Еліміздің музыкалық-сахна әлеміндегі тұңғыш қазақ операсы «Қыз Жібектің» дүниеге келгеніне, міне, 90 жыл толды. Тұңғыш деген сөздің өзі елді елең еткізері ақиқат. Ол туғанда өзгеше сырлы даусымен барша әлемді селт еткізіп, ықылас-зейінін өзіне бірден тартты. «Қыз Жібек» бүгінгі күні ұлттық опера өнерінде ең ұзақ бақытты өмір кешкен қасиетті туынды! Оны өмірге келтірген атақтары жер жаратын авторлар – композитор Евгений Брусиловский мен жазушы Ғабит Мүсіреповтің, басты рөлдердегі Күләш, Қанабек Байсейітовтердің, Құрманбек Жандарбековтің, Манарбек Ержановтың, Ғарифолла Құрманғалиевтің, Шара Жиенқұлованың есімдері ұлттық опера өнерінің шежіресіне алтын әріппен жазылды.
Осы уақыт аралығында бұл туындыда қоюшы режиссерлер, дирижерлер, балетмейстерлер, әншілер, суретшілердің үш ұрпақ буыны қатысып алмасты. Олардың әрқайсысы туындыға өзінше тың серпіліс беріп, тереңдете, кеңейте түсті. Ал енді «Астана Опера» мемлекеттік театрында бүгінгі қойылып жатқан «Қыз Жібекте» ұлы Күләштің жұлдызды шөберелері өнер көрсетіп, көрермен жүрегінен орын алуда! Бұл операның құдіреті неде деген сұраққа бірден дарынды сазгер мен заңғар жазушының үндестігі деуге болады. Сосын Күләштай бұлбұл әншінің шеберлігі деуге болар. Опера жанрын түсінбейтін адамның жүрек қылын селт еткізіп, өнердің саф тазалығымен байланыстыруға да болар.
Ахмет Жұбановтың 1933 жылы Ленинград (қазіргі Петербор) қаласына барып, 27 жастағы Евгений Брусиловскийді қазақтың кәсіби музыкасын көтеру үшін Алматыға арнайы шақырғанын біз тарихтан жақсы білеміз. Бірақ екі жылға келісім берген Брусиловский өзінің бар шығармашылық өмірінің 37 жылға созылатынын, саналы ғұмырының қазақ жерінде өтетінін, қазақтың кәсіби музыка өнерінің негізін салушылардың бірі болатынын болжап білмегені хақ. Міне, 1933 жылы Қазақстанға келе сала, өзі қызмет ететін Алматы музыкалық-драма техникумы жанындағы халық музыкасының ғылыми-зерттеу кабинетінде дәстүрлі музыканың хас шеберлері Дина Нұрпейісова, Қали Жантілеуов, Науша және Махамбет Бөкейхановтар, Уахап Қабиғожин, Лұқпан Медетов, Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов, Иса Байзақовтың орындауында 250-ден астам халық және халық композиторының інжу-маржандарын нотаға түсіріп, артынан оларды өзінің туындыларына арқау етті. Ол өзінің газетке берген бір сұхбатында: «Мен қандай музыка жазсам да, бәрібір ол қазақ музыкасы болып шыға береді…» деуі содан болар. Евгений Григорьевич 9 операны дүниеге әкелген композитор. Солардың ішінде «Жалбыр» (либреттосы Бейімбет Майлиндікі, 1935 ж.), «Ер Тарғын» (либреттосы Сағыр Қамаловтікі, 1936 ж.), «Айман-Шолпан» (либреттосы Мұхтар Әуезовтікі, 1938 ж.) қойылымдары кезінде көрермен халықтың керемет қошемет-ықыласында болды. Бірақ солардың ішінде бүгінге дейін сахнадан түспей келе жатқаны – «Қыз Жібек» операсы. Оның бірден-бір себебі, «Қыз Жібек» ғажайып туынды болып дүниеге келуі. Бұған дейін де, бұдан кейін де отандық драмалық туындыларда болмаған, аспан айналып жерге түскендей көріністегі Ұлы даланың ұлы трагедиясы бұл! Әрине, мұндай әдеби көркемдік деңгейі биік либреттоға музыка жазу Брусиловский сияқты тұлғалы композиторға шынайы бақыт еді. Ғабит Мүсірепов әрқашан Евгений Брусиловскийге деген өзінің шынайы достық көңілін тебірене, шығармашылық қарым-қатынасын ерекше білдіретін. Осыған дәлел ретінде композитордың 1970 жылы Алматыдан Мәскеу қаласына біржола қоныс аударғанда, ұлы жазушының оған жазған хатынан үзінді келтірейік: «…Евгений! Сенің бізден біржола кетіп бара жатқаныңды енді қазір ғана ұқтым. Азын-аулақ адал адамдардың бірі мүлде алыстап бара жатқандығынан көңіл пернелерім бырт-бырт үзілуде. Ағымнан жарылатын, адал көңіліммен сырласатын адамдарым Мұхтар мен Сен едің. Осы жолдарды саған «Қош!» – деп айтқан сөзімдей қабыл ал, сүйікті адал досым. Тұла бойы тұтас өзіңнің Ғабитің». Ғабеңнің де 500 жылдан астам тарихы бар, қазақ халқының көне лиро-эпостық дастандарының бірі «Қыз Жібекке» бет бұрғаны кездейсоқ болмас… 1936 жылдың мамыр айында Кеңес Одағының астанасы Мәскеу қаласында Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің Бірінші декадасында Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы көрсетіліп, бұл қойылымды, ондағы Жібек рөліндегі Күләш Байсейітованы көрген Иосиф Сталин оны «Қазақ бұлбұлы» деп атаса, орыстың ұлы әншісі Антонина Нежданова «Чудо!» деп таңдай қақты. Міне, шетсіз, шексіз Ұлы даланың жусан аңқыған аршын төсі, сағым қуған тұлпарлар тұяғының қуатты дүбірі, күн сәулесін қанатына ілген аққулар қаңқылы, бәрі-бәрі әншілердің, хордың, оркестрдің үнінде, мың бұралған балет биінде беріліп, Үлкен театрдың сахнасын ғаламат көрініске бөледі. «Қыз Жібек» операсының 1968 жылы 1000-шы, ал 2008 жылы 1500-ші қойылымы Абай атындағы академиялық опера және балет театрында өтті. Енді ол 2013 жылдан бері қарай «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында бірінші рет жаңа музыкалық редакцияда, жаңа режиссерлік шешімде, акустикалық, компьютерлік, жарық беру технологиясымен, пластикалық хореографиялық тұжырымдамада, кейіпкерлердің ойнау, сөйлеу, ән айту тәсілдері қазақтың дәстүрлі орындаушылық ерекшеліктерінде қойылып отыр.
1934 жылы қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібек» драмалық опера түрінде сахналанды. Опералық шығармасының алғашқы қойылымы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында көрсетілді. Басты партияларды Күләш Байсейітова (Жібек), Қанабек Байсейітов (Төлеген), Манарбек Ержанов (Шеге) орындады.
Екі жастың мөлдір махаббаты лиро-романтикалық сазбен өрбіп, армандарына жете алмаған аянышты тағдыры трагедиямен аяқталады. Операда ұлттық вокалдық және аспаптық шығармалар, халық композиторларының (Үкілі Ыбырай, Мұхит, Жаяу Мұса, Тәттімбет) ән-күйлері молынан пайдаланылды.
«Күләшпен кездесу – әнмен кездесу еді» деп еске алыпты әнші турасында әйгілі композитор Латиф Хамиди. Олай деуіне себеп те, дәлел де мол. Өйткені әншінің бойындағы саф алтындай жарқыраған тума талант қай кезде де өзінің даралығын танытып тұратын. Күләштің әнін бір тыңдаған жан үн құдіретіне мас болып, әншіні қайта-қайта тыңдауға бейілді еді. Ал талайды тамсандырған сол дауыс оқу-тоқусыз, табиғаттың өзімен әнші бойына дарыған айрықша дарын екенін білген музыка мамандары сол кездің өзінде-ақ әншінің көмейіне ұя салған көркем үнді құбылысқа балайтын. Әйтпесе театрға алғаш жұмысқа қабылданған жылы операның не екенін білмеген жанның арада жылға жуық уақыт өтпей сахнаның нағыз бұлбұлына айналғаны құбылыс емей немене?
Күләш Байсейітованың әнші ретіндегі жұлдызының жанып, даңқ шыңына шығуына 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде сомдаған «Қыз Жібек» бейнесінің орны ерек. «Бұл рөл Күләш үшін жазылғандай, Күләш Жібек рөлін ойнау үшін туғандай еді. Егер «Қыз Жібек» операсы зор табысқа ие болды дейтін болсақ, сол табыс Күләштің арқасында келді деуге режиссер ретінде мен жасқанбаған, қызғанбаған болар едім» деген әйгілі актер Құрманбек Жандарбековтің пікірі ойымызды қуаттай түседі.
