Басты бет Көкжиек Ұлағатты ұстаз

Ұлағатты ұстаз

0
509

«Алты Алаш бас қосса төр ұстаздікі». Қазақтың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы қалай тәмсілдеген десеңізші. Осы сөз менің жақын жолдасым, талай жылдан бері үзеңгілес болып келе жатқан Серік Сүлейменұлы Оразалиевке қарата айтылғандай. Рас жақсы ұстаз атану үшін тек қана білікті маман болу жеткіліксіз. Әр баламен оның жанын түсініп сөйлесе алатын психолог болу қажет. Әр оқушының өресі мен тәрбиесін ескере отырып, оқуға ынтасын арттыруға, мүмкіндігінше тиянақты терең білім алуға көмектесе алатын жанашыр болуы шарт.  Серік Сүлейменұлы осы қағидатты өз деңгейінде мүлтіксіз атқарып келе жатқан ерекше ұстаз. Оның ұстаздық еңбегі  жайлы сөз қозғағанда, жан-жақты меңгерген терең білім, өнегелі тәрбиесі ауызға алдымен ілінеді.

Енді оның бала шақтан болашаққа дейінгі өмір жолын саралап көрейік. Ол 1962 жылы көктемнің гүл жайнаған мезгілі 16 мамыр күні жер жаннаты  Жетісудың төрі де, өрі де саналатын Хан Тәңірі шыңының етегіндегі  Нарынқол ауылында дүниеге келген. «Тау баласы тауға қарап өседі» деген рас-ау тегі. Өйткені қарасаң көркіне көз тойғысыз түйе көшіндей тізбектеліп жатқан  кереге таулары, оның өзіне тартқаны мәлім. Сол таулар оны жасынан-ақ қызықтырады бар. Сәл кейінірек Шарын ауылына көшіп келген соң да табиғаты көркем Шарын өзенінің жағалауы да өзіне тәнті еткені бар. Мен болашақта осы тұмса табиғатты қылқаламмен өрнектеп жазам деген ойға бекінді. Мектепте оқып жүргенде табиғатты қылқаламына арқау етті. Мектеп қабырғасында, сыныпта шығатын қабырға газеттерінің редколлегия мүшесі, әрі көркемдік жетекшісі болды. Талабы шыңдалды. Соның өзі ұстаздар тамсана қарайтын дүние еді.  Айтпақшы, қанында бар өнер оны өзіне тартпай қойған жоқ. Атасы Оразалының ағаштан түйін түйіп, ат әбзелдерін жасайтын шеберлігі бар-тын. Ал нағашы жұрты өнер ауылынан алыс емес. Тегіне тартқан ұл болды. Сөз шеберлігі мен қолына домбыра алып, кез келген ортаны үйіріп әкететіндігі әкесі Сүлейменнен дарыған қасиет. Серік жоғары сыныптарға көшкеннен-ақ республикаға тарайтын «Жұлдыз» әдеби көркем журналы мен «Жалын» жастар журналының мұқабаларындағы еліміздің әйгілі суретшілерінің туындыларына ынтызарлықпен қарап, салыну тетіктерін зердесіне түйді. Олар әйгілі Әбілхан Қастеев, Орал Таңсықбаев, Қанапия Телжанов, Молдахмет Кенбаев, Сахи Романов, Үкі Әжиев, Бексейіт Түлкиев, Ерболат Төлепбаев, Әбубәкір Исмайлов, Гүлфайруз Исмайловалар еді. Мектептегі ұстаздары Тұрсынай Қабылбековадан бастап болашағына зор үміт артып, оны суретші деп тани бастаған-ды. Мектептен соң ол әскери борышын сонау Қиыр Шығыстағы Хабаровск өлкесінде өтеген еді. Оны екінің бірінің аяғы жете бермес сол өлкенің әсем табиғаты да ойына ой қосып, қалам мен қағазын шыңдай түседі. Әскерден оралған соң 1984 жылы бала шақтан арман еткен ең іргелі оқу орны КазПи-дің «көркем сурет графика» факультетіне оқуға түседі. Ол жерде елімізден асып әлемге әйгілі қылқалам шеберлері Леонардо да Винчи, Пикассо, Радлов, Санти, Репиндердің еңбектерімен танысып, сусындайды. Институтта Суретшілер одағының мүшесі, сол кездегі Ленин Комсомолы сыйлығының лауреаты Анарбек Нақысбеков, Тоқтар Әлібеков, Журавлев, Зелинский сынды т.б айтулы ұстаздардан білім алып, біліктілігін шыңдады. Институттағы соңғы сынақ дипломдық жұмысында Нақысбековтың жетекшілігімен, сол кездегі өзекті мәселе «Қара шал» потреттік картинасын салып, қорғады. Өте жоғары бағаланды. Институтты қызыл дипломмен бітірді. Өтініш бойынша сонда қызметке қалуға болар еді, бірақ оны Ұлы даланың көркемдігі ауылға қарай тартып тұрды.

