Басты бет Рухани жаңғыру ЖАЛЫНДАҒАН ЖАСТАРДЫҢ БАҚЫТТЫ СӘТІ

ЖАЛЫНДАҒАН ЖАСТАРДЫҢ БАҚЫТТЫ СӘТІ

0
1,250

Елбасы Н.Назарбаевтың «Жүз жаңа есім» жобасының екінші кезеңі жеңімпаздарымен жүздесуін теледидардан көріп ерекше сезімге бөлендім.  Дәл осындай жастары бар мемлекеттің болашағына деген сенім оты лаулай түскенін жасыра алмаймын. Соңғы кездегі көп балалы аналардың жанайқайлары, жалақыларын мезгілінде қолдарына ала алмай сансырап жүрген отандастарды көргенде шыны керек үкіметке, мемлекет басындағыларға өкпеміз қара қазандай болып шыға келіп еді. Қап, әттеген-ай байлықтың ортасында шылқып отырып, балалардың жәрдемақысынан, мүмкіндігі шектеулі жандардың зейнетақыларынан қысатыны несі екен деп пендауи ойға кеткеніміз де жасырын емес. Осындай дел-сал күйде жүргенде Елбасымен кездесуге келген жастардың жалындаған отты сөздері, биік парасатты әңгімелері, жоғары деңгейдегі істері шат-шадыман күйге түсірді. Шүкір жастардың ертеңгі күнге деген үміт, армандары орындалатындығына осы кездесу нүкте қойғандай болды.

