Басты бет Кәсіпкерлік КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ КЕЗДЕСУІ

КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ КЕЗДЕСУІ

0
74

Аудандық кітапханада кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен келелі кездесу өтті. Оның жұмысына жаңадан тағайындалған Алматы облыстық «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы Бекеев Тимур Берікұлы қатысты. Сондай-ақ аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қадыржан Бағбаев, аудан прокуроры Бауыржан Қыбраевтар кездесуге арнайы шақырылыпты.

Кездесу тізгінін қолына алған аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Муслим Амангелді күн тәртібінде бір ғана мәселе тұрғандығын, ол кәсіпкерлерге қолбайлау болып тұрған проблемалар жайы екендігін айтып, облыста жаңадан қызметін бастаған Тимур Берікұлының қызметіне табыстар тілеп, жұмысты бастамас бұрын 9 қыркүйек «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының құрылғанына 10 жыл толуына орай біраз адамдардың алғыс хатпен марапатталғандығын естідік. Арнайы келген алғыс хаттарды облыстан келген өкіл ұсынды. Аудандық кәсіпкерлер қоғамының төрағасы Ғайрат Ахметов, аудандық іскер әйелдер қоғамының мүшесі Римма Марат, аудандық су пайдалану ассоциациясының төрағасы Қайрат Сәми, кәсіпкер Бақыт Мұхаметжанов, «Отан Грин Фуд» құс фабрикасының директоры Жақып Барлыбаевтар алғыс хаттармен марапатталды. Сонан соң Тимур Берікұлы құс фабрикасының жұмысымен танысып келгендігін айтып, кез келген сұраққа жауап беруге дайын екендігін ескертті. Аудандарыңыз агроөнеркәсіптік болғандықтан сұрақтарыңыз көп болуы мүмкін, «Атамекен» барлық шаруаларды қаржыландыруға шамалары келмейді, біздің көмегіміз ақысыз бизнес жоспар жасауға көмек беру, кеңес беру деп ойын ашық жеткізе отырып әңгімесін бастады. Кәсіпкерлердің құқықтары мен мемлекет жағынан көрсетіліп отырған жақсылықтарды да айтып өтті. Ашық форматтағы кездесу екендігін ескертті.

Сонан соң сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Қадыржан Бағбаев ауданда кәсіпкерліктің жақсы дамығандығын, олардың жұмыстарының өркен жайғандығын тіліне тиек етіп, әлеуметтік әлсіз топтарға әрқашан көмектерін беріп, «Мектепке жол» акциясында қомақты қаржылай көмекті де кәсіпкерлер беріп отырғандығын жеткізді. Осы арада бір топтың «Қора пати» деген шараны қолға алғандарын, бірақ олардың пиғылдарының дұрыс еместігін түсіндірді. Тіпті олар көтерген бастаманы сын тезіне алды. Олардың түпкі ойларының ешқандай адамдыққа жатпайтындығын, теріс пиғылды адамдар екендігін ескертті.

Аудан прокуроры Бауыржан Маратбекұлы бүгінгі басқосу емен-жарқын әңгімелесу, ашық пікірлесу болғандықтан әр кәсіпкердің көкейлеріндегі сұрақтарын қысылмай қоюына болатынын айтып,  әңгімесін бастады. «Шамамның келгенінше жауап беремін. Өз басым кәсіпкерлермен жиі кездесіп отырамын. Олардың жұмыстарына кейде кесірін тигізетін дүниелер болып тұратыны өтірік емес. Кәсіпкерлік дамыған кезде аудан да көркейе түсетіндігі рас. Сондықтан маған, Тимур Берікұлына қоятын сұрақтарыңызға жауап беруге дайынбыз», – деп сөзін қайырды.

Алғашқы сұрақты қойған Римма Марат 5 миллион грант иегері екендігін, ендігі жерде облыстық конкурстарға қатысуға жобалар әзірлеп жатқандығын, бірақ сол облыстағы конкурстың өту мерзімі үш күн қалғанда жария етілетіндігі, оған ешқандай атсалысуға мүмкіндік болмай қалатындығын айтты. Осы мәселені бір жүйеге келтіруге болмас па, мерзімді алдын-ала неге нақтыламасқа деген сұрағын көлденең тартты. Тимур Берікұлы бұл мәселені анықтайтындығын айтты. Аудандық ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Бинара Сыдықбекова облысқа апаратын жобалардың көбісі кері қайтатындығын, өйткені инновация жоқ деген сылтауды көп еститіндіктерін, ауылдық жерге қажетті дүниені де инновациялық емес деп комиссия мүшелері қабылдамай тастайтындығына өкпесін айтты. «Комиссия мүшелерін ауылдық жердің жұмысымен етене таныс адамдардан құруға болмай ма?» – деп сұрағын төтесінен қойды. Облыстан келген өкіл оны кадр дайындығының төмендігімен мойындады. Кәсіпкер Армидин Тайиров бау-бақша өнімдерінің кейде ауа райына байланысты өнім беріп, өнім бермей жататындығын, сондай кезде бағбандарға еш жерден көмек болмайтындығын айтса, Ғожахмет Қадыров жоғары аймақтардағы ауылдардың егіндіктерін суғаратын суға зар екендігін жеткізді. Шарын ауылынан келген Ерлан Отарбаев шаруа қожалығының жер мәселесіне қатысты, оны заңдастыруда көптеген кедергілерге кездесіп отырғандығын айтты. Жерді құжаттандыруға байланысты заңгер бірден құжаттарын қолына алып оңтайлы жолын түсіндірді. Егіндік жерлерді суғаруға қатысты Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында тиісті лауазымды тұлғаларға, үкіметке арнайы тапсырма бергендігін, су ресурстары өз алдына бөлек министрлік болып құрылғандығын, бұл мәселе шешілуі тиіс деген жауап қайтарды. Аудан прокурорына кірпіш зауытының басшысы алдын ала ескертілмей айыппұл салған санитарлық-эпидемиологиялық станциясының басшысының әрекеті қаншалықты дұрыс, – деген сауалын жолдады. Бауыржан Маратбекұлы облыстық сараптамадан кейін экологиялық прокуратураның қаулысына сан-эпидем тек заңды орындаушы екендігін түсіндірді.  Жекеменшік балабақшалар қожайындарының да шешімін таппай жүрген мәселелері көп екен. Әркім көкейлерінде жүрген сұрақтарына тиісті жауаптарын алды.

Кездесу шын мәнінде ашық форматта өтті. Модератор Муслим Амангелді басқосуға арнайы келген қонақтарға алғыс сезімін жеткізді. Ауданның кәсіпкерлерінің жұмыстарына табыс тіледі. Алдағы жұмыстардың ауқымды екендігін айтты. Кәсібін нәсібі етіп жүрген жандардың әртүрлі жобаларда бақтарын сынап, жеңімпаз атануларына тілектес екендігін жеткізіп, кездесуді қорытындылады.

Баян МАМЫРБАЕВА

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысы аумағында логистикалық парк ашылмақ

Алматы облысы аумағында жалпы құны 70 млрд теңгені құрайтын ауқымды инвестициялық жоба – л…