДА ЖҮР ЖАҚСЫ АДАМ

0
173

Ата-анамыз өмірден өткен соң ғана олардың айтқан сөздерін, қылықтары мен іс-әрекеттерін есімізге жиі алып, орындарын толтыра алмай әбігерге түседі екенбіз. Өзегіңді өкініш оты өртеп, олардың қайтып келмейтінін түсінгенде тіпті жабырқап қаласың. Сондай сәтте саған жылы қабақ танытқан немесе жаныңа тыныштық сыйлаған адамды жақсы көріп кететінің тағы бар. Менің өмірімде жақсы адамдар көп кездесті. Өмірден түңілген, қамыққан кезеңдерде сондай жандардың қамқорлығын, шынайы ақ пейілін көрдім. Өмірге басқаша көзқараспен қарайтын болдым. Ренжіткен, ауыр сөз айтқан адамдарға мән бермейтіндей халге жеттім. Осының бәрі айналамдағы жақсы адамдардың арқасы.

Ізгі адамнан із қалады деген тәмсіл бар. Ол шындық. Менің бүгінгі әңгіме етпек адамым анамдай асыл жан – Тамарахан Рашитова. Қай жағынан алсам да ол менің шынайы жанашырым, ақылшым, арқасүйерім. Ол кісімен көрші болғалы отыз үш жылға аяқ басыпты. Жақсылығымда, қуанышымда ғана емес басыма түскен қиын күндерде әркез жанымнан табылды. Басымнан сипап, маңдайымнан сүйіп, бауырына басып тура анамның қамқорлығын жасады. Ішкі жан дүниемдегі арпалыстарды түйсігімен түсініп, сабырға бой алдырып, талай қиындықтардан құтқарған ана. Зиялылықты, мәдениеттілікті, сабырлылықты осы кісінің бойынан көрдім. Бәз біреулер сияқты кеуде керіп, паңданып, маңғазданып көрмеген жан. Екі ұлы жоғары білімді офицер. Шекара әскери институтын жақсы бағаларға тамамдаған. Ауған жеріндегі интернационалдық деген атау алған белгісіз соғыстың суық лебін татқан жігіттер. Өздерінің әскери тәжірибелері мен әдіс-тәсілдерін бұл жерде де қолданған азаматтар. Үлкен ұлы Мамлюк Исмаилов Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Күршімдегі шекара отрядын басқарған ұйғыр ұлтынан шыққан тұңғыш офицер. Онан соң Тараздағы отрядты басқарды.  «Шығыс» аумақтық басқармасында лауазымды қызметінен соң зейнеткерлікке шықты. Оның әскери басқару тактикасы, өз бөлімінде орнатқан тәртібі туралы бүгінгі ұрпақ әскерилері ауыздарынан тастамай өнеге ететіндіктерін де естідім. Ал екінші ұлы Махмулан Жаркент отрядынан бастаған әскери қызметін, Үшаралда, Тәжікстанда жалғастырып, ұлттық қауіпсіздік комитетінде лауазымды қызметте болып зейнетке шықты. Үлкен қызы Сәнәм аудандық статистика басқармасының ең білікті маманы болса, кенжесі Зухра шекара отрядының есепшісі. Өмірлік жолдасы Марип Исмаилов кезінде аудандық қаржы басқармасын басқарып, сонан соң Тиірмен ауылындағы Киров атындағы ұжымшардың жетекшісі болды. Нағыз толысқан, берері мол кезінде аяқ астынан мәңгілік мекеніне небәрі елуге жаңа толған жасында аттанып кеткені өкінішті-ақ. Жесірліктің, жалғыздықтың қандай болатындығын жан дүниесімен сезінген Тамара апайым бір сәт те мойыған емес. Ұл-қыздарының білімді, мәдениетті, адал болып өсуіне жан-тәнімен кірісті. Өзінің бойындағы бар ізгілік пен ізеттілікті балаларына беруге тырысты. Ол еңбегі ақталды да. Ұл-қыздары ана еңбегін бағалап, өздері де өнегелі шаңырақ иелері атанды, Бала тәрбиеледі, немере сүйді. Адалдықтың ақ туын өмірлік ұстанымдары етіп, заманға лайықты тұлғалар болып қалыптасты.