Ұстаздық жолын ауданымыздағы Кепебұлақ ауылынан бастаған ол жыл өткен соң жұмысын өз ауылы Шарын орта мектебінде жалғастырды.

Осы жерде ерекше айта кететін жайт бар. Тәуелсіздіктің таңы жаңа атып, нұры шалқыған кезеңдер еді. Сайдың тасындай кілең «сен тұр, мен атайын» дейтіндей мектептегі жас ұстаздар ақылдаса келе аралас мектептен дербес қазақ тіліндегі мектеп ашуды көздейді. Оған бұрынғы мектеп ғимараты да дайын еді. Бұрынғы дегені болмаса бір шегесі де қисаймаған оқу орны болатын. Сонымен біздің кейіпкеріміз ауылдағы қазақ отбасыларынан қол жинап, сол кездегі республика оқу министрі (онда министрлік Алматыда) Шайсұлтан Шаяхметовтың алдынан бір-ақ шығады. Министр ыждағаттылықпен тыңдап болып, «Бұл істерің жақсы бастама екен. Өтініштерің орындалады» деп кесімді сөзін айтады. Солай жаңа қазақ мектебі ашылды. Сондағы бәйгеге басын тігіп, жанкештілік танытқан жас ұстаздар: Нұржамал Сүгірбаева, Ілияс Мұраталиев, Айгүл Мамырханова, Бақытгүл Нұрпейісова,  Раушан Дәндібаева, Толқынай Аңызбаева, Күлжахан Нақыбаева, Гүльмира Сатымбекова, Мұхаметқали Қапсалаңов, Манат Идимов, Ержан Бекжанов, Бақжан Талдыбаева, Гүлжан Нұрпейісова, Каминұр Тастанбековалар қарсы келген толқындарға қарсы ағып, бір шоғыр болып, жаңа ұлттық мектептің көк туын желбіреткендігін қалай ұмытарсың.

Сонымен жас маман бар ынта-шынтасымен еңбекке құлшына кіріседі. Бейнелеу дейтін ұлы өнерді насихаттап, балаға үйретуден әсте жалыққан емес. Өзінің өнер жолын қуған Жұлдыз Құлжабаева, Фариза Әбдіқаева т.б бірнеше шәкірті айтуға тұрарлық жандар. Ал жалпы ұстаз алдынан өткен жүздеген шәкірттері республикамыздың түкпір-түкпірінде ел басшылығында болса, мыңдаған шәкірттері ел ішінде абыройлы еңбек етіп жүр. Ұстаз бақыты деген осы шығар сірә… Бірді айтып бірге кете береміз-ау. Ол мектепте суретке бейімі бар балалар үшін өнер үйірмесін құрды. Балғын қылқаламшыларды тәрбиеледі. Осындай жаңашыл, елеулі еңбегінің арқасында қатардағы мұғалімдіктен мектеп директорлығына дейінгі сатылардан өтті.  Мектепті жоғары деңгейге көтергені үшін 2010 жылы аудандағы Жаңабай Құдайбергенов атындағы №2 Шонжы орта мектебіне басшылыққа жіберілді. Ол мектептің де атын аспандатты. Ол жетекшілік жасаған жылдар мектептің қарыштап өсу жылдары болды десек артық айтқандық емес.

