Басты бет Тағзым ТАСҚАРАСУДЫҢ КӨГІН ЖЫР ТЕРБЕДІ

ТАСҚАРАСУДЫҢ КӨГІН ЖЫР ТЕРБЕДІ

0
589

Шығысы шекара, батысы Бұғыты тауларымен танымал, әлемге Шарын шатқалымен әйгілі, қасиетті Қарадаланың төсіндегі берекелі мекен Тасқарасу ауылында дүбірлі той өтті. Қазақ елі – бағзыдан бері сабырын салмақтаған, ақыны мен батырын ардақтаған ел. Осы орайда  Іленің өр жағындағы ата қонысты жайлаған алақандай ауылдың киелі топырағына кіндік қаны тамған, Тасқарасудың тал бесігінде тербелген ақын Әбдіғали Асанқожаұлының 80 жасқа толуына орай жерлестері мен туған халқы, туыстары көпшіліктің басын қосып, ақынның туған күнін атап өтті.

Аудан әкімдігінің қолдауымен, «Жарты баба» қоғамдық қорының демеушілігімен өткізілген бұл думанда Тасқарасу ауылының тұрғындары мен осы шараға жиналған көпшілік жергілікті ақын Әбдіғали ақсақалдың жүріп өткен өмір белестері мен тіршілік даңғылы, төккен тері мен еткен еңбегі жайлы көптеген тың мағлұматтар айтып, ақынның өзімен тілдесіп, ауданның төрінде ақынның өлеңдері жаңғырып, ұрпаққа игі іс аманатталды. Әбдіғали Асанқожаұлы – жас күнінен қолына қалам мен қағаз ұстап, шабытын жанына серік еткен ауданымыздағы белгілі ақындардың бірі. Ақынның 80 жастық туған күніне арналған шара туған ауылындағы білім ордасында өтті. Мектепке кіре салғаннан оқушылар ақын аталарының жыр шумақтарын мәнерлеп оқып, өмірбаянын айтып қарсы алды. Мектептің мәжіліс залы шараға сай безендірілген. Әбдіғали ақсақал туралы түсірілген бейнесюжетпен шараның шымылдығы түрілді. Сахнаға шыққан жүргізушілер алғашқы құттықтау сөз кезегін аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлына ұсынды. Қасиетті Қарадаланың қаламы ұшқыр, шабыты шалқар ақыны, осы поэзия кешінің бас кейіпкерін 80 жасқа толуымен барша аудан жұршылығы атынан шын жүректен құттықтады. Одан кейін мінбеге көтерілген облысымыздың құрметті азаматы, беделді ақсақал Ызғарбек Бектұрсынұлы да ақжарма тілегін ақтара айтып, барша жиылған жұртты және ақынды айтулы күнімен құттақтап, осы шараның өткізілуіне ықпал еткен жандарға алғысын жеткізді. Қазақстан Жазушылар Одағының құттықтау хатын аудандық мәслихат төрағасы Нұрәкім Есенбайұлы арнайы көпшіліктің алдында табыс етіп, өзінің де ыстық ықыласы мен жылы лебізін жеткізді. Аудандық ұйғыр этно-мәдени орталығының төрағасы Арлен Сеналұлы да арнайы сөз кезегіне шақырылып, ақынды барша этно-мәдениет мүшелері атынан, ассамблея атынан шын жүректен құттықтап өтті. Құттықтау лебіздер арналып болған соң ақынның өлеңдерімен өрнектелген, оның өмірімен және еңбек жолымен етене байланысты сахналандырылған музыкалық композиция қойылып, көпшіліктің ерекше ризашылығына бөленді. Өмірін диқаншылыққа арнаған ақын ақсақалдың Тасқарасудың қойнауы құтқа, қамбасы дәнге толы берекелі жерінен көп жылдар бойы нәпәқасын тауып, еңбек пен поэзияны ұштастыра білген қарапайым да қызықты өмірін толықтай суреттеп берген сахналық композицияның үтір, нүктесіне дейін кемшіліксіз шығарылғандығына қарап, кішігірім болса да шығармашылықтың туындысын Серік Сүлейменұлының дайындағандығын анық аңғардық. Қойылымдағы рөлдерді Дінмұхамед Қонаев атындағы Шарын орта мектебінің мұғалімдері мен оқушылары ойнап шықты. Ал шараны жүргізушілерден бастап, ұйымдастыру жұмыстарындағы бірқатар қызметтерге дейін Тасқарасу ауылдық орта мектебінің ұжымы алып шықты. Жалпы ауыл мектебінің аядай сахнасында қолда бар қосымша заттардан жарықтандыруға дейін ойластырып, үлкен сахнаға лайықты концерттік номерлерді даярлап алып шыққан  толыққанды әдеби-композициялық кештің куәсі болдық. Кіндік қаны тамған туған жердің әрбір тауы мен тасын, бауы мен бақшасын, көк майса шалғыны мен келісті келбетін жырына қосып, әділдік пен шындықты шырылдап жырлап, табиғат пен тылсым сезімдердің жыршысы болды. Құба талдан иілген бесігінде тербеткен Тасқарасудан бастап, сәукелелі Аспантаулардың асқаралы шыңдары ақынның шабытына тыным бермей, «Әулиешоқы» дейтін жыр жинағының өмірге келуіне себепші болды. Бұл кітаптың да тұсауы дәл осы айтулы күнде кесіліп, ақынды өмірлік үлкен арманы орындалғандай ерекше сезімге бөледі. Ауылдың орталық алаңында Әбдіғали ақынға астына ат мінгізіп, қолына қамшы тарту етіп, бұрынғының жолымен, үлкендердің бәтуәлі батасымен той көкпары берілді.

Президентіміздің Әділетті Қазақстан идеясын іске асыру үшін, Әділетті елдің қуатты қоғамын құру үшін, ұлыларын ұлықтаған, ақыны мен батырын ардақтаған, аманатқа адал ұрпақтардың өсуі аса маңызды! Олай болса осы игі шара болашаққа деген оң бағыттың бастамасы екендігі сөзсіз! Тәуелсіз елдің бейбіт аспанының астында думанды күндер тарқамасын! Елдігіміз Мәңгілік болсын, ағайын!

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАНЫМДА ЖҮР ЖАҚСЫ АДАМ

Ата-анамыз өмірден өткен соң ғана олардың айтқан сөздерін, қылықтары мен іс-әрекеттерін ес…