Басты бет Денсаулық БІЗДІҢ СҮЙІКТІ ДӘРІГЕР

БІЗДІҢ СҮЙІКТІ ДӘРІГЕР

0
143

Алдына келген науқасты дәрі-дәрмекпен ғана емес, жылы сөзімен де емдеп, бойына күш-қуат беріп, өмірге деген құлшынысын арттырып жататын дәрігерлер бар. Жанына шипа, дертіне дауа іздеп келген жандарды, әсіресе қарттардың жүзіне күлкі сыйлап, бір сәтке сырқатынан құлан-таза айықтырып жіберетін ақ халаттылар бар. Сондай ақ жүректі дәрігердің бірі – Арман Қасымов.

1982 жылы 10 маусымда дәрігерлер отбасында дүниеге келген Арман бала кезінен анасының жанынан бір елі қалмай, оның жұмысына қызыға қарайтын. Ақ халатын өзі де киіп алып, үйде дәрігер болып әпкелері мен әке-шешесін емдейтін. Сол кездегі әке мен ананың мейірімді жүзі әлі есінде. «Ұлым мықты дәрігер болады болашақта» деген сөздері де жадында жатталған. Ақыры сол бала кездегі қиялы оны медицина университетіне алып келді. Әкесі – ветеринарлық дәрігер, анасы аудандағы орталық ауруханада бар ғұмырын кардиолог дәрігер болып өткізген. Анасының ақылы, алдындағы үш бірдей әпкесінің де осы саланы таңдауы Арманның да таңдауына нүкте қойғандай болды.

1999 жылы Шонжыдағы №1 орта мектепті тамамдаған соң Алматыдағы Асфендияров атындағы медицина университетіне грантқа оқуға түседі. Өз білімімен ол оқу орнын өте жақсы бағалармен аяқтайды. 2005 жылы университетті бітірген соң, бір жылдық интернатураға түседі. 2006 оны тамамдап, «Medicus Center» атты фармацевтикалық компанияда бірнеше жыл еңбек етеді. 2008 жылы туған ауылына келіп, Шонжыдағы орталық ауруханаға терапевт дәрігер болып орналасады. Міне, содан бері 16 жыл бір ортада тапжылмай еңбек етуде. Бірақ өз мамандығына деген сүйіспеншілік оны бір орында тоқтап қалуға емес, жан-жақты болуға талпындырды. Жансақтау бөліміндегі науқастарды көргенде соларға көмектессем ғой деген ой жанын жеді. Реаниматолог-анестезиолог дәрігер болу үшін білімін жетілдіреді. Отбасы да, жақындары да бұл бөлім жұмысының қиындығын, күн-түн демей, үй көрмей жұмыс істеу қажеттігін, ауыр науқастардың жанынан ұдайы табылуы керектігін айтса да, Арман өз дегенінен таймады. Ақыры осы саланы оқып, жансақтау бөліміне жұмыс істеуге кірісті. Онысына өзі өкінбейді де. Бәрімізге аян, жансақтау бөліміндегі әр науқас өмір мен өлім арасында жатады. Біреу миына қан кетіп, есінен танса, енді бірі жүрегі ауырып, тағы бірі басқа жерлерінің сырқатын асқындырып түседі. Кейбіреулер отадан кейін жансақтау бөлімі дәрігерлерінің қадағалауында болады. Былайша айтқанда 24 сағат бойы тікеден тік жүріп, сырқаттардың дертіне дауа іздейді. Апталап үй көрмей кететін кездері де болады. Бірақ бұл Арманды қажытпайды. Керісінше бір адамға болса да көмегі тисе, соған балаша қуанады. Арманмен әңгіме барысында оның шынымен әр науқаспен ерекше қарым-қатынас жасайтынын, жылы сөйлеп, жанына сөзбен де ем беруді көздейтінін аңғардық. Онысын анасынан дарыған қасиет деп біледі. «Менің алтын анашым мықты дәрігер еді. Оны аудан ғана емес, облыс, республикадағы әріптестері қатты сыйлайтын. Оның айтқан әрбір ақылы, кеңесі, дәрігер болу үшін адамға төзімділік пен сабырлық, сосын жарқын мінез қажет деп айтып отыратын сөздері әлі күнге есімде. Менің анашым – менің бірден-бір үлгі тұтатын тұлғам. Мен анашыма қарап, дәрігер болғым келді, анашым сияқты елге қолұшын созып, көмектескім келді. Сол үшін мен өз мамандығыммен мақтанамын әрі өзімнің берген антыма адал болуға тырысамын», – деп ағынан жарылды Арман Махмутжанұлы.