Алматы облысының мұғалімдер жетілдіру институтының ұсынысымен Серік Сүлейменұлының «Мектеп мерейі», «Ізденіс – табыс тетігі», «Мектеп портреті мен жетістіктері» атты әдістемелік кітаптарының тәжірбиесі облыс асып, республикаға тарады. Білім мекемесі 2001 жылы республикалық сайысқа қатысып, «Таңдаулы мектеп-2001» жүлдегері атанды. Аталған жетістіктерге жетуге АОМКДИ-дің маманы Қазақстан Республиксы білім беру ісінің қайраткері Төлеш Мұқашұлы Мәжікеев пен Майра Уәлиқызы Валиеваның еңбегі ерекше болды. Әсіресе Төлеш Мұқашұлының қамқорлығын мектеп әкімшілігі мен ұстаздары көп көрді. Мектеп директоры Серік Оразалиевті тәжірибе алмасып, өз жетістіктерін көрсету үшін, Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласындағы Білім академиясына апарды. Соның нәтижесінде республикада бірінші болып оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының жұмысы жүзеге асырылды. Кейіннен бұл тәжірибе облыстық Тамыз конференциясында өзге білім мекемелеріне таратылды. 2010 жылы мектеп әкімшілігі Талдықорған қаласындағы   облыстық «Жыл мектебі» байқауына қатысып жүлделі орынды иеленді. Мұның бәрі мектеп әкімшілігі мен ұжымы мүшелерінің қажымас қайраты мен тынымсыз еңбегінің арқасында жеткен жетістігі екендігіне дау жоқ. Ал кәсіби маман тұрғысынан қарайтын болсақ Серік Сүлейменұлының бойында өзгелерді тамсандыратындай бірнеше басым қырлары бар. Соның алғашқысы ұстаз ретінде өзін сыйлата білу. Екіншіден өз ісіне деген адалдығы. Соңғысы іскерлік қабілеті мен ұйымдастырушылық шеберлігі. Бұған дәлел ретінде аудан, облыс көлеміндегі айтулы шараларға белсене қатысып, иеленіп отырған сан түрлі марапаттары дер едік. Ол оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие берудегі көп жылғы еңбегі аудан, облыс әкімдіктерінің құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталды. Облыстық, республикалық Білім  қызметкерлері кәсіподағы төрағасының Құрмет грамоталарын да иеленді. 2007 жылы ҚР Білім беру ісінің «Құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Шын мәнінде мұндай дәрежеге қол жеткізу үшін адамның келбеті, ақылы, өнегесі, ұлағаты бәрі-бәрі толысып жатуы тиіс болса оның бәрі Серіктің бойында бар. Ол өзінің үлгі боларлық  қырларымен  ұлтқа деген жанашырлығымен әріптестері арасында мерейі үстем тұлға.  Ұлтқа демекші ол алғаш ұлт мектебі болып бөлінгеннен-ақ діл, дін, салт-дәстүрге байланысты түрлі салада шаралар өткізуге атсалысып, бастамашысы болды. Осының барлығы ауылдағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағалығы ісіндегі бір парасы ғана. Айта берсек ұшан теңіз. Тізбелей берсек екі-үш мақаланың жүгі болары анық.  Жаңалыққа жаны құмар ол қоғамдық жұмыстары мен отбасылық күйкі тірлікті сылтау етпей Талдықорған қаласындағы педагог кадрлардың біліктілігін арттырудың «Педагогикалық қоғамдастықтағы мұғалім көшбасшылығы» білім беру бағдарламасы бойынша мұғалімдерді оқыту курсын, «Тәжірибедегі рефлекция» бағдарламасы бойынша мектеп тренерлерін оқыту курсын аяқтап әріптестеріне бағдарламаға сай курс өткізіп, игерген жаңашылдығын бөлісіп келді. Алматы қаласындағы «Өрлеу» біліктілігін арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамы ұйымдастырған «ҚР орта білім беру жаңарту аясында» тақырыбы бойынша «көркем еңбек», «жобалау және графика» пәндерінен курстардан өтіп, өзі сабақ беретін пәндер бойынша сертификатталған мұғалім. «Дәл осындай білікті мамандар бар ұжымда еңбек етсе нұр үстіне нұр болар еді. Ол кісіден біз бүгінге дейін көп нәрсені үйрендік, әлі де үйренеріміз жетерлік», – дейді өкшебасар әріптестері. Серік Сүлейменұлындай өз ісіне сүйіспеншілікпен қарайтын,тынбай еңбектене білетін ұстаздар көп болса деп тілейміз. Сапалы білім берумен қатар ұлт тәрбиесінің басында жүрген көшбасшы ұстаздың шығар биіктері әлі де молынан боларына кәміл сенеміз.

