«AMANAT» партиясының аудандық конференциясында облыстық конференцияға, ал облыстық конференцияда кезектен тыс XXV съезіне делегат болдым. Әуелгі ой, СССР кезіндегі партия съездеріндегідей көбік сөз, көпірме бағдарламалараға толы партия хатшысының 2-3 сағатқа созылатын мылжың баяндамасын тыңдап, жарамсақ қол шапалақтауларға шомылып қайтармыз еді. Екіншіден «Жаңарған, әділетті Қазақстанды» «Нұр Отанның» шекпенінен шыққан «Аманаттың» съезі «Әділетті Қазақстанды, Жаңарған қоғамды» қалай құрамыз дер екен деген әуестік жеңіп еді.
Ауқымды жиынға партияның саяси кеңес мүшелері, Мәжілістің VІІ шақырылымының экс депутаттары, өңірлерден келген делегаттар, партияның «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері, сондай-ақ сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері шақырылған 1200 делегаттың 1183-і қатысып отырғанын хабарлады партияның атқарушы хатшысы, съезд модераторы Елнұр Бейсенбаев. Жұмысын күн тәртібіндегі партияның саяси кеңес құрамына енгізілген өзгерістерден бастаған съездің жаңаша форматта өтетініне қатысушылардың көздері жетті. Кезекте Партиялық тізімдер және бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды бекіту, партияның сайлауалды бағдарламасын қабылдау мәселелері қаралған съезд бір жарым сағатта мәреге жетті.
Бізге ұнағаны, сөйлеген адамдардың өз ойларын бүкпесіз, ашық та айқын жеткізгендеріне қоса жиынның негізінен қазақ тілінде өткізілуі еді. Мәселен: «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңді өзгерт» деген қанатты сөз бар. Менің мақсатым өзгерісті ауылдан, өзіміздің ауданнан бастау. Өз ауданымызда қолайлы орта қалыптастыру. Оның көркеюіне, дамуына үлес қосу» деді делегат Жұлдыз Жұманқызы өз сөзінде.
Иә біз де өзгерісті өзімізден, ауылымыздан, ауданымыздан бастасақ. Ауылдардағы салық төленбей отырған жерлерімізді ауылдастар өз еріктерімен жариялап заңдастырса, өздері пайдаланбай өзгеге жалға беріп отырған учаскелерін жері жоқ жандарға, қандастарға өткізсе, шіркін. Ауыл маңайындағы егістік, мал жайылымдарын заңды, заңсыз қоршап не өздері пайдаланбай, не жұртқа бермей отырғандарға шара қолданылса қандай ғанибет болар еді.
VІІ шақырылым депутаты Еділ Жаңбыршиннің: «Егер біз әділ мемлекет, әділ экономика, әділетті қоғам құрамыз десек, оны ауылды аяғынан тұрғызудан бастауымыз керек. Әділдік сонда ғана салтанат құрады. Ауыл бәрімізді тербеткен бесігіміз. Жердің киесі, елдің иесі ауылда» деген уәжін тыңдаған адамға, егістік жерлер – дихандарға, жайылымдық жерлер – малшыларға ғана берілсе, ауылдағы өндіріс кәсіпорын, шағын кәсіпкерлік ашушылардың әрқайсысының арзан несие алуға қолдары жетсе деген ой келеді екен. Ісін дамытқанды дәріптесе, жалқаулыққа салынып, басқа мақсатқа жұмсағандарға шара қолданылса дейсің.
Біз «Әділетті Қазақстан» дегенде оған тұтынушы ретінде қараймыз. Өзінен-өзі бір заң немесе шешім арқылы әділеттік пен заңдылық орнай қалатын сияқты. Ол тек Президент, Үкімет яки әкімдіктің жұмысы сияқтанып тұрады. Анығында олай емес. Әділетті Қазақстанды құру үшін қоғамның барлық мүшелері түгел жұмылуы керек», – деген экс білім министрі Асхат Аймағамбетовтың қара қылды қақ жарған сөзіне қол соқпауға қалай дәтіңіз шыдайды.
Әлемге әйгілі, әрбір қазақтың жүрегіне жол салған «Көк тудың желбірегені» өлеңінің авторы Алмас Ахметбековтің: «Бізге жаңа рухани саясат керек. Руханият – ол ұлттық қауіпсіздіктің бірден-бір негізі. Жаңа руханиятты саясат ұлттың қазақтардың түбегейлі мүдделерімен сай болуы тиіс. Тіл, ұлт сипаты, әдебиет, өнер, қоғамдық сана – осылардың барлығына жаңаша көзқарас қажет.
Ең берік қорған – ол ұлттың руханияты. Біз Қазақстанның гүлденуіне, мәңгілік болашағына шынайы мүдделі адамдарды азат Отан топырағына топтастыра түсуіміз керек деген сөзі жиынға қатысушылардың зор қошеметіне ие болды. Шынында да тағдыр тәлкегімен дүниенің әр пұшпағына тарыдай шашылған қандастарымыздың көшін елге бұратын мезгіл болды, ағайын. Сол көшті дұрыстап қарсы алып, діттеген қонысқа қондыру бүгінгі күннің бірден бірегей көкейкесті мәселесі болса керек.
