Басты бет Саясат ӘЛЕМНІҢ ЖАРЫҒЫ, ӨМІРДІҢ ШЫРАҒЫ…

ӘЛЕМНІҢ ЖАРЫҒЫ, ӨМІРДІҢ ШЫРАҒЫ…

0
693

Қазақстан Республикасындағы мереке күндерінің тізбесі «Аналар күні»  мерекесімен толықтырылды. Биыл 12 мамыр күні республикамызда Аналар күні мерекесі ресми түрде алғаш рет тойланады. Дүниенің кілті, өмірдің шырағы, отбасының берекесі, әлемнің жарығы болған Аналарға бір күнді ғана емес, әр күнді арнасақ та көптік етпейді. Аналарсыз дүние бос. Аналар күні – әлемнің көптеген елдерінде ананы құрметтеу, аналарға сүйіспеншілігі мен қамқорлығы үшін алғыс айту үшін атап өтілетін маңызды мереке болып келген. Биыл бұл мереке Қазақстанда алғаш рет атап өтіледі және Бірлік, Отан қорғаушылар, Жеңіс күндерінің сабақтастығы ретінде 12 мамырда атап өтіледі.

Аналар күнін мерекелеу аналардың мәртебесін нығайтуға, ана болудың маңыздылығын және қазіргі қазақстандық қоғамдағы аналардың рөлін арттыруға, қазақ халқының тарихындағы аналардың рөлін танымал етуге ықпал ете отырып, кейінгі ұрпаққа дәріптеу, жас буынға өнеге ету деген ойдан туды деп түсінеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Дана халқымыз қашанда анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген. Бұл – ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет» деп жайдан-жай айтқан жоқ. Аналарға деген махаббат, оларға болған сүйіспеншілік құжатта немесе есеп беру үшін айтылмауы тиіс, ол шын мәнінде жан жүректен шығып, жылы сөз бен құрметтен құралуы тиіс. Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды. Ақиқаты осы. Аналары жоқтар сағыныш пен мейірімін естеріне алып, оларға сәт сайын тағзым етіп, аналарының есімдерін жүректеріне мәңгілікке жазып алғандар. Ананы қорғау – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым міндеті. Сондықтан еліміздің барлық аймағында аналар кеңестері, аналар мектептері қоғамдық негізде жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Олар ұлт тәрбиесіне атсалысып отыр. Ұлттық құндылықтарымыздың жаһанданудың иіріміне жұтылып кетпеуі үшін әрқайсысы өзіндік үлестерін қосып келеді. Ұлттық салт-дәстүр, ырым-тиымдар, қазақ әйеліне тән қасиеттердің бәрі дәріптеліп, өнегесі артқан аналарымыздың тарихи бейнелері қайта жаңғырып, насихатталуда. Бұл да ауқымды жұмыс. Өзіміздің білмейтінімізді апаларымыздан үйреніп, олардан алған үлгімізді кейінгілерге табыс ету – басты мақсатымыз.

Аудандық аналар кеңесінің жұмысын жандандыру жолында біз де көп көрім шаруаларды қолға алып келеміз. Ауданда және ауылдық округте құрылған аналар кеңестерінің саны бүгінгі таңда – 15, олардың құрамында 119 ана бар. Олардың ішінде  мемлекеттік қызметкеріміз де, мәдениет саласының мамандары, білім саласының қызметкерлері, жеке шаруа қожалық саласында тер төгіп жүрген шаруақор аналар, дәрігерлер, кәсіпкер әйелдер, көп балалы аналар, бұқаралық ақпарат саласының өкілдері де бар. Сонымен қатар біздің құрамда атамекенім деп туған жерін аңсап келген қандастар, ұйғыр этноорталығының ару қыздары бар. Аудандағы аналар кеңесі, ауылдағы кеңестер «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының 4 бағыты бойынша жұмыстарды жүзеге асырды.  «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы ҚХА жанындағы аналар кеңесінің бастамасымен дайындалған жоба. Бұл жобаның басты мақсаты отбасы құндылықтарын өскелең ұрпақтың бойына таратып, ұлттық дәстүрді қадірлеуге, сақтауға шақыру болып саналады. Аталған мақсатты жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының арасында тығыз байланыс орнауы қажет. Ол байланыс басталды. Сондықтан аналар мерекесінің мән, маңызын түсіндірудің өзі артық болуы керек. Ана – бұл біздің алғашқы мектебіміз. Олар бізге өмірдің алғашқы сабақтарын береді: махаббатты, мейірімділікті және күштілікті үйретеді. Ресми атауға ие болған Аналар күнімен ауданның барлық аналарын шын жүректен құттықтаймын. Әлемнің жарығын адамзатқа сыйлаған Аналарымыз аман болсын. Олар қамықпасын. Дүниенің кілтін ұстаған Аналарға мың тағзым.

Гүлжаһан ӘЛИКЕЕВА,

аудандық аналар кеңесінің төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Касательно премий государственным служащим

https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/877035?lang=ru В связи с об…