Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары тағы да ел аралап, халықтың үніне құлақ асу үшін ағайынның арасына келді. Ауданға арнайы ат басын бұрған Әшімжанов Жанарбек Садықанұлы, Телпекбаева Жанна Тілеубекқызы және Қазақстан халық ассамблеясынан сайланған мәжіліс депутаты Кузиев Закиржан Пірмұхамедұлы ауданның білім саласы, денсаулық сақтау, мәдениет саласы мамандары мен аудандық маслихат депутаттары сондай-ақ, зиялы қауым өкілдерімен бас қосты. «AMANAT» партиясының аудандық филиалында бастау алған кездесу жиналысында мәжілісмендер партия белсенділері мен партия тізімінен сайланған маслихат депутаттары және партия ардагерлеріне алда келе жатқан жалпыұлттық референдум турасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп өтті. Тақырыпты талқылау барысында жиынға қатысушы тараптан бірқатар сұрақтар қойылып, алып-қосар ұсыныс-пікірлер нақты айтылып, партияның арнайы ұсыныс толтырылатын парақшасына жазылып, жолданды.
Оның ішіндегі ең маңыздылары ауданымыздың ардақты ақсақалы, облыстың, ауданның құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынұлы көтерген жер мәселесі. Алдағы уақтта үштен бір бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, дауысқа салынайын деп жатқан еліміздің басты құжаты, Ата заңымызға жердің мәселесін бір жола ел уайымдамайтындай етіп шегелеп тұрып енгізу керектігін бүге-шігесіне дейін түсіндіре жеткізді және бұл халықтың аманаты екендігін баса айтты. Сондай-ақ аудандық маслихат депутаты, «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Керімқұлов Жәнет Сәдіұлы мемлекеттік тілдің мәселесін алға тартып, алдағы референдумда өзгертілген нұсқасы дауысқа салынғалы тұрған Конституциямызға қазақ тілінің мәртебесін көтеру, оны мемлекеттік тіл ретінде қолданылу аясын кеңейту және еліміздегі ресми және құжат тілін қазақ тілі ретінде бекіту мәселесін айтып, біз осы қадамдарымызбен, ана тіліміздің, елдігіміздің тағдырын шешкелі тұрғандығымызды айқындай түсіндіріп өтті. Аудандық маслихат депутаты Абдилова Бибігүл Байжұмақызы бүгінгі қоғамның күн тәртібінен түспей келе жатқан ең өзекті мәселелердің бірі әйелдердің зейнет жасына байланысты сауалды ортаға салды. Күнделікті қоғамдағы, түрлі мекемелердегі кеңсе жұмыстарын айтпағанда өзі басқарып отырған білім ордасындағы 60 жасты алқымдаған әйел азаматшалардың еденді қандай қиындықпен жуып жүргендіктерін салыстырмалы түрде айта келе, әйелдерді 58 жастан зейнетке шығару туралы мәселені Ата заңымызға нақтылап енгізуді ұсынды. Жалпы жиынға қатысушылар дәл осы айтылған ұсыныс-пікірлерді ел атынан елордаға аманат ретінде арқалай баруларын сұрады. Аудандық кітапхананың мәжіліс залында өткен осындай бағыттағы кезекті бас қосу жиналысында да ауданның білім саласы мен денсаулық сақтау және мәдениет саласынынң өкілдері Парламент Мәжілісінің депутаттарымен бас қосып, үгіт-насихат жұмыстарынан соң өз ойларын ортаға салып, Ата заңымызға нақты енгізілсе екен деген ұсыныстарын да ашық жеткізіп отырды. Бұл ортада халық қалаулыларымен ауданның жас буын өкілдері ашық әңгіме алаңын құрды. Аудан жастары да мемлекеттік тілдің мәселесі қатты алаңдатып отырғандығын айтып дабыл қақты. Жаңа Қазақстанның болашағы мемлекеттік тілдің мәртебесімен яғни, қазақ тілінің болашағымен тікелей байланысты екендігін алға тартты. Парламент Мәжілісі депутаттарының арасындағы ұлты өзге болса да толықтай қазақ тілінде қатынас жасап отырған депутатқа алғысын айта келе, ұлты қазақ депутаттардың ортаға орыс тілінің қажеті шамалы болса да орыс тілінде жиналысты жүргізіп отырғандығына біршама наразылықтарын да мәдениетті түрде жеткізіп өтті. Сондай-ақ зейнет жасының мәселесі бұл жиында да күн тәртібінен түспей, қызу талқыға салынды.
Осылайша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары ауданымызда өткізген бір күндік сапарында кездескен жергілікті тұрғындардың басым көпшілігінің аманаттап айтқанынан халықтың ана тіліміздің ертеңіне алаңдаулы екендіктерін анық аңғардық. Халықтың талабы табысталды, айтқаны аманатталды, аманатқа қиянат жасалмайтындығына көпшілік кәміл сенімді.
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