22 жасында Алматы қаласы мәслихатының өткен шақырылым депутаты болған параолимпиадашы Серік Есматов қоғамның игілігі үшін еңбек ету әрбір қазақстандықтың қолынан келетінін дәлелдеді. – Балалық шағымда тынымсыз дайындықта болдым. Жазумен айналысып, бокс құрамасында болдым. Сол кездегі арманым Олимпиада чемпионы атану еді. «Адам жоспарлайды, Алла шешеді» демекші, әп-сәтте өмірім өзгеріп шыға келді. Жазым аяқасты ғой. 13 жасымда пойыздың астына түсіп, екі аяғымнан айырылдым. Сол сәтте «Анама не айтамын?» деген сұрақ келді санама. Алланың арқасында аман қалдым. Соған шүкіршілік ету керектігін түсіндім. Алғашқы жарты жыл бойы арпалысып, отаға түсіп, аман қалдым. Шыны керек. Бұл күйіме күйіндім, өзіме ғана емес бүкіл әлемге ренжулі едім. Бірде айнаға қарап тұрып: «Мен кіммін? Қалауым не?» деп сұрадым. Сонда тіршілік ету емес, өмір сүруге бел будым. Сөйтіп бір жылдан соң Параолимпиада чемпионы атандым. Сол себепті елге ескертерім, жұртқа жарияларым, халыққа хабарларым әр адамның әлеуеті шексіз. Өз өміріміз де, еліміздің болашағы да өз қолымызда. Сондықтан әділ де, заманауи Қазақстанды бірге құрайық! – деген Серіктің сөзінен соң аяныштан көзіне жас алмаған, қайсарлығына қуаныштан қол шапалақтамаған жан қалмады-ау.
«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов қорытынды сөзінде «Съезге даярлық кезінде мыңдаған кездесулерден халықтың 200 мың талап-тілектері жинақталды. Партия бағдарламасы халқымыздың мұң-мұқтажын арқалаған 200 мың аманат!
Сайлауға осы аманат пен жауапкершілікті арқалап бара жатқанымызды айтты. Ерлан Қошанов: тағы бір басымдық – ұлт руханияты. Қазақтың тілі, ата салт-дәстүрі мен төл мәдениеті баға жетпес рухани қазына. Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуі өте маңызды. Қазақ тілі білім мен ғылымда, медицинада, әскерде, қаржы саласында, ақпарат кеңістігінде өз орнын алуы тиіс. Бұл – біздің ұлтымыздың алдындағы перзенттік парызымыз. Бізді біріктіретін, ұлтты ұйыстыратын ұлы құндылықтар, мәңгілік мұратымыз, – дей келе партияның сайлауалды бағдарламасын төмендегідей тарихи үш ұғымның аясында сипаттады. Ол – ҮМІТ. СЕНІМ. ТӘУЕКЕЛ. Үміт – қанаттандырады. Сенім – талаптандырады. Ал тәуекел – жеңіске жеткізеді, – деп түйіндеді ойын төраға.
Ал біздіңше, «Жалғыз ағаш орман, жалғыз кірпіш қорған болмайтыны» аксиома. Дәлелдеу қажетсіз. Біз тал шыбығын шыңдап, бәйтерек етіп баулыған, жалғыз кірпішін жинап, қорған жасайтын ұлы халықтың ұрпағымыз. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп Абай хакім айтқандай, мемлекетіміздің әрбір азаматы өз орнын білсе, жанын жай таптыратын іспен айналысса, жаңа кезеңге аяқ басқан ел дамуына қосқан үлесіміз болар еді. Иншалла, солай болады да. Мен оған сенімдімін.
«Басшы біреу, қалғанымыз оған тіреу болуымыз керек» деген Шерағаңның – Шерхан Мұртазаның сөзі біздің темірқазығымыз. Аллаға аян, ол басшы бізде бар. Ол – Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің еліміздің бары мен жоғын, ашы мен тоғын түгендеп, артығы мен кемін, ылдиы мен төрін бағамдаған «Әділетті Қазақстан. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы осының айғағы. Осы Жолдауда анықталған міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асырып, Ел басшысының айтқанын келтіріп, атқанын тигізетін көшбасшылар керек. Осы ниетімізге жеткізетін де, көңілімізді көншітетін де халық қалаулылары. Әр деңгейдегі мәслихат және және мәжіліске ұсынып отырған үміткерлер.
Иә, лайым үкіленген үмітіміз ақталып, сенімімізге селкеу түспей, тәуекеліміз жеңіске жетелей берсін. Жаратқан жеңісті де жемісті де күндерде жолығуға жазсын.
Жәнет КЕРІМҚҰЛОВ,
«AMANAT» партиясының кезектен тыс XXV съезінің делегат