Басты бет Әлеумет Бірлік пен келісім – Қазақстан дамуының негізі

Бірлік пен келісім – Қазақстан дамуының негізі

0
4,584

«Бірлігі жарасқан», «Бірлігі бекем», «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген қағидаларды, қанатты сөздерді шұбыртып айта беруге болады. Ол – бірлік сөзінің тек жақсылыққа, татулыққа, келісімге шақыратындығын танытса керек. Біздің көпұлтты еліміздің өркендеп, өсіп, озық отыз елдің қатарынан көрінеміз деген ұстанымы да – осы бірліктің арқасы. Бірлік пен келісім – ел дамуының негізі.
Қазақстан – әлемдегі саяси тұрақтылығы бекем елдердің бірі. Біздің елімізде сан ұлттың өкілі татулық пен достықтың буынын бекітіп, әлемдік дамудың көшбасшысы болуға ұмтылып келеді. Осы тұрғыда мемлекеттің бірден-бір алға қойып мақтанар айнасы – этносаралық татулық.


Киелі қазақ шаңырағына уық болып қадалған өзге этнос өкілдері «Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені» дегенді ұранға айналдырған. Ұлтаралық татулықты нығайтуға Қазақстанда тұрып жатқан әр ұлттың өкілі келешек ұрпағымыз үшін этносаралық достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауына еңбек етіп, атсалысады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстандағы тұрақтылықты сақтаудың алғы шарты ретінде бірінші кезекте экономиканы өркендетудің қажеттілігін алға қойған. Сол себепті «Алдымен экономикаға» қағидасын ұстана отырып, экономиканың әр саласында білек сыбана қызмет істеп жүрген барлық этностың басын қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құруы – өзге халықтарға үлгі-өнеге бола білді. 2008 жылы қабылданған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңда Ассамблеяның негізгі міндеті этносаралық келісімді қамтамасыз ету болса, енді оның міндеті кеңейді. Тек қана этнос пен этностың тату тұруы емес, жалпы қоғамдағы келісім және жалпыұлттық бірлік – басты мақсат. Енді Ассамблеяның статусы бұрынғыдан да көтерілді. Жақында қабылданған заңның тұжырымдамасы осылай. Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеті – достықты нығайту ғана емес, оған қоса әр ұлттың тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту бағытында түрлі іс-шаралар өткізу болып табылады. Елбасымыздың толеранттылық ұстанымына сәйкес өзге ұлт өкілдері де қазақ тілін, тарихын, мәдениетін, дәстүрін жете білуі керек. Сонымен қоса олар өз ұлтының құндылықтарын еркін меңгеріп өсіп келеді. Қиын-қыстау заманда қазақ елін паналап, қамқорлығын, жақсылығын, кеңпейілділігін, адамгершілігін, қонақжайлылығын көрген өзге этнос өкілдері қазақ халқын жоғары бағалап, құрметтейді. Өзге ұлт өкілдері қоныстанған аймақтарда, сол ұлттың тілінде балабақша, мектеп, көптеген ұйымдар өз міндеттерін атқарады. Өз тілдерінде еркін сөйлеп, өз ойларымен биік шыңдарды бағындырып жүргендері де бар. Бұл – қазақ елінің жомарттығының айқын дәлелі.
Тәуелсіз елімізде, этносаралық татулықтың, достықтың, конфессияаралық бірліктің де берік негізі қаланды. Ендігі біздің мақсатымыз – елдегі тұрақтылықты сақтап, экономикалық өркендеуді дамыта отырып, өз Отанымыздың кемелді келешегі үшін, баянды болашағы үшін адал қызмет ету. Біздің ауданда ұйғыр, орыс тілдерінде мектептер мен балабақшалар, халықтық ансамбль, ұлттық тағамдар әзірлейтін мейрамханалар бар. Осының бәрі де – Елбасының салиқалы саясатының арқасы, көрегендігі. Өзге ұлт өкілдерінің өз халқының салт-дәстүрін сақтап, ұлттық киімдерімен мерекелік шараларға қатысуларына ешкім кедергі қойып отырған жоқ. Бұл да – елдегі бірліктің, келісімнің, ортақ ойдың жемісі.
«Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Мен барша қазақстандықтарды ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға шақырамын» деген Мемлекет басшысының сөзі жайдан-жай айтыла салған сөз емес, салмақты, сана сілкінтер сөз. Бірлік пен келісімнің арқасында бүгінгідей мамыражай тіршілік кешіп, құда-жекжатты болып, туысқа айналдық. Кейбір білімі таяз, түсінігі төмен адамдардың кесірінен кейде түкке тұрмайтын тұрмыстық ахуалдарды ұлттық мәселе етіп көрсететін «жаман» әдеттен арыла алмай келе жатқанымызды жасыруға болмас. «Тәрбие басы – тал бесік» демекші, отбасындағы, үйдегі аналар, әжелер мектебі осы тұста мықты діңгек болуы керек. Баланың санасына ұлттың жаманы болмайтындығын құйып, түсіндіріп, татулықтың, бірліктің, келісімнің нәтижесі биік шыңдарға шығаратындығын әркез айтып отырған лазым. Президентіміздің Қазақстанды дүниежүзіне бейбітшіліктің бастауы, тұрақтылықтың талбесігі, тыныштықтың тұтқасы һәм конфессияаралық келісімнің ордасы ретінде танытып отырғанына тағы бір мәрте көз жеткіземіз. Президентіміз ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырып, елімізде дінаралық диалогтың жарқын үлгісін қалыптастырды. Қазақстандағы этносаралық толеранттылықты әлемге әйгілі етті. Дүние дүрлігіп тұрған тұста бізді қақтығыстар мен кикілжіңдерден аман алып шықты. Сөзіміздің басында ұлт Көшбасшысы ел азаматтарының ұлттық және конфессиялық мүдделерін сақтаудың ерекше құралы ретінде дүниеге Қазақстан халқы Ассамблеясын әкелгендігін айтқанбыз. Бүгінде әлемде теңдесі жоқ аталмыш институт ел аумағындағы ұлттық-мәдени орталықтар мен бірлестіктердің құрылуына ықпал етіп отыр. Аталмыш институт қоғамдық келісімнің кепілі, бірліктің діңгегі, достықтың дәнекері болып отыр. Тағдыр табыстырып, тарих тоғыстырған түрлі этнос өкілдері азаттықтың арайлы таңында ортақ Отанымыздың іргесін бірге қаласып жатыр. Елбасы айтса айтқандай, Қазақстанды тегі басқа болғанмен теңдігі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір ұлттар мен ұлыстар мекен етіп отыр. Олар көк Тудың астында бірігіп, туған жердің абыройын асқақтатқысы келеді. Мәңгілік халық, мәңгілік елорда және мәңгілік мемлекет болуды мұрат тұтады.
Бірлік пен келісім ел дамуының бастауы болды. Киелі қазақ жерінің көркеюі, бейбітшілік пен келісім – біздің басты байлығымыз. Біз де барлық отандастарымыз секілді күнделікті адал еңбегімізбен туған ауылымызды көркейту жолында аянбай еңбек етіп келеміз. Ауылымыздың аты жақсы деп аталса төбеміз көкке жеткендей қуанамыз. «Итің жаман екен» десе өкпелейтін халықпыз. Сондықтан туған жеріміздің сұлу, көркем, ең бастысы таза болғандығын, ондағы тұрғындардың бір-бірімен тату-тәтті өмір сүруін қалаймыз.
Күрделі міндеттерді шешудің негізі бірлікте екендігін жадымыздан еш шығармай, достық пен келісім арқылы ғана Қазақстанды биік белестерді бағындыратын еңселі мемлекетке айналдыра аламыз. Бірлік пен келісім – Қазақстан дамуының негізі. Егер осы қасиеттер бойымызда болмаса, әрқайсысымыз өз білгенімізше сан-саққа, жан-жаққа тартар болсақ, онда тұрақтылық та, бейбітшілік те, достық та болмайды. Әр адам туған жеріне тағзым етіп, оның өркендеуіне үлес қосқанда, қасындағы көршісіне қолғабыс көрсеткенде, бір-біріне бауырмалдық танытқанда ғана бірлігі жарасқан, келісімі келіскен ғажайып елге айналамыз. Біз сол жолда келе жатқандармыз. Дамудың төте жолы бірлік пен келісімде. Олай болса жолымыз айқын, ұстанымымыз анық, татулығымыз мықты ел екенімізді дәлелдеудің қажеті бола қоймас.

Шухрат НУРАХУНОВ,
аудан әкімі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ШТАБ МҮШЕЛЕРІ ҰСТАЗДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Халықтық штаб мүшелері Тасқарасу  орта мектепте болып, мекеменің ұжымымен кездесті. Бұл ба…