Басты бет Өңір тынысы Адамдықтың Асқарындағы Асанбай

Адамдықтың Асқарындағы Асанбай

0
342

Жер жаннаты Жетісуда екі облыс құрылып, Алматы облысының орталығы Қонаев қаласы болып бекітіліп, жаңа облысқа жаңа әкім тағайындалып, Жаңа Қазақстанның алғашқы қадамдары жасалып жатқандығы елдің назарында. Ауданымызда да осы жағымды жаңалықтарды еселеп жатқан сүйіншілейтін қуаныштар аз емес. Соның бірегейі Ұзынқараның етегіндегі Кетпен ауылынан Шалкөде жайлауына асатын асуға көрнекті мемлекет, саясат және қоғам қайраткері  Асанбай Асқарұлы Асқаровтың аты беріліп жатқандығынан көпшілік хабардар. Тарихы тереңде жатқан алып асуға атауы берілген тұлғаның тіршілігіндегі рухани және еңбек жолындағы толағай табыстарымен азды-көпті таныс болыңыздар.

Алаштың ардақты Асанбайы – Алматы, Жамбыл және Шымкент облыстары партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған атпал азамат. Поэзия саласында да айтарлықтай орны бар ақын, мемуаршы, зерттеуші және Социалистік Еңбек ері. Қызметпен қоса шабыты шақырғанда қаламы мен қағазын да серік еткен Асанбай Асқарұлының «Тағдыр», «Судьба», «Жұмақ пен тозақ жырлары» атты өлең кітаптарымен бірге «Ұлы Тұранның ұлдары», «Мен еліммен біргемін», «Өлмейтұғын артымда сөзім қалса» атты өсиеттер жинағы да жарық көрген. Еліміздің оңтүстік өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосқан ел ағасы табысты еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ерінің Алтын Жұлдызымен, Ленин, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және басқа да көптеген медаль, төсбелгілермен марапатталған. Бүгінде Алматы облысы және қасиетті Қарадала үшін қадірі биік алып тұлғаға асудың есімі берілген  тарихи күнді облыс әкімінің орынбасары Тұрлашев Ләззат Махатұлы арнайы келіп ашып берді. Асудың іргесіне құлпытас қойылып, “Асанбай асуы” деген қолтаңба сол тасқа қашалып жазылған. Асудағы шараның лентасын облыс әкімінің орынбасары Тұрлашев Ләззат Махатұлы мен Асанбай Асқарұлының немересі Смаилов Қамбар Атханұлы қиды. Шараның арты аудан орталығындағы аталмыш тұлғаның 100 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық конференцияға ұласты. Жиынға ауданның зиялы қауымы мен ел ағалары, облыс, республика аймақтарынан ағылған қонақтар мен қоғамдық емес ұйымдар, БАҚ өкілдері, ауданнан шыққан атақты ақын-жазушылар арнайы қатысты. Конференцияны Қарадаладан қанаттанып ұшқан, қазақтың беделді ақыны Бақыт Беделхан жүргізіп, алғашқы сөзді облыс әкімінің орынбасары Тұрлашев Ләззат Махатұлына ұсынды.  Еліміздің өңірлерінде биыл 100 жылдығы аталып өтіліп жатқан алып тұлғаның атауы берілген асудың ашылауымен дүйім жұртты құттықтап, бірқатар естелік әңгімелер айтып өтті. «Ел мен жердің иесі мен киесі болады», –  деп сөзін жалғастырған модератор қасиетті Қарадалаға табан тіреген көпшілікке қош келдіңіздер деген қошемет сөзін айту үшін сахна төріне осы топырақтың азаматы, Қазақстан Жазушылар Одағын 22 жыл бойы басқарған, ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Орзалинды арнайы шақырды. Асанбайдай Алаштың ардақты перзентінің атауы беріліп жатқан асудың арғы тарихына тоқталып, 2000 жылдай тарихында «Қара үйсін» деп аталатын таулар мен «Мұзтау», «Көктеңіз» дейтін осы аймақтардың алқабындағы асуға Асанбайдың атауын беру ұрпақтық, халықтық парызымыз екендігін айқындап өтті. Сондай-ақ 47 қала салған Қонаевтай қайталанбас тұлғаға араға 30 жыл салып қаланың атауын беру,  сол Димаш Ахметұлының ең сенімді серігі бола білген тау тұлғаға таудан атау беру тарихтың әділеттілігі екендігін атап айтты. «Батыр ақын болмаса, батырлыққа мін емес, ал ақын батыр болмаса, көрген күні күн емес», – деген Өмірзақ Қожамұратовтың түйін сөзімен әңгімесін жалғастыра жүргізген Бақыт Беделхан батыр да, ақын да бола білген Асанбайдың 100 жылдығына орай жинақталған «Асанбай Асқаров жайында естеліктер» атты кітаптың тұсауын кесуді Стахан Белғожаев ақсақал мен Қонаев атындағы қор президенті Қ.Смайловқа және облыс әкімінің орынбасары Л.Тұрлашевқа ұсынды. Кітаптың тұсауы кесіліп, көпшілікке таныстырылған соң сахна төріне  сөздің кезегіне кешегі Алматы облысының әкімі болған Амандық Баталов та шақырылып, еңбек жолын енді бастаған жас маман шағында Асанбай Асқарұлын тіршілігінде көріп, өсиет сөзін естіген облыстың эксәкімі бірқатар естеліктерін елге жеткізді. Асанбай Асқаров өлкенің тізгінін ұстап тұрған кезеңдерде аудан аумағында басшылық қызметтерде болған ауданның құрметті азаматы Н.Сеитов те тұлғаның тұсындағы толағай табыстар мен өңірлердің гүлденуі жөнінде де, Асанбай Асқаровтың іскерлігі мен адамдық қасиеттерін де ел алдында еске алды. Республикалық конференцияға арнайы ат терлетіп келген Жамбыл облысының делегация жетекшісі Б.Жылысбаев, Алматы қаласының делегация жетекшісі М.Ахметов және Шымкент қаласының делегация жетекшісі Е.Байзақов сынды ел алдында жүрген  азаматтар да арнайы сөз алып, Алатаудың етегіндегі Алмақаланың, шұрайлы Шымкент пен көне Тараздың аманатын арқалап келгендіктерін айтып, аты асуға беріліп, мәртебесі асқақтап жатқан тұлғаның және соны асқақтатып жатқан жұрттың еңбегіне алғыстарын айтты.   “Өлі разы болмай тірі байымайды” деген тәмсілді тіршілігінде тастамаған иісі мұсылман болғандықтан тұлғаның атына берілген астың дастарқаны да келген көпшілік үшін жайылып, арнайы құран бағышталып, естеліктер мен еткен еңбегінен үзінді сырлар айтылды.

Жадыра ЖАҚСЫЛЫҚОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Жаңа мектеп ашылды

Шонжыда жаңа білім ордасы өз шәкірттеріне есігін айқара ашты. Үш қабатты ғимарат 900 оқушы…