Ия, 2013-2015 жылдары аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқаруға барғанда да барын салып жанкештілікпен еңбек етті. Аудан атын алға сүйреді. Ол жерде ономастика жағына басымдылықпен қарады. Аудандағы 25 елді  мекенді жаңашылдандырды. Облыстық  Мәдениет күндерінде Еңбекшіқазақ ауданында өткен байқауда бұл басқаратын мекеме жүлделі үшінші орынды алды. Келесі жылы Кеген ауданында өткен облыстық байқауда жоғары бағаланды. Облыс марапатына ие болды. Қысқасын айтқанда қай еңбекке араласса да айтулы еңбектері қалады.  Кейіннен кейіпкеріміз өз ауылына оралып, шәкірт тәрбиелеумен айналысып келеді. Біраз уақыттан бері мектеп ұлтымыздың кемеңгер басшысы Д.Қонаев атамыздың атын алды. Айтпақшы әр жерде мектеп директоры болған шәкірттері Ілияс Мұратәлиев, Нұржамал Сүйірбаева,  Бибігүл Абдуллова, Книяз Есжановалар, Мөлдір Құрманәлиевалар Серік секілді мектептерін алға сүйреп, аспандатып келеді. Ауылда «Оразалы» атты жекеменшік шаруа қожалығы да бар. Оны басқаратын інісі  Ермек Сүлейменұлына да қолқабыс етіп, үнемі ақыл кеңесін айтып отырады.

Жары Күлжахан Жұмаділқызы Нақыбаева география пәнінің білгір маманы. Жоғарыдан берілген мақтау мен марапаттардан құр алақан емес. Үлкен баласы  Жеңісбек радио-техника саласының маманы, Айтаңсық – Шет тілдері Халықарлық университетінің түлегі, мұғалім. Мирас – заңгер. Отбасында екеуі немерелерінің бал тіліне  бөленіп отырған ата-әже.  Беделі де болмысы мен табиғаты да жапырақтары жайқалып, бұтақтары кең жайылған, саясы мол, төбесі көк тіреп, тамырлары қара жердің қыртысына терең бойлап кеткен алып бәйтерекке ұқсас 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің ардагері Серік Сүлейменұлы Оразалиев бүгінде алпыстың асқарына  шығып отыр. Алдағы уақытта да шәкірттеріңе жемісіңді  молынан төге беретін ұлағатты ұстаз бола бер дегіміз келеді. Лайым Алла Тағала соған жазсын!

Қуанышбек ТОҚТАСЫНҰЛЫ

Шарын

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында жаңа инновациялық мектеп ашылды

2024 жылғы 6 қарашада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрі…