Басты бет Көкжиек Ғалым да кенші де бас иетін…

Ғалым да кенші де бас иетін…

0
2,693

Француз философы Жан-Жак Руссо «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау»  деп ұстаздардың тынымсыз, ерен еңбегінің шынайы бағасын өз заманында беріп кеткен екен. Шындығында ұстаздық оңай қызмет емес. Әріп танымайтын, оқу, жазу дейтін дүниеден бейхабар, еркелігі басылмаған, бар аңсары далаға ауып тұратын ойын баласына ең алғашқы білімнің нәрінен дәм татқызып, қолына қалам ұстатып, ақ қағазға сиядан өрнек салдырып, жазуды үйретіп, әліппенің әлеміне жетелеп, әріп пен сөздің құдіретін санасына сіңдіріп, білім алуға құштарлығын оятатын мұғалімнің құдіретіне бас имеске амалыңыз жоқ. Барлығымыз ұстаздың алдынан өтіп, сауат алып, толыққанды білімді әрі саналы азамат болып қалыптастық. Бүгінгі ұстаздықтың ұлы жолы турасындағы әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкер – бар өмірін, алтын уақытын дәл осы білім жолына арнаған жан. Оның ішінде мектеп қабырғасындағы білім берудің ең қиыны әрі күрделісі бастауыш сынып оқушыларының сауатын ашу. Яғни, тарыдай болып кірген бүлдіршіннің алғашқы болып білімнен тұсауын кесіп, үйретер дүниенің іргетасын қалап, жоғарғы сыныпқа дайындап шығару. Бүгінде осындай қолға қалам ұстатып, әліпбиді жаттатқызатын алғашқы ұстаз болып оқушының есінде қалатын бастауыш сынып мұғалімі мамандығын таңдаған Жаңабай Құдайбергенов атындағы Шонжы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Кодарова Жайнагүл Рахымбайқызының еңбек жолымен танысуды жөн көрдік.

Жайнагүл Рахымбайқызы 1963 жылы Сұңқар ауылында дүниеге келген. 1980 жылы алтын ұя мектебінен қанат қағып, 1982-1985 жылдар аралығында Алматы қаласындағы педагогикалық училищеден алғашқы мұғалімдік мамандығын алған. Ал ұстаздығын одан әрі жетілдіріп, нағыз майталман мұғалім болу үшін 1987 – 1992 жылдар аралығында Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінен толыққанды жоғарғы білім алып шығады. Алғашқы еңбек жолын туған жері Сұңқар ауылының мектебінен бастап, екі жыл ұстаздық қызметін атқарады. Одан кейін 1987 жылдан бастап аудан орталығындағы білім ордасы Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектепке жұмысқа орналасып, бүгінгі күнге дейін еңбек жолын аталмыш қарашаңырақта жалғастырып келеді. Көтеретін жүгі де жауапкершілігі де аса салмақты мамандықты алып жүріп, отбасын құрып, екі ұл, бір қыздың анасы атанған. Бүгінгі таңда ұлды ұясына, қызды қиясына қондырып отырған бақытты ана.

Ұстаздықтың ұлы даңғылында еткен еселі еңбектері мен үздіксіз ізденіс жолындағы жеткен жетістіктері де аз емес. Ұстаздықтың ең жоғарғы категориясына қол жеткізіп, облыстық, республикалық дәрежедегі алғыс хат, мақтау грамоталарымен марапатталған. Бір салада өткеріп жатқан еңбек өтілі 37 жылға жуықтаған кейіпкеріміз осы ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндер, жүйкені шаршатқан қиын да қызығы мол жылдар ішінде 9 бастауыш сыныпты біліммен сусындатып, жоғарғы сыныпқа аманаттап, табыстаған екен. Білімнің құнарлы алқабына еккен дәнегінің жемісін көріп, бүгінгі күндері мақтанып та марқайып та алады. Күні кеше әліппені құшақтап алдында тұрған шәкірттерінің жоғарғы лауазымды қызметтерді атқарып, биіктерді бағындыра жүріп, аракідік алдына келіп, мерекелерде құттықтап, ұстазым деп бас игенде көзіне еріксіз жас алып алатындығын да жасырмады.

Ұстаз осындай шәкірттерімен, еткен еңбегінің жемісімен, еңбек жолындағы жеткен жетістіктерімен көрікті емес пе? Жайнагүл апай сынды нағыз өз ісінің шеберін, таңдаған бағытының нағыз маманы екендігін көргеніңде шынайы ұстаздың бейнесін байқайсыз. Ұстаздықтың жолында бастаған ізденісі мен тынымсыз еңбегін 40 жылға жуықтап бара жатқан ұзақ сапарға ұластырған ұлы мамандық иесіне басымызды иеміз. Кейінгі ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәлім-тәрбие бере алатын осындай ұстаздардың қатары азаймаса екен.

Ақжол Нұрдәулетұлы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында жаңа инновациялық мектеп ашылды

2024 жылғы 6 қарашада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрі…