Басты бет Саясат ТАЗА ҚАЗАҚСТАН – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ!

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ!

0
1,027

Соңғы апта ішінде «Таза Қазақстан» деген сөз тіркесі халық арасында көптеп айтыла бастады және құлаққа үйреншікті сөз ретінде қалыптасып қалды.  Оның себебі де бар. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Таза Қазақстан» деген атаумен экологиялық акциясын қолға алуды тапсырған болатын. Бұл игі бастаманың аясында елімізде жаппай тазалық акциялары ұйымдастырылып, қоршаған ортаға деген ерекше көзқарас қалыптастыру, азаматтардың табиғатқа деген жан жылулығы мен жанашырлығын ояту мақсат етілген. Жалпы тазалық – денсаулықтың кепілі екендігі айқын. Әр азамат мекен еткен айналасын таза ұстап, қоршаған ортаға қамқорлық танытып, әр талы мен тасын көзінің қарашығындай қорғай алса, жер анаға жанашырлық білдіріп, туған жердің табиғатын аялай алса артымыздан ерген өскелең ұрпаққа таза әрі сау болашаққа кепілдік бере алатындығымыз сөзсіз!

Біздің мекен етіп жатқан туған өлкеміз әрқайсысымыз үшін ерекше ыстық. Тұмса табиғаты мен келісті келбеті жарасқан ауданымыздың әрбір ауылы мен әр көшесінің тазалығы біз үшін маңызды! Бүгіннен бастап еліміздің барлық аймағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бастау алды. Дәл осы игі бастама арқылы біздің табиғатқа деген қамқорлығымызбен қатар татулығымыз және бірлігіміз арта түсетіні сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі науқанды бастау қажеттігін мықтап тапсырды. Осы орайда өңірлерде 5 аптаға жоспарланған тазалық шаралары бастау алды. 6 – 13 сәуір аралығы «Таза өлке» деген атаумен басталатын жаппай сенбіліктердің аптасы. Бұл апта ішінде еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін туған өлкенің тазалығына атсалысатын ауқымды сенбілік жұмыстары ұйымдастырылады. 15 – 22 сәуір аралығында «Киелі мекен» деген тақырыппен аймақтардағы киелі жерлер мен қасиетті орындар, тарихи-мәдени ескерткіштер мен тарихи қорымдар қоқыстан тазартылып, көгалдандырылуы қажет. 22–27 сәуір күндері аралығындағы апталық «Жасыл аймақ» деген атау алып, аты айқындап тұрғандай айналамызды жасыл желекке айналдыру үшін жаппай ағаш отырғызуды қолға алу ұйымдастырылады. 29 сәуір мен 4 мамыр күндері аралығындағы апталықта ең өнегелі істер атқарылу жоспарланғандықтан «Өнегелі ұрпақ» деген атау алған. Бұл апта ішінде әр санаттағы ардагерлер мен жалғызбасты, қарт адамдардың, зейнеркерлердің, құрметті әрі беделді ақсақалдар мен аналардың ауласы мен айналасына сенбілік жұмыстарын ұйымдастырылып, үлкеннің батасын алу үшін қайырымдылық әрі ізгі істер атқарылатын болады. Ал 4-11 мамыр аралығында «Мөлдір бұлақ» деп аталған апта ішінде аудан аумағындағы бұлақ көздері мен өзен-көлдер күл-қоқыстан тазартылатын болады. Осы жоспарға сәйкес ауданда арнайы желілік кесте жасалып, бекітілді. Аталмыш желілік кестеге сәйкес тазалық акциясы өз мәресіне жеткенше күнделікті тиісті жоспарлы жұмыстар жүргізіліп отыратын болады.

Еліміздің Президенті осы бастама барысында «Әкімдердің қызметі елдімекендер мен қоғамдық кеңістіктердің сыртқы келбеті бойынша да бағаланатын болады» деген сөзінде жергілікті атқарушы орган мен ауылдық округ әкімдерінің жауапкершілігін арттыру практикасының жүзеге асырылатындығын да тілге тиек етті. Бұл орайда әкімдерге көптеп күш түсетіндігі белгілі. Алайда мемлекетіміздің саясатын нәтижелі әрі нақты іске асыру тек әкімдердің ғана емес әрбір отандастарымыздың, әрбір Қазақстан азаматаның міндеті екендігін сезінуіміз керек.

Бүгіннен бастап барша аудан жұртшылығын ауласы мен үйінің айналасын қоқыстан тазартуға, сондай-ақ әр салада жұмысын дөңгелетіп отырған жергілікті кәсіпкерлерді өздерінің кәсіпкерлік ғимараттарының айналасы мен ауласын тазартып, көлбеу сулар ағатын арықтарды қалдықтар мен кедергілерден тазартуға, жалпы акция аясында болатын сенбілік жұмыстарына белсенді атсалысуға шақырамыз!

Сонымен қатар, аталмыш акция аясында туған өлкеміздің әрбір бұлағының көзі ашылып, ағаш отырғызу белсенді түрде қолға алынатын болады. Дана халқымызда «Бір тал кессең, он тал ек» деген тәмсіл бар. Айналамызда өсіп тұрған әрбір тал мен жеміс ағашы табиғаттың көркі мен келбеті, біздің тыныстап жүрген таза ауамыздың кепілі екендігі айқы.

Құрметті жерлестер! Туған жердің табиғатын аялау, қоршаған ортамызды көзіміздің қарашығындай қорғау азаматтық борышымыздың бір көрінісі. Осы игі шарада өзіміздің жер анаға деген жанашырлығымызды білдіріп, өскелең ұрпақтың санасында өнегелі іс жаңғыртып, жас буынның бойында тәрбие мен мәдениетті қалыптастыруға атсалысайық!

Тәуелсіз еліміздің тамыры тарихқа одан әрі бойлай түсіп, Әділетті Қазақстанның болашағы жарқын әрі экологиялық таза қоршаған ортада дами берсін! Ұрпағымыздың қауіпсіз және таза Қазақстанда еркін өмір сүруіне бүгіннен бастап қолайлы жағдай қалыптастырайық!

  Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ,

аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысы: ауылдық округ әкімдерінің жұмысына жаңа серпін беріледі

Алматы облысында ауылдық округтер әкімдерінің бірінші форумы өтті. Шара жергілікті билік ө…