Бүгінгі күні Арманның жан жары да медицина саласының маманы. Орталық ауруханада акушер болып жұмыс істейді. 4 қыз тәрбиелеп отыр. Олар да болашақта дәрігер болуды көздесе, өзінің қуанышында шек болмайтынын жеткізді Арман. Өйткені ол дәрігерлікті қасиетті мамандық санайды. Оның үстіне отбасылық дәрігерлер династиясын жалғаса деген арманы да бар Арманның. Оның үлкен әпкесі Лейла Касымова Астанада невропотолог – дәрігер. Екінші әпкесі Гузель Алматы қаласындағы №2 емханада педиатр болып жұмыс істейді. Ал кіші әпкесі Гулинур Шонжыдағы ауруханада тіс дәрігері. Барлығы да жоғары дәрежелі мамандар.

«Бір адамның болса да жанына араша түсіп, ауыр сәтте қолұшын соза алсаң, бақыт деген сол емес пе? Қазір медицинасыз қоғам жоқ. Түрлі аурулар белең алған. Адамдар түрлі сырқаттармен келіп, сенен титтей де болса жанына медет болса деп аңсайды. Сондай сәтте өзі білімің мен тәжірибеңді сарп етіп, еміне дауа тауып берсең саған алғысын жаудырады. Маған да келген әр науқас алғыс арқалатады. Ондай сәтте мен қанаттанғандай боламын. Сондықтан да мен бақыттымын», – деп расымен өз мамандығына жәй ғана адал емес, шынайы ғашық екенін аңғартты. Жан жары да оның осындай қиын жұмысын жанымен түсінеді әрі қолдау көрсетеді.

2019 жылы ауданда алғашқылардың бірі болып жекеменшік УДЗ кабинетін ашқан да осы Арман Махмутжанұлы болатын. Жұмыс істей жүріп УДЗ дәрігері деген мамандықты та игерген болатын. Арада біраз уақыт жұмысын тоқтатса да, жақында бұл ісін қайта жандандырып жатыр. Бір сәтке де демалып, бос уақыт өткізуді қаламайтын Арман дәрігерліктен басқа менің қолымнан ештеңе келмейді деп езу тартты. «Мен тек емдеуді білемін. Басқа қолымнан түк келмейді. Сондықтан да жекеменшік УДЗ кабинетін ашып, келуші науқастарға терапевт дәрігер ретінде кеңес беремін. Ал жұмыстан мен ешқашан шаршамаймын. Өйткені дәрігерлік – менің өмірім», – дейді біздің кейіпкеріміз.

Анестезиолог-реаниматолог мамандығы клиникалық медицинадағы ең маңыздыларының бірі. Бұл – медицинаның әртүрлі салаларында ауқымды білімі бар және наркоз жасайтын және одан шығудың барлық әдістерін меңгерген кәсіби маман. Себебі, бұған адам өмірі байланысты және анестезиологтың қателік жіберуге құқығы жоқ. Анестезиолог-реаниматолог мамандығы «күшті» нервтерді және стресс жағдайына төзімді болуды талап етеді. Жасыратыны жоқ, ересек немесе бала болсын, науқас пациенттерге қарау өте қиын. Анестезиолог-реаниматолог ретінде өз кәсібіне берілген адам ғана жұмыс істей алады. Реанимацияда ауыр науқастардың төсегінің жанында түні бойы отыра алатын, қиындықтан қорықпайтын дәрігер ғана анестетика препараттармен жұмыс істей алады. Ар Арман осындай қиындықты еңсеріп, өз ісіне адал болып жүрген біздің сүйікті дәрігер.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр

Алматы облысында АИТВ инфекциясын емдеу бойынша үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Бұл ту…