Құмалaқшы

0
4,104

Жүрегінің түбінде шошайып отырған күдік Қатираны жынды қылды. Жанына мұң қаптырған бұл істің емі жоқ, оны сілкіп тастайтын дәрмен тағы да жоқ. Ішіндегі уілдеген желден қымтана алмай дел-сал. Емші, көріпкел десе-ақ сайтаны ұстаушы еді, сол жолы сол бір әйелге үйірілді де қалды. Өзі тартымды, сөзі салмақты.
– Адал, ақ көңіл, сенгіш екенсіз, – деді құмалақтарын шашып жіберіп. Жағымды сөзді кім жек көрсін, Қатира жадырап қалды.
– Алты, жоқ, біреуі жоқ, бес балаңыз бар, бір балаңыз қайтыс болыпты. Қатира енді ентелей түсті.
– Тіршілігіңіз орташа. Мінезіңіз құбылмалы, ала құйын секілді тез өзгеріп тұрады. Адал еңбегіңіздің нанын жеп жүр екенсіз. Бірақ сөзге тез еріп, пікіріңізді тез өзгертіп отырасыз. Ақ періште жар болады. Дәл өзі. Іштей мойындап тұр.
– Кенже ұлыңыз 4-5 айдан кейін 5-ке толады екен. Қатира тіптен абыржып қалды. Шындығы сол. Құмалақшы өзін баяғыдан білетін адамша айтады. Айтқандары дәл, нақты. «Осы мені зерттеп алған жоқ па?» дейтіндей күдік ойлауға негізі жоқ. Бір-бірін көріп тұрғаны осы. Өз аузымнан шыққан шығар дейтіндей сөз бастай қойған да жоқ.
Қатира құмалақшыға шындап берілейін деді.
– Баламның болашағы қалай болар екен. Енді соған құмалақ салып беріңізші, – деді. Даусы өз-өзінен жалынышты шыққандай болды. Құмалақшы әйел бетіне мүсіркей қарады. Тағдыр Құдайдың қолында екенін біле тұра құмалақшыға бал аштырып, кінәлі болып тұрғандай.
– Сіздің жасыңыздағылар немере қызығын көріп отыр.
– Иә, солайы солай ғой.
– Осы менің түсінбейтінім, қазақ әйелі жасы келіп қалғанын ойламайды. Дұрыс емес қой, – құмалақшы өзінен-өзі күйгелектене бастады. Қатира құмалақшының нені меңзеп отырғанын бірден түсінді.
– Өмір мемлекеттік мекеме емес, бәрін жоспармен істейтін, – Қатира да шытынай қалды. Жайшылықта ашу қысып тұратын шәлкем-шалыс мінезі сыр беріп алды. Құмалақшы құмалақты қайта тартты. Тағы жинап, қайта шашты. Жүзі күреңітіп кетті. Аналық сезімі оянды ма, көзі жасаурап тұрып:
– Түк түспейді, түк түспейді, – деді өзі бір нәрсеге кінәлі адамдай.
– Түк түспегені қалай? Қатира қорқып кетті.
– Бес жастан асқан күннен бастап құмалақ сөйлемей тұр. Ешнәрсе айта алмаймын.
– Неге?
– Білмеймін.
– Сол күні бір қуанышты, бір жаманат хабар естисіз.
Құмалақшы құмалақтарын жинап алды да, ұсынған ақшасын да алмай кетіп қалды. Уайым мен мұңды басына үйіп Қатира қалды. Не тірі емес, не өлі емес. Сүйретіліп үйге келе жатыр. Өз үйінен өзі қорқып тұр. Алақтап есік алдына қарады. Тыныштық секілді. Үйге кірді. Түрі әлем-топырақ болу керек, қыздары қорқып кетті. Қыздардың ортасында қалқиып ұлы тұр. Алысып ойнап жүргендіктен болу керек, беті албырап, шаштары тікірейіп кеткен. Тіптен көңілді. Шешесін елейтін түрі жоқ.
– Жаным! – деді
бауырына басып.
Ол да:
– Енді жұмысқа кетпеші! – деп бетінен шөпілдетіп сүйіп жатыр.
– Жаным, – деді тағы да, басқа аузына сөз түспей. Өз-өзінен кемсеңдеп жылай бастады. Тоқтай алмады.
– Не болды? Тағы ақша алдыртқаннан саумысың? – күйеуі оның ақша жоғалтатынынан әбден зәрезәп болып қалған.
– Бұдан гөрі ақша жоғалтқаным жақсы еді! – кемсеңдеп, бөліп-бөліп сөйлеп тұр.
– Онда не болды?
– Ешнәрсе!
– Онда жаман ырым бастап, бейуақытта жылама!
Күйеуі қаталдау айттым дегенімен, даусы жарықшақтанып шықты. Оның да жүрегі бірнәрседен қорқып тұрған секілді. Қатира шыдамады. Құмалақшының айтқанын айтты. Бәрі де дәрігердің соңғы кесімді пікірін естігендей үрпиісіп қалды. Ұлы ғана ешнәрсенің байыбына бармай, енді-енді тәтті бола бастаған тілімен бір күннің жаңалығын айта бастады. «Қатила, қатты еркелегенде атын осылайша бұзып айтады, «мен аспанға ұшып кетсем, сен баламды қайтаршы, Құдай» деп жылайсың ба? – деп баласы аяқ-астынан томпиып, сабырлы қалыпта, сұраулы жүзбен қарап тұр. Қатира жаман бір нәрсенің тақалғанын сезді.