Қазір кез келген мектепте математи-ка мамандары қат. Барлық пәндердің атасы саналатын математикаға соңғы кезде жастардың құлықсыздық танытып жатқандары да өтірік емес. Мемлекет басшысымен кездесуде алғашқы боп өз жобасын таныстырған «Пифагор» компаниялар тобының жетекшісі Асан Жолдасов 10 жылда 10 мың баланы тәрбиелегенін атап өтті. Оқушы кезінен-ақ математикадан республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған ол 19 жасында өз мектебін ашқан. Бүгінде «Пифагор» үлкен компанияға айналғандығын, онда 1500 талантты бала білім алып жатқандығын жеткізген Асанның дарынына бас имеске лаж жоқ. Сонан соң үшінші сыныпта оқып жүргенде трансформатордың тоғына түсіп, бір қолы мен бір аяғынан айырылған Ержан Сәлімгереевтің өмір жолы қысқаша таныстырылды. Келбетті, жүзінен нұры шалқыған ол тағдыр тәлкегіне түссе де мойымай жүзуді үйреніп, биік белестерді бағындырыпты. Ержан – бүгінгі таңда xалықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогының төрт дүркін иегері, Азия ойындарының екі мәрте жеңімпазы атанған. Жакарта қаласында өткен жазғы Параазия ойындарында қос алтын медаль еншілеп, 100 метрді 1 минут 8 секундта бағындырып, өзінің жеке рекордын жаңартқан. Бізде осындай жігерлі, намысты жігіттер бар деген қуаныш кеудені кернеді. Халықаралық фотожурналист әрі аналитик Назгүл Кенжетайдың жанкешті жұмысы, отансыздықтың не екенін көрсетуі, бейбітшіліктің қадірін сезіндіру бағытындағы жұмыстары көзімізге жас келтірді. 23 жасар қыздың соғыс аймағындағы сәбиден «Жаннатта азық көп пе?» деген сұрақты естігендігін, босқын елдің тағдырын көргендігін баяндағанда жүрегі селт етпеген пенде қалмаған шығар. Жеке басының емес, Отанының тағдырына, болашағына алаңдаулы қыздың қобалжи айтқан әңгімесі бізді елең еткізді. «Өзендей ағып, жоқ болып кеткен бір мемлекет көрдім… Босып кеткен xалықты көрдім… Байрағы жерде тапталған ел көрдім және сол байрағын қорғай алмаған ер көрдім… Осының бәрін көрдім де, қолымнан келгенше әлемге көрсетуге тырыстым. Мақсатым отансыздықтың не екенін көрсету еді», – деп ағынан жарылған Назгүлдің «Қазағым» деп соққан титімдей жүрегінің дүрсілін сездік. Ал дәрігер-репродуктор Алмаз Ибрагимов бала сүйе алмай жүрген жас отбасыларымен пәтерде бірге тұрып қалған сәтін, оларға көмектесудің бірден-бір жолы жасанды ұрықтандыру мәселесін, бедеулікті емдейтін жолды іздеп, берісі Мәскеу, әрісі Америка мен Еуропаның белді клиникаларында тәжірибеден өтіп, бүгінде Астана қаласында қызмет етіп жатқандығын мақтанышпен баяндады. Жүз жаңа есімнің қатарына қосылған ақын Мақпал Мыса: «Біз – Тәуелсіздік тудырған есімдерміз. Алаштың рухы болып қайнаған қара қазанның суы сарқылған жоқ. Бүгінде мен сияқты қалам тербеп жүрген жастар – сол қасиетті судың бір-бір мөлдір тамшысы» деп сөз бастап, шығармашылық жолына тоқталып өтті. Алаш арыстарынан бастау алған ақындық деген ұлы дүниені өз пайымдауымен, өз түйсігімен түсіндіруге тырысты. Сөздері мірдің оғындай, діттеген жеріне еш қиындықсыз тамылжып жетіп жатты. Нағыз талант, нағыз ақын осылайша сөйлесе керек. Бүгінде ақынның өлеңдері әлемнің бірнеше тіліне аударылып, сол елдердің антологиялық жыр-жинақтарында жарық көрген. Өзі де өзге тілдегі өлеңдерді қазақ тіліне тәржімалаумен айналысады екен. Сондай-ақ ол ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры ұйымдастырған «Алтын тобылғы» республикалық байқауында Бас жүлдеге ие болған. «Мұның барлығы өзіңіз көшін бастаған қазақ жұртының қасиетті Тәуелсіздігінің арқасы деп білемін. Бүгінгідей адамзат баласының ақыл-ойы аламанға түскен заманда біздің әдебиетіміздің көркейіп, кемелденуі аса маңызды. Жан тазармай дүние тазармайды. Адамдар бір-бірінің қадіріне жетіп, бағалай білсе, жақсы көріп бақыт сыйласа. Өмір деген осы бір адами құндылықтардан тұрады», — деп ақын қыз жан сырын ақтарды. Сонан соң Елбасының рұқсатымен «Алыстама» деген махаббат тақырыбына жазған өлеңін оқыды. Маған солай байқалды ма, жоқ Нұрсұлтан Әбішұлы өлеңді шынайы пейілімен қабылдады ма, әйтеуір көз жанарына жас іркілгендей көрінді. Махаббат деген ұлы сезімнің пернесін дөп басқандықтан, әлде жақсы өлеңнің қасиетінен. Акробат Никита Амоскин ауылды жерде тұрса да таңғы сағат алтыдан басталатын жаттығуы, арасында сабағы бар, кешкі сегіз, тоғызға дейін үйде болмайтындығын тілге тиек етті. Әлемдік деңгейдегі жарыста Қазақстанның көк Туын көкке көтертіп, Гимнін шырқатқандығын бақытқа балады. Жұппен көрсеткен гимнастикалық билері әлемдік деңгейдегі қазылардың биік бағасын алғандығын өз еліне жасаған сыйы деп түсіндірді.
Елбасы әрқайсысының қолын алып, оларға аталық батасын беріп, биік шыңдарды бағындыру үшін шаршамау, жалықпау керектігін айтты. Өзінің алғыс сезімін жеткізді.
Мемлекет басшысының алдында өз жұмыстары жайлы қысылмай, қымтырылмай ойларын ашық айтқан жастардың арман, мақсаттары кедергісіз жүзеге асса екен деген тілек тұрды көкейде. Олардың бақтарына Елбасымыздың амандығын берсін, Аллам!

Баян
МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…