Жақсының аты өлмейді…

0
932

«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді», — дейді  құлагер ақын Ілияс Жансүгіров. Иә, қазақта жақсы болып аты өлмеген, ғалым болып хаты өлмеген біртуар тұлғалар көп-ақ. Олардың әрқайсысы ­- бір-бір таутұлға азаматтар. Әрқайсысына том, том кітап жазсаң да аздық етеді. Сондай азаматтардың бірі – осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын Аспантаудың аясындағы Қарадаладай қазақ даласында дүниеге келген  Заманбек Батталханов атамыз.

Өнегелі өмір жолы

1922 жылы 22 желтоқсанда Қарадаланың Қаратам атты ескі қыстауында дүние есігін ашқан бала Заманбекті сол тұста ел тұтқасын ұстар азамат, дана Заманбек болар деп ешкім ойламаған шығар, бәлкім?! Бірақ ойы ұшқыр, жаны жомарт, білімге деген құштарлығы асқақ жан өз ісінің көшбасшысы бола білді. Ұлы Отан соғысында ер-азаматтармен бірге қару асынып, ұрыс даласына аттанды. Сұрапыл соғыс басталған тұста Заманбек Батталханов онжылдық мектепті жаңа бітіріп, шаруашылық жұмыстарына белсене араласып жүрген шағы еді. Заманбек Батталханов 1942 жылы қаңтар айында Алматыдағы 118 полкке түсіп, әскери дайындықтан өтті. Курск мен Орлов қалаларының ортасында орын тепкен Ленин орденді 1-гвардиялық атқыштар дивизиясының екінші атқыштар полкіне қарасты автоматшылар батальоны құрамында өзінің қиындыққа толы жауынгерлік жолын бастады. Орлов қаласы маңынан басталған соғыс жолы Заманбек Батталханов үшін Сталинград майданында, Еділ және Днепр өзендерінің бойында, Киев қаласының маңында, Югославия, Венгрия, Австрия жерлерінде жалғасты. Талай қиян-кескі ұрыстардың бел ортасында жүрді, Кеңес әскерлерінің небір ерлік істеріне куә болды. Соғысқа бұл отбасыдан  Заманбектің әкесі Батталхан, інісі Болысбек және өзі аттанған еді. Әкесі мен бауыры майдан даласында оққа ұшты. Тек Заманбек атамыз ғана туған жерден дәм бұйырып, елге аман-есен оралды.

Соғыстан соң азып-тозған даланы қалыпқа келтіру жолында аянбай еңбек етті. Жоғары білім алып, еліміздің экономикасын дамытуға үлес қосты. Абай атындағы педогогикалық институтты бітірген соң, ол өзінің қызмет жолын оқу-ағарту саласында бастады. Үлкен Дихан ауылындағы мектеп ашылған соң алғашқы басшысы болып тағайындалды. Қабілет-қарымы ерек жанды бірер жыл өткеннен кейін партия-ке­ңес жұмыстарындағы басшылық қызметке шақы­рады. Мұнан соң Ұйғыр, Панфилов, Талғар және Іле аудандық атқару комитеттерінің төр­ағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Ал зейнеткерлікке шыққанға дейінгі соңғы 12 жылда Алматы облысының Іле ауданына бас­шылық жасады. Осы жылдар ішінде Іле ауданы­ның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тұрмыс­тық жағдайы өсіп-өркендеді, білім, мәдениет салалары дамыды, өндіріс көлемі артты, ауылшаруашылығы саласы алға жылжып, егіс алқаптарының көлемі мен мал саны артқан. Зейнетке шыққан соң да  Алматы облыстық ардагерлер кеңесін басқарып, талай игі істердің басы-қасында жүрді.

Ағамыздың ұзақ жылдар бойы еткен еңбегі мен төккен тері жоғары бағаланып, Ленин, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Құрмет белгісі» және егемен еліміздің «Отан» орден­дерімен марапатталды. Республика Жоғарғы Кеңесіне екі мәрте депутат болып сайланды. ХІІ, ХІІІ, ХІҮ, ХҮ съездерінің делегаты, 1981 жылы Кеңестер Одағы Коммунистік партиясының ХХҮІ съезінің делегаты болды.  Алматы облысы, Іле, Талғар, Ұйғыр аудандарының, Қапшағай қаласының «Құрметті азаматы» атанды.

Есімі ел есінде

Осындай ұрпаққа ұлағат етер өнегелі ісі бар жанның есімі мәңгі ұлықталып, ұрпақ жадында жатталуы тиіс. Осы мақсатта Үлкен Дихан ауылындағы мектепке Заманбек Батталханов есімін беру осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған болатын. Сол игі іс осы жылы нақты шешімін тапты. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық ұлы мерекесі, Тұңғыш Президент күні қарсаңында Үлкен Дихан ауылында ұлан-асыр той өтті. Ол той – Заманбектей замана көшінде өзінің ізін қалдырған тұлғаның есімін әспеттеу тойы. Мектептің кіреберіс маңдайшасы салтанатты ашылған соң келген қонақтар Заманбек Батталханов атамыздың жеке заттары қойылған, ол кісінің өмір жолынан ақпар беретін арнайы көрмені тамашалады. Мұнан соң салтанатты жиынның куәгері болды. Ең әуелі жиынның кіріспе сөзі аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаевқа берілді. Қадыржан Исаханұлы 83 жылдық ғұмырында ұрпақ пен ұлт алдында ар жүгін адал арқалаған ел азаматының өмір жолымен таныстырып, есімі беріліп отырған білім ордасына игі тілектерін арнады. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Болат Керімбек болса Заманбек Батталханов ағамыздың ел есінде мәңгі қалуы мазмұнды да мағыналы жолда еңбек еткендігінің дәлелі екендігін айтты. Сондай-ақ Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаевтардың құттықтау хаттарын оқып, жолдаған жылы лебіздерін жеткізді.

Мінбеге шыққан Ерболат Заманбекұлы өз әкесінің ел құрметіне осылайша бөленуін бақытқа балап, біршама естеліктерімен бөлісті. «Әкем 1995 жылы «Отан» орденін алған тұста ел ағалары келіп, аталмыш мектепке есіміңізді берейік деп ұсыныс тастаған болатын. Бірақ әкем оған түбегейлі қарсы болды. Ол өзін мақтағанды ұната бермейтін. Рас, соғыстан соң ауыл азаматтарымен таудан қарағай тасып, осы мектептің алғашқы іргетасы қаланғанда әкемнің де еңбегі сіңген еді. Ел сеніп, білім ордасына басшы сайлады. Шүкір, әкем сенімнен шығып, адал еңбек етті. Сол еңбектерін бағалап, құрмет көрсетіп отырған еліме мың алғыс» деп батырдың ұрпағы жүрек түкпіріндегі жыл сөздерін арнады. Болашақта  Заманбек Батталханов атындағы мектептің ойлы, білімді шәкірттері көбейіп, биіктерден көріне беруіне де тілектестігін білдірді. Осы тойға арнайы келген Дильмурат Кузиев болса Іле ауданында жұмыс істеп жүрген өрімдей жас кезінде Заманбек Батталханов ағамыздың шарапатын көп көріп, сол кісінің қолдауымен партия қатарына қабылданып, еңбек жолындағы елеулі өзгерістерде ақылшысы да, жол көрсетер бағдаршысы да болғанын ерекше лебізбен жеткізді.

Ауданымыздың тумасы, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан аға Оразалиннің құттықтауын жеткізу үшін сахна төріне аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрәкім Есжан шықты. Нұрәкім Есенбайұлы Заманбек Батталхановтың бар болмысын аша суреттеген Нұрлан Мырқасымұлының облыстық «Жетісу» газетіне шыққан мақаласын тілге тиек ете келе, тойдың тойға ұлысуын тіледі. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбіләкім Есуянов болса бұл қуаныштың тек аудан тұрғындарының ғана емес, күллі Алаш жұртының қуанышы екендігін айтып, жастарға ағамыздың жолын беруін тілеп, ақ батасын арнады. Облыстық «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Сарыбаев кейінгі буынға өмірі аңыздай абыздың ғибратты ғұмыры турасында болашақта деректі фильм дайындап, көпшілікке ұсынуды мақсат етіп отырғандықтарын жеткізді. Ал облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасары Жұматай Әміреев болса Лұқпан хәкімдей ұрпағымен мың жасап, артында іздеуші елі бар Заманбек ағамыздың бақытты екендігін сөз етіп, аудан тұрғындарына құтты болсын айтты.

Жиын соңында Заманбек Батталханов атамыздың қызы Сәуле Батталханова сөз алды. Сөз реті келгенде айта кету керек болар, 14 жыл бұрын ауызбен айтылып қозғалған мектепке есім беру мәселесі бір орнында табандап тұрған тұста белді бекем буып, әкенің ізгі ісін көпке насихаттау қажеттігін ұғынып, талай есікті қағып, ақыры оң нәтижеге қол жеткізген де осы Сәуле апамыз еді. Жетісудың жандануына бір кісідей атсалысқан Заманбек атамыздың аты білім ошағына беру жұмыстарында көптеген кедергілердің, қиыншылықтардың болғандығын айтып, сол істе өзіне жанашыр болып, көмек қолын созған ауданның, облыстың азаматтарына аналық алғысын айтып, ақ батасын да берді. Өзін қолдап, әрдайым демеу беріп отырған ауыл азаматтарына да ризашылығын білдірді. Сөзінің соңында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Болат Керімбекке, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейітке, «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Әбікенұлына, облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаевқа, кәсіпкер Дильмурат Кузиевке, аудан әкімі Шухрат Нурахуновқа, аудандық мәслихат хатшысы Нұрәкім Есжанға, Заманбек Батталханов атындағы мектеп директоры Гүлшат Оңласыноваларға шапан жауып, өзінің ыстық лебізін білдірді.

Түйін:

Міне, қарашаның соңғы күні Қарадала төсінде тағы да бір ұлы тойдың куәгері болдық. Бар ғұмырын «елім» деп өткізген ерін дәл осы күні елі «ерім» деп көкке көтерді. Адалдық пен адамдықтың нағыз үлгісі болар жанның ізгі істерін ұрпаққа ұлағат етті. Біз де осындай кісіліктің келбетін бұзбаған биік тұлға Заманбек Батталхановтың есімін еншілеген білім ордасынан тек өр тұлғалы ұландардың шығуына шын тілектеспіз.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МУСТӘҚИЛЛИК ПАРАВӘНЛИГИМИЗНИҢ АСАСИ

Әтә елимиз Қазақстан хәлқиниң «Жумһурийәт мәйрими» күни нишанлиниду. Мәзкүр сәрләвһә әтрап…