Басты бет Заң және қоғам ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ҮДЕП БАРАДЫ

ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ҮДЕП БАРАДЫ

0
971

Жазушылар – қоғамның барометрі. Өйткені олардың жазған кітаптары, ондағы кейіпкерлердің бойындағы тазалық, адалдық арқылы біз бой түзедік кезінде. Жағымсыз кейіпкерге ұқсайтын адамдардан бойымызды алыс ұстадық. Шыны сол. Кітап оқу арқылы біз өзімізді тәрбиеледік. Жанымыздағы досымызға ондағы жақсы адамдар туралы әңгімелейтінбіз. Достық деген қасиетті ұғымның қаншалықты биік екендігін де, махаббат деген мөлдір сезімнің мықтылығын да кітап арқылы ұғындық десек артық айтқандық бола қоймас.

Кітап оқымайтын буын қалыптасқалы қоғамда әлімжеттілік, агрессия, психологиялық, физикалық, экономикалық, әлеуметтік, жыныстық зорлық-зомбылықтың өршіп кеткендігі жасырын емес. Кез келген ақпарат көзін аша қалсаң балалардың бір-біріне әлімжеттігі, одан қалса өгей әкенің бүлдіршін қызға жыныстық зорлығы, ақша бопсалау, күш көрсету сияқты оқиғаларға тап боласың. Оларға көзіміз үйренгені соншалықты етіміз де өліп кеткендей қабылдайтын болдық. Қалыпты жағдайға айналып бара жатқаны адам үшін, қоғам үшін, мемлекет үшін де өте қауіпті екендігін ойлағанда жаның түршігеді, жүрегің қан жылайды. Ой, жетесіз-ай, сұмдық-ай дейміз де қоямыз. Бұрын мұндай оқиғалар мүлдем болмайтындай немесе өте сирек кездесетіндей көрінетін. Енді еліміз ғана емес, шетелдіктер де қадағалауға мүмкіндік алған Бишімбаевтың оқиғасы санамызды сан саққа жүгіртіп, оның соты адамдарды әртүрлі пікірге жетелеп отырғандығына бәріміз куәміз. Білімді, оқыған, тоқыған, зиялы отбасынан шыққан адамдар осындай иттік әрекетке барса, басқаларына не жорық.  Әлеуметтік теңсіздік, қаржының жетіспеушігі, адамдар санасының сарсаңға түсуі осындай келеңсіздіктерге әкеле ме, әлде? Шын мәнінде білімсіздікке, сауатсыздыққа бой алдырғандықтан, оңай жолмен байып, қаржысын апаратын жер таппаған адамдар осындай іс-қимылды өз пайымдары бойынша дұрыс дей ме? Бәрін, оның ішінде рухани құндылықтарды да ақшаға сатып алып үйренгендер үшін адам өмірі шыбынның жанымен пара-пар ма? Боқ-дүниеге мастанғандар үшін ешқандай құндылық жоқ-ау теңгеден басқа.

Жазушылар одағында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты жазушы әйелдер арасында үлкен дөңгелек үстел өтті. Әр жазушы өз шығармашылықтарындағы гендерлік саясат тақырыбына жазған дүниелері туралы, жалпы әйел теңдігі жайлы әңгіме қаузасты. Әркімнің пікірі әртүрлі. Ер адамдардың әйелге қол көтеруі немесе басқалай әдіспен қорлауын Құнанбай заманынан бастап мысалдар келтіру арқылы баяндай келе әйелдердің қоғамдағы, отбасындағы орындары, бала тәрбиесіндегі, жалпы ұлт тәрбиесіндегі рөлін жақсылап ортаға салған келелі кездесу болғандығын Мөлдірдің (Райымбекова) сұхбатынан оқып, білдік. Неге ер адамдар да, әйелдер де тез ашуланғыш, бір-бірін өлтіруге дейінгі әрекетке баратындай агрессор боп кетті деген сұраққа жауап іздепті жазушы ханым-қыздарымыз. Алдағы уақытта ұлттың сабырлы, байыпты, мейірімді, жанашыр болуы үшін не істеу керек деген мәселені де көтеріпті. Дәл қазір жазушылардың ақылы, айтар ойлары керек-ақ. Әрине жазушы қауымы ең алдымен өз жазбаларында  тәрбиелік мәні бар дүниелерге басымдық берілуін, жастардың қандай кітаптарды оқу керектігін айтысыпты. Балаларға мейірімге, махаббатқа толы кітаптардың көптеп жазылуын, тек қана кітап емес, фильмдер, мультфильмдерді түсіріп, ондағы оқиғаларда тек татулық, достық, мейірім басты назарда болса деген тілектерін жасырмапты. Жақсы үрдіс жалғасын тауып, қоғам мейірімге толса екен деген тілек әр жүректе орын алғаны да жасырын емес.

Балалар әліпбиді таныған күннен бастап оларды тек сүйіспеншілікке толы кітаптармен сусындату керек. Әлімжеттік, қастандық, сатқындық, атыс-тартыс, соғыс болмауы тиіс. Сонда бала жүрегі жұмсақ болып өседі. Бүгінгі қоғамда үлкендер балаларды мейірімге шөліркетпеулері тиіс. Олардың бойына махаббат пен мейірімнің, жанашырлық пен сабырлылықтың ұрығын сеуіп, ұлттық болмысын қалыптастырғанда ғана тұрмыстық, басқалай зорлық-зомбылыққа жол берілмейді.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекел…