Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жастардың білімді болуы керектігін түсіндірген болатын. Аталмыш мақаланың төртінші бағытында басты табысқа жетер тетіктің бірі – білім екендігін де қадап айтқан еді. Онда Мемлекет басшысы «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген болатын. Осыларды негізге алып, бұған дейін білімнің тұңғиығына сүңгіген жастарымыз шектеулі мамандықтар бойынша ғана емес, әр салаға бет бұра бастады.
Бүгінгі таңда ауданымызда жалпы 64 633 мың халық тату-тәтті өмір сүріп жатқан болса, олардың 15 838-і жастар. Яғни ауданның 25% жастар құрайды. 76 жас мемлекеттік, 1203-і бюджеттік мекемеде қызмет атқарады.Қоғамнан өзіндік орнын тауып, заман талабына сай қызмет жасап жатқан жастарымыздың білім мен ғылымға деген қызығушылығы да басым. Олай деп айтуымызға да себеп жоқ емес. Мектеп қабырғасында жүрген оқушыларымыз, арнайы орта білім беру мекемелеріндегі жастарымыз облыстық тіпті республикалық жас ғалымдар, білімділер, жас дарындар сыналатын додаларда топ жарып келеді.
Жастарға қолдау көрсету мақсатында елімізде бірқатар бағдарламалар Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған. Олар бүгінгі таңда әр өңірде жүзеге асырылып жатқан болса, біздің ауданның жастары да белсенділік танытуда. «Болашақ», «Жасыл Ел», «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Бизнестің жол картасы 2020», «Серпін-2050», «Сәтті қадам» сияқты мемлекеттік бағдарламалар мен «Жастар Отанға», «Бақытты балалық шақ», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Жастар кадрлық резерві» сияқты партиялық жобалар жастардың рухани азықтануына даңғыл жол ашып, олардың бойына адамгершілік, инабаттылық, сыпайылық сияқты қасиеттермен қатар көзі ашық, көкірегі ояу тұлға болып қалыптасуларына ықпал етуде. Қазіргі таңда жастардың рухани, мәдени білім алуы ең негізгілердің бірі. Себебі болашағын болжап, заман талабына сай жаңартылған технологиялармен жұмыс жасау, туған жері мен елінің тарихын білу әрбір жастың бойында болуы қажет қағида. Сол сияқты олардың кәсіби қалыптасуы мен салауатты өмір салтын сақтау, патриоттық тәрбие және басқа да өзекті мәселелерін тиімді шешу, әлеуметтік-экономикалық, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, шығармашылық әлеуетін арттыруға және құқық бұзушылық, экстремизм мен терроризм, суицидтің алдын алуға да баса мән бергені абзал. Осы аталған барлық міндеттерді толығымен білген және соларды жүзеге асыру жолында еңбек еткен бүгінгі жастарға ертеңімізді еш ойланбастан аманаттауымызға болады. Ол үшін Елбасы айтқандай, жастарымыз сауатты, білімді, бәсекеге қабілетті болулары керек.
«Жас Отан» жастар қанаты мен «Ұйғыр ауданының жастар ресурстық орталығы» бүгінгі таңда бірнеше бағыт бойынша жұмыстар атқаруда. Атап айтсақ, мемлекетіміздің «Жастар саясаты туралы заңын» іске асыру, мемлекеттік бағдарламалар туралы жастарға ақпарат беру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған кешенді шараларды іске асыру, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған мәдени және спорттық шаралар ұйымдастыру қолға алынды.2017 жылдың маусым-тамыз айларында, «Жасыл ел» еңбек жасағына Шонжы, Тиірмен, Ақтам, Үлкен Ақсу, Ават, Дардамты ауылдық округтерінде 151 жұмыссыз жас қабылданып, 50 000 теңге көлемінде жалақы ала отырып, маусымдық жұмыс атқарды. 2018 жылдың I жартыжылдығы бойынша 145-тен астам жасақшылар қабылданды.Сол сияқты «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2017 жылы 25 жас көтерме жәрдамақы, 15 жас несие алса, «Жастар тәжірибесі» бойынша 33 маман тәжірибеден өтіп, оның 23-і тұрақты жұмысқа орналасты. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы негізінде қайта даярлау курсынан өтіп, жұмысқа орналасқан 122 жас, оның ішінде 23 жас кәсіпкерлікті оқыту курсынан өтті. Ауданымыздың барлық оқу орындары мен мекемелерінен, сондай-ақ ауылдық округтерден жастар ісі комитеті құрылып, «Жас Отан» жастар қанатымен бірлікте жұмыс атқаруда.
Жоғарыда көрсетілген мемлекеттік бағдарламалар мен партиялық жобалардың барлығы жастар үшін өте маңызды. Ал оларды жүзеге асыру, жастарды барлық бағдарламалармен ақпараттандыру, жол көрсету біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Осылардың негізінде өздерінің жеке кәсібін ашып, ауданымыздың өркендеуіне, экономикалық дамуына үлес қосып жатқандар да аз емес. Олар ел ертеңіне кепіл болар азаматтар десем қателеспеймін. Ал өздерін білімді, дарынды екендігін дәлелдеген жастарымыз елімізге танымал жоғарғы оқу орындарында білім алып жатқан болса, олардың ішінде жас маман иесі атанғандары жаңа технологиямен жұмыс атқаруда білгірліктерін таныту үстінде. Жылдан жылға шағын ауданымыздан осындай білімді, саналы жастарымыз шығар болса, мемлекетіміздің гүлденуіне, отыз елдің қатарына кіруімізге ешбір кедергі тосқауыл бола алмайтындығына сенімдіміз. Әрбір жас ең алдымен өзінің туған, кіндік қаны тамған ауылының көркеюіне атсалысса, мемлекетіміз нығаюдың үстіне нығая беретіндігіне де сеніміміз мол. Ендеше ертеңімізге батыл әрі нақ қадам басайық.
Нұрсұлтан БОЛАТҰЛЫ,
аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі