Бүгінде медиация дауды шешудің заманауи тәсілі ретінде оң нәтижесін көрсетіп келеді. Алайда, халықтың еліміздегі медиаторлар туралы хабары аз. Жанжалды шешудің балама тәсіліне еңбек, отбасы, адам құқықтарының сақталмауы сияқты мәселелерде жүгіне алатынын бірі білсе, бірі білмес. «Медиация туралы» заң 2011 жылы 5 тамызда қабылданды. Заңға сәйкес, медиаторлардың негізгі мақсаты – екі тарапқа мәселені өздері шешуге мүмкіндік беріп, бағыттау. Елімізде медиаторлар көмегі әлеуметтік салаларда, әсіресе отбасы мәселелерінде кеңінен қолданылады. Сонымен қатар несие сияқты коммерциялық проблемалар да медиаторлардың көмегімен шешіліп жатыр. «Медиация туралы» заң 2011 жылы 5 тамызда қабылданды. Заңға сәйкес, медиаторлардың негізгі мақсаты – екі тарапқа мәселені өздері шешуге мүмкіндік беріп, бағыттау. Елімізде медиаторлар көмегі әлеуметтік салаларда, әсіресе отбасы мәселелерінде кеңінен қолданылады. Сонымен қатар несие сияқты коммерциялық проблемалар да медиаторлардың көмегімен шешіліп жатыр.
Бітімгерлеріміз көбіне азаматтар арасындағы түсініспеушілікті, кикілжіңдерді шешуге қатысады. Құқық қорғау органдарына шағымданғандарға да сот процесі кезінде медиаторға жүгіну кеңесі беріледі. Дәл осындай мәселемен ауданымыздың Бахар ауылында семинар өтті. Оған Бахар, Шарын, Тасқарасу ауылдарының аналар кеңесінің төрағалары, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, жастары шақырылды. Облыс орталығы Қонаев қаласынан «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ басшысының орынбасары Айымжан Тәңірбергенова, жаттықтырушы- этномедиатор Күлпаш Шалбуловалар арнайы келді. Бахар ауылының әкімі Талғат Салимов, аудандық қоғамдық келісім және даму орталығының жетекшісі Гүлжаһан Әликеевалар қатысты.
Сөз тізгінін қолына алған Гүлжаһан Кәкішқызы жиналған қауыммен амандасып, саулық сұрасқан соң алғашқы сөзді Айымжан Кәріпжанқызына берді. Ол әңгімесін әріден бастап, елімізде 130 дан астам ұлт пен ұлыс тұратындықтан, ұлтаралық қатынастың өте нәзік тақырып екендігін, біздің елде татулық пен келісім орныққандығын тіліне тиек етіп, кейде өзара келіспеушіліктердің, түсінбеушіліктің болып тұратындығын жасырмады. Басты мақсатымыз ұлттар арасындағы татулық пен тұрмыстық кикілжіңдерді сотқа жеткізбей, медиаторлардың көмегімен алдын ала шешу екендігін түсіндірді.
Бахар ауылдық округінің әкімі Талғат Нұрақынұлы да ауылдағы қазақ пен ұйғырдың тату-тәтті өмір сүріп, шаруаларын дөңгелетіп отырғандығын жеткізді. Бүгінгі таңда медиация қызметінің аса қажеттігін, кейде тіпті отбасындағы ұсақ-түйек мәселелерді сотқа сүйрелеп жататын сәттердің болып тұратындығына қынжылысын білдірді. Осындай кезде медиаторлар ерлі-зайыптылардың арасына делдалдыққа түсіп, ақылға шақырып, сотқа жеткізбей шешілсе нұр үстіне нұр болар еді деген ойын ортаға тастады. Этносмедиатор Күлпаш Шалбулова сахналық қойылым арқылы өмірдің кейбір түйткілді сәттерін бейнелетті. Көршісінен қарызға мол қаржы алған адам және оның өсімақысымен қосқандағы берешектің көбейгендігін, қарызын өндіре алмаған адамның сотқа дейін медиатордың көмегіне жүгінген сәтін жиналғандарға ұсынды. Ажырасып жатқан ерлі-зайыптылардың арасындағы балалардың кімнен қалғаны дұрыс деген тақырып да өте өзекті болды. Көптеген жағдайда бала әкесімен қалғысы келіп тұрса да біздегі соттар анасына басымдық беретіндігін айқындайтын көріністе баланың қалауы мен ата-ананың ортақ келісімге келуіне медиатордың ықпалы қаншалықты екендігін дәлелдеді.
Әрине медиатор кез келген істі сотқа жеткізбей шеше алмайды. Дей тұрғанмен тұрмыстық деңгейдегі, азаматтық істердегі, қарыздарын өтей алмай жүрген жандар үшін бұл қызмет өте қажет. Егер медиатор заңдық тұрғыдан өте сауатты болып тұрса, онда көптеген мәселелерді сотқа жеткізбей шешуге болатындығына жиналған қауымның көзін жеткізді. Жол-апат оқиғаларындағы көлік қақтығыстары немесе көршілердің жер таластары кезінде бірден жұдырықтарын ала жүгірмей, өзара келісімге келу – медиацияның басты міндеті. Осындай нақты мысалдар арқылы жаттықтырушы көптеген істерді сотқа жеткізбеуге болатындығын айтты. Медиация қызметі туралы туралы алдын-ала дайындалған брошюралар таратылып, көптеген сұрақтарға жауаптар алынып семинар жұмысын аяқтады.
Балауса АБДИМУСАЕВА,
«Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ-нің
аудандық бөлімінің жетекші сарапшысы