Кейіпкерім Тамара апайым сол замандардағы мемлекеттік банкі деп аталатын мекемеде қарапайым бухгалтерліктен меңгеруші лауазымына дейін көтерілді. Мен бастықпын деп кеуде кермеді, менмендік көрсетпеді. Алланың берген табиғи болмысымен қалды. Ақша да, билік те оны өзгерте алмады. Қарапайым, кісілік қалпынан танбады. Ол кісімен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. 1993 жылы өзіміздің ұлттық валютамыз теңге шыққандағы әңгімесі бір төбе. Мемлекеттің бір тиынына залал келтірмей, ақша ауысымы кезінде үйге түнемей, апталап банкінің ғимаратында қонғандығын естігенде таңғалғаным рас. Елдің қолындағы рубльдарды жинаған кездерінде таныс-тамырлар мен туыстардың арқалатқан өкпелерін көтеріп, барлығына бірдей деңгейде кезекпен өткізгендерін айтқанда өзі де күліп алады. Елдің қолында дорбалап жиналған нақты ақша болыпты сол кезеңдерде. Олардың барлығын санап, есептеп орнына теңге қайтарып, таңды таңға ұрыпты. Өте ауыр, аса жауапты іс. Қазіргідей алаяқтық, алдап кету, арбап кету жоқ болғанына тәубе етеді. Мемлекеттің қатаң бақылауында, әр тиынның есебін беріп отырып, абыроймен бұл шаруаны да жоғары деңгейде атқарып шыққан. Айтуға оңай. Қаржымен жұмыс істеу дегеніңіз қиынның қияметі. Сондағы адамдардың адалдығы, қолдарының тазалығы бүгінде сағынышқа айналғандай.

Жолдасы бастық, оған келетін қонақтарын қосыңыз, ревизоры, тексерушісі бар дегендей, өзі де жауапты қызметте. Қазіргідей мейрамхана, тойханалар мүлдем жоқ. Қандай дөкей келсе де үйде күтесің. Соның бәрінің үдесінен шығып, арасында өз жұмысын тындырып жүрген батыр әйел, менің екінші анамдай болған Тамара апайым. Сол кездері республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы, кейін қазақ энциклопедиясының бас директоры болған Сапар Байжановтың жан жары жазушы, журналист Күләш Бисенбиевамен дос болғандығы өз алдына бір әңгіме. Қазақстанның бас газетінің редакторы деген атының өзінен ат үркеді. Сол кісілерді төріне шығарып, лагманы мен тұшпарасын ұсынып, күні бүгінге дейін балаларымен байланыста болу дегеніңіз достыққа деген адалдықтың белгісі болар. Әкімдіктегі бір үлкен жиында Күләш апамыздың мінберден Тамарахан досымның үйінде қонып, әңгіме-дүкен құрып, әткән шайын ішіп шықтым деген әңгімесін естігенде өзім аң-таң болғам. Әкімдіктің адамдары емес үлкен кісілерді Тамара апайымның күткеніне шынайы риза болғанымды жасыра алмаймын.

Уақыт тау суындай сарқырап өте шықпаса да, өзендей сылдырап өз діттеген жеріне апаратыны тағы шындық. «Госбанкінің» меңгерушісі лауазымынан абыроймен зейнет жасына жетті. Тынымсыз еңбектің адамы тыныш отыра алмайды. Көп қабатты үйлерде тұратындықтан күл-қоқыс шашылып, оны реттейтін, жөнге салатын адам табылмай жатқан замандар болған. Үлкенмін, бастық болғанмын, зейнеттемін деп шіренбей таң қылаң берісімен айналаны тазалап шығады. Ақ самайлы ананың әрекетіне ұялғанымыздан қосылып, сенбілік жасауды қолға алдық, оны кейін дәстүрге айналдырдық. Тазалықты жаны сүйетін ананың арқасында есігіміздің алдына гүл көшеттерін тігіп, абаттандыруды қалыптастырдық. Ол адам жинамады, жиналыс өткізбеді, бірақ өзінің адами қалыбымен көршілердің басын қосып, ың-дыңсыз бір үйдің балаларындай, біздің көшенің тұрғындары деген атаққа лайықты тіршілік істеді. 85 жастың сеңгіріне шығып, әлі де үй шаруасынан қол үзбей, туған-туыс пен көрші-қолаңның абыз анасына айналып отыр. Зейнетке шыққаннан соң бес уақыт намазға жығылды. Шелпек салған күні дастарқанымызға келіп, аруақтарға құран бағыштап кетеді. Ешкімге ешқашан білмеймін, қолымнан келмейді, жоқ деген сөздерді айтып көрмеген ананың ақ пейілі мен адамгершілігі бізге де жұғысты болғай деп армандаймын. Өлім-жітім, жастардың арасында кикілжің, араздық туып жатса да араға түсетін Тамара апайым. Өлім жөнелтудің барлық ырымдарын жақсы меңгерген. Өмір бар жерде, өлім бар, не істеу керектігін бізге де насихаттап айтып отырады. Құлақтарыңда жүрсін дегенім ғой деп түсіндіріп қояды. Мен, мен деп айғайға баспай-ақ, ақыл айтпай-ақ өз әрекетімен, өз тіршілігімен тәрбие беріп жүретін бір адам болса, ол – менің Тамара апайым. Сол кісінің бойындағы ізеттілік пен мәдениеттілікті көргенде өз-өзіңнен бойыңды түзей бастайсың. Артық ауыз сөз айтпайтын, адамдарды қызметіне, байлығына, дініне, тіліне қарай бөлмейтін, кімге болса да жанашырлығы мен жақсылығын ала жүретін адаммен сыйлас болғаным үшін бақыттымын. Қызының үлкені Сәнәм Назарованы ауданда танымайтын адам жоқ. Әсіресе қаржы саласында жұмыс істейтіндер. Есеп-қисаптың қыр-сырын жақсы меңгергені соншалықты, мүдіріп, қиналып, көмек сұрап келгендерге қол ұшын созып тұратын асыл жан. Оның да осындай тәрбиелі, елдің ризашылығына бөленіп жүргендігі анасының тәрбиесінен деп білеміз. Өзінің білгенін өзгелерге үйретуден еш жалықпайтын бір жан болса, ол – Сәнәм Назарова. Өзінің тәрбиелеген қыздары қазірде бір-бір шаңырақтың шырағын жағып отыр. Енесі Махинур ана аудандағы беделді ұстаздардың бірі болатын, тоқсан жасқа дейін үлпілдетіп бағып, бар жағдайын жасап, батасын алған келін. Назаровтар қарашаңырағының шырағын маздатып отыр. Кіші қызы Зухра шонжылық Тохтарбаевтардың мақтаулы келіндерінің бірі. Үш ұл тәрбиелеп, екеуін жеке шаңырақ етіп, немере сүйіп отырған бақытты әже. Ұлдан да, қыздан да немере, шөбере көрген Тамара апайым осындай ұлағатты ұл, қылықты қыз тәрбиелеген бақытты ана.

