Басты бет Жолдау Саяси науқан қарсаңындағы жұмылдыру шаралары

Саяси науқан қарсаңындағы жұмылдыру шаралары

0
389

Президентіміз осы жылдың қыркүйегіндегі жаңа Жолдауында елдегі орын алатын бірқатар саяси әрі экономикалық сипаттағы шаралар мен өзгерістер жайында тиісті мемлекеттік құрылымдар мен жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмаларын беріп, ұтымды ұсыныстарын айтты. Елді елең еткізген жаңалық әрине мерзімінен бұрын өтетін Президент сайлауы туралы ұсыныстың енгізілгендігі болды. Сонымен қатар ендігі елдің тағына отыратын патша 7 жыл мерзімге сайланып, қайта Президент сайлауын түсе алмайтындығы туралы Конституция баптарына өзгеріс енгізу туралы бастама да бұрын соңды айтылмаған жаңалықтардың бірі болды. Жолдау халыққа жол тартқаннан кейін мерзімінен бұрын өткізілгелі отырған Президент сайлауы қоғамда қызу талқыға түсіп, бірқатар орталарда түрлі пікірлермен сыналды. Алайда бүгінгі күннің саяси тынысы мен ертеңіміздің еңселі болуы үшін дұрыс деп тапқан ел Президенті мен оны қолдаған көпшілік дәл осы саяси науқанның болуын дұрыс деп қабылдады. Осыдан кейін қоңыр күздің қарашасындағы жиырмасыншы күн біз үшін еліміздің тізгінін сеніп тапсыратын тұлғаны уақытынан бұрын сайлау үшін тағы бір таңдауымызды жасайтын күн болып белгіленді.

Осыған сәйкес өңірлерде жергілікті атқарушы орган тарапынан сайлау қарсаңындағы қарбалас күндер мен қауырт дайындық жұмыстары бастау алып кетті. Әр сайлаудың қарсаңында атқарылатын желілік кесте құрылып, оның іші бүкіл тұрғындар мен барлық саланы қамтитын шаралармен  толықтырылды. Дәл осы саяси науқан қарсаңында Ұйғыр ауданы штабының желілік кестесіндегі шаралардың өткізілуі ағымдағы жылдың 12 қыркүйек күні бастау алып, бүгінгі күнге дейін дайындық кезеңінің шаралары тиісті дәрежеде өткізіліп, қазіргі таңда жұмылдыру кезеңінің жоспары орындалу үстінде. Аталмыш кестеге сәйкес осы аптаның ішінде аудандық электр торабы, су құбыры, халыққа қызмет көрсету орталығы, «Қазпошта» сынды мекемелерде және денсаулық сақтау саласында ел Президентінің жаңа Жолдауының түрлі бағыттарын насихаттау бойынша ұжым ішінде жиындар мен дөңгелек үстелдер және кездесулер ұйымдастырылды. Желілік кестеде көрсетілгендей жоспарланған іс-шараларға мүмкіндігінше ауданда құрылған Жолдауды насихаттау топтарының мүшелері арнайы барып қатысып, талқылауға атсалысу үстінде. Қоғамға қызмет көрсететін мекемелерде өткен ұжымдық жиындарда алда келе жатқан саяси науқанның маңыздылығы мен әр сайлаушы барып, өз таңдауын жасауының ел болашағы үшін қажеттілігі түсіндіріліп, жоғарыда аталған салалардың әрқайсысына тиісті Жолдаудың басым бағыттары мен орындауға тиісті тапсырмалары сондай-ақ жағымды тұстары да талқыланып айтылды. Әр күн сайын 2,3 шарадан өткізіліп отыру жоспарланған желілік кестенің бағандары ауданның денсаулық сақтау саласын да жиі қамтыған. Аудандық ауруханада өткізілген жиналыста да Жолдаудың үшінші бағдарындағы «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» бағытында нақты айтылған еліміздің денсаулық сақтау саласында орын алатын реформалар мен игіліктер турасында тақырып тарқатылды.

Төрт кезеңнен тұратын аудандық штабтың желілік кестесі осы аптаны «Жұмылдыру» кезеңімен аяқтап, алдағы науқанның ең маңызды тұсы «Үгіт-насихат» кезеңін бастап, көпшіліктің ішінде қызу жүргізілетін үгіт-насихат жұмыстары мен күнделікті өткізілетін түрлі үгіт шараларымен жалғасатын болады.

Жадыра Жақсылықова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ ТӨТЕУ КЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында экономикаға басымдық берді. Салық с…