Ал Құрманбектің сомдаған Төлеген тосын шешімдерімен ел есінде жатталып, актер есімі аңызға айналды. Небір ойлы бейнелердің бағын ашқан өнерпаз тағдырынан Бекежан бейнесінің алар орны үлкен. Қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітовамен тандемде өнер көрсеткен шығармашылық одақ ұлттық операның шын мәнінде жұлдызын жақты. Қойылым атағы әсіресе Мәскеу сапарынан кейін тіпті аспандады. Сол сәтті әртістің жан досы әрі сахналық серіктесі Қанабек Байсейітов естелігінде былай деп жазады: «Мәскеуде онкүндікте «Қыз Жібекті» қойып жатқанбыз. Астана жұртшылығы мен үкімет басшыларының алдында жүрексіну де жоқ емес. Мен – Төлеген, Құрманбек – Бекежан. Төлегенді өлтірген соң Бекежанның «Сармойын» әніне салып Қыз Жібекке айтатын ариясы бар. Соның жоғары көтеретін жеріне келгенде, Құрманбек тәуекелге салмай, табан астында қарқ-қарқ күліп тапқырлық жасады. Күлгенде де қалай болса солай күлкі емес, керемет музыкалық күлкі жасады, нотамен күлді. Бекежанның пышақ кессе қан шықпайтын қанішер бейнесін айқындай түсті». Әу баста әртістің әумесерлігіне баланған бұл тосын күлкі кейін өнер әлемінің үлкен жаңалығына айналды. «Правда» газетінен бастап жарыса жазған басылымдар қазақтың Құрманбектей ұлының керемет күлкісіне бас иді. Оның актерлік тапқыр шешімі мәскеуліктерді қатты риза еткен еді.
Айтулы сапарда Күләш та құрметтен кенде қалмады. Қайталанбас дауысы мен шебер орындаушылық өнерінің арқасында Мәскеудің талғампаз тыңдармандарын қазақ өнеріне бас игізіп, мойындатты. Сол кездегі өкімет басшысы Йосиф Сталиннің Күләштің керемет даусына таңғалып: «Бұл қандай халық? Грузиндерден әншілік өнерінен асқан халық бар екен ғой, ол – қазақ халқы!» деп тамсана таңдай қағатыны да дәл осы сәт болатын. Іле әншінің бұл қайталанбас өнері мемлекет тарапынан лайықты бағасын алып, небәрі 24 жасында кеңес одағы тарихындағы ең жас «Халық әртісі» атанды.
Күләш өнеріне тәнті болған жазушы Ғабит Мүсірепов: «Музыкалық мектептің есігін ашпаған, дауысы қырналмаған, сыланбаған әнші өзіміздің әндермен қатар, классикалық музыканы қалай оп-оңай меңгеріп кетті? Театр мектебін көрмеген, үлкен режиссураға кездеспеген адам бейне жасаудың ең нәзік жолдарын өз бетімен қалай тауып келетін еді? Маған мұның барлығының жауабы біреу-ақ сияқты сезіледі, соның барлығы Күләштің өзімен бірге туған, Күләштің өзі ән еді, өнер еді. Қайнатары жоқ, қоспасы жоқ, таза талант. Қысқасы «Чудо!» деп таңдай қағыпты. Ал әнші талантына бас иген композитор Латиф Хамиди Күләш Байсейтоваға арнап әйгілі «Бұлбұл» әнін шығарды.
Иә, қазақтың маңдайына біткен бұлбұл әнші Күләш Байсейітова шын мәнінде ән өнеріндегі құбылыс болатын. Әйтсе де әнші үшін марапаттың ең үлкені «Қазақтың бұлбұлы» атандырған халқының зор ықыласы еді.
Биыл қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібектің» сахна көргеніне тура 90 жыл толды. 1934 жылдың 7 қарашасында театр өнеріне құбылыс болып келген қос талант қазақ көрерменін ең алғаш ұлттық операның озық үлгісімен қауыштырды. Тамсана қол соққан тыңдарман қошеметінде есеп болмады. Саңлақтар салған сара жолмен содан бері де қазақ сахнасына қилы-қилы «Қыз Жібек» шықты. Бірақ Күләш пен Құрманбек тандемінің бәсі бәрібір биік. Күләштің сиқырлы үні, Құрманбектің аңызға айналған керемет күлкісі – күні бүгінге дейін өнердің зор табысы саналады. Тек жалғыз ғана әттеген-ай – ұлттық өнерімізді ұшпаққа шығарып, Мәскеу төрінде мойындатқан сол бұлбұл Күләш есімінің әлі де өз елінде лайықты ұлықталмай келе жатқаны. Кезінде елорда төріндегі ұлттық опера және балет театрының төрінде жарқырап тұратын әнші ныспысы ұжым жаңа мекен – «Астана операға» қоныс аударғанда ескі жұртта қалып, соңынан театрға телінген бұл атау мүлде жойылып тынды. Ұлттық өнерді ұшпаққа шығарған ұлы әншінің атында бүгінде бірде-бір театрдың болмауы – өнердегі үлкен олқылық деп білеміз. Шерхан Мұртазаша айтсақ, бір кем дүниенің зоры осы болса керек.
Баспасөз беттерінен дайындаған Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