Өмірлік жары Марип акамыздан жастай айырылып, бірақ бірлесіп жаққан оттарын өшірмей, қайта ұрпағын өнегелі етіп өсірген анамызға Жаратушы иемнің назары түскен болар. Туған-туыстың жақсылығына тілеулес, қайғыларына ортақтасып жүретін ана туралы кітап жазуға тұрарлық. Қызметте жауапкершілігі мол басшы, үйде тындырымды әйел, ортада тәрбиелі ана бола білген Тамара апайым мен үшін үлгі, өнеге. Адам ұрпағымен мың жасайды. Өзі де үлгілі отбасынан шығып, ұрпағын да тәрбиелі, білімді етіп өсіру үлкен еңбекті, маңдай терді талап етеді. Бұл жағынан Тамара апайымның мерейі тасып тұр.

Анаға арнаған өлеңінде ақын Мұқағали Мақатаев: «Тәңірім кеше көрсін кесірімді. Аспанға жазам сенің есіміңді! Шеше, сен бақыттысың, тербете бер, Құба талдан иілген бесігімді…» деп философиялық ой түйіндейді. Ал Төлеген Айбергенов: «Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем? Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен. Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем, Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен» дейді. Иә, Ана – асыл бейне. Иә, Ананы алып Бәйтерекке де теңейміз, оның саясында «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген» ананың аялы алақаны, асқан төзімінің арқасында Жаратқан берген ғажайып ақыл мен мынау шексіз дүниенің иесі – адамзат өмір сүріп, өркендеп, өсіп жатыр.

Бүгінгі кейіпкеріміз Тамара апайымыз да мақтан тұтар ұл-қыз тәрбиелеп, немере, шөбере алақанынан су ішкен бақытты ана. 85 жасқа дейін елден алғыс алып, көпшіліктің ризашылығына бөленіп, жұрттың рақметін естіген анамыздың бүгінгі қуаты да сол ақ батаның арқасы деп білеміз. Шамасы жетсе бүкіл адамзатқа бар махаббатын беруге дайын, бүкіл ғаламға бейбіт өмір тілеуге қабілетті, тірі пенденің барлығына мейірім шапағатын төгуге әзір анамыздың тағы да ұзақ өмір сүруін тілейміз. Ол байлыққа, боқ-дүниеге қызықпады. Бар мақсаты – балаларының адал азамат болып өсуі, ел-жұртының амандығы. Бүгінгі қоғамда ұрпақ тәрбиесі, дәстүр жалғастығы, әдет-ғұрыптардың қалтқысыз орындалуын қадағалап отыруда Ананың қызметі айрықша. Аналар әуелі үй-ішімен, отбасы береке-бірлігінің ұйытқысы болып, одан асса, ауыл-ел ынтымағының жарасуына ықпал жасайтын басты тұлға. Менің кейіпкерім Тамара апайым да бүгінгінің басты тұлғасы.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Кегенде Заманбек Нұрқаділовке арналған ескерткіш-бюст ашылды

2024 жылғы 2 желтоқсанда Алматы облысы Кеген ауданының орталығында мемлекет және қоғам қай…