– Жаман сөз айтпа, болмайды, – деп зекігендей болғанымен бүкіл жаны балбырап езіліп кетті. Сол сәттен бастап есі жарыместеніп, күн санап, ай санай бастады. Күн де осылай, түн де осылай. Уақытты не үшін санап жүрмін деп ойлайды да, жауабына келгенде денесі дір ете түседі. Сонда… Қаңырап қалған жанынан анда-санда қан жүгіргенде мен бір Құдай қарғысына ұшыраған жан шығармын деп ойлап қояды.
Осы төрт-бес айда көріпкел, құмалақшы, емші туралы жазылған дүниелерді түгелдей дерлік оқып шықты. Ойы орынды болмағандықтан ба бірін ұқса, бірін ұқпайды. Ал баласы күннен күнге тәтті, күннен күнге ерке, тіпті ақылды болып кеткендей. Ержан деген емші қайнысы бар болатын. Кеңес өкіметінің тұсында ешқандай ерекшелігі байқалмаған еді, нарық заманы келгелі бері тәуіпшілік қырынан көрініп, алдынан адамдар жазылып кетіп жатады. Далбасалап соған барды. «Қалай емдейсің?» – деп сұрады.
– Жеңеше шынымды айтайын ба? – деді күліп, бірақ ағама тіс жармаңыз. Таудан жылан ұстап келіп, тілін суырып алам. Сосын алақаныма иісін сезілер сезілместей етіп валидол жағамын. Алақанымды жыланға жақындатсам болды, неге екенін қайдам, жылан бойын тіктеп, мен қандай қимылға ыңғайлансам соған көне береді. Алдыма келген ауруды етпетінен жатқызып, жыланның осындай-осындай өнерін көрсетіп аламын да, ауру таңғалып, сене бастаған кезде тоңазытқышта суық суға салып қойған жіпті алып, аурудың үстінен ары-бері жүргізіп өтемін. Менің емім осы. Көбінің орталық жүйке жүйелеріне әсер ететін болу керек, бел, бас ауруларынан жазылып кетіп жатады.
Ал енді болашақтарын болжағанда да өз сөздерінің қисынына қарай, әдет-дағдыларына орай айтылады ғой, – Ержанның кәсіптеніп алғаны сондай, біреуге артық, біреуге кем айтып қоям деп қымсынбайтыны аңғарылады. Оның әңгімелері көңіліндегі үміт отын оятқанымен, бейтаныс құмалақшының даусы құлақ түбінде жаңғырып тұр.
Айлар жылдам өтті ме, жоқ жылжымай қойды ма, ол жағын анық білмейді. Көзі ілініп бара жатқан баласын бауырына басып, түнде шоқиып отырып бетіне үңіледі, пысылдап ұйықтап жатқанына қарап көңілі сәл тынышталады, көзін ашқанда басын жұлып алып қарайтыны-баласы. Баласы да өзіне деген соңғы кездегі ерекше ықыласты сезіп тым шолжаңдап кетті. Сәл нәрсеге ырбиып, ызыңдап, үйді басына көтеріп жатқаны. Ертең туған күні деген кешінде жанын шүберекке түйіп жатып, таң атырды. Баланың ыстығы аяқ астынан көтерілді. Албырағаны соншалық кірпігі әзер қимылдайды. Әйтеуір анда-санда дем алғаны естіледі, демек тірі. Дәрігер шақыртты.
– Ешнәрсе жоқ, баспа ғой, – деп жайбарақат отырып дәрі жазуға кірісті. Қатирада ес жоқ. Мына өмірге бір келіп, бір кетіп жүр.
– Ол бүгін, бүгін… – ешнәрсе айта алмай жылай береді. Оған мән беріп жатқан дәрігер жоқ.
– Ангинадан адам өле ме? Даусы жаман шықты. Дәрігер селк ете түсті. Қатира қалтырай бастады. Телефон безілдей жөнелді. Қызы көтерді. Күйеуі әлдебір ойыннан мол ұтыс ұтып алыпты. Соны хабарлап тұр екен. Жүрегі дір ете түсті. «Керегі жоқ, керегі жоқ ондай қуаныштың!» – дауысы барқырап, басқа бір әлемге кіріп бара жатқандай. Есі бір кіріп, бір шығады. Дәрігер Қатираны да қарап, тыныштандыратын дәрі егіп берді. Осыдан кейін ғана ол өз-өзіне келіп қалғандай болды. Көңілі алаң болғандықтан баласының туған күніне ешкімді шақырмаған. Жолдастары аяқ астынан сау ете түсті.
– Мына қатын дайындықсыз шалжиып жатыр ғой, – деп әйелдер тиісе кірді.
– Өзі бір түрлі, – еркектердің біреуі осылай деп еді, бәрі ду күлді. Күлмеске күлетін көңілділік-ай. Қатира созалаңдап дайындыққа кірісті. Ләззат жеңін сыбанып жіберіп көмектесіп жүр. Бүгін ерекше көңілді болғандықтан ба, нұрланып тұр, қимылы да ширақ.
– Иә, сәт, бір құмалақшы бұдан біраз бұрын осы күнді атап, бақытыңа кездесесің деп еді. Содан үміттімін, – Ләззат сыңғырлап сөйлеп жүр. Қатира елең ете түсті.
– Қай құмалақшы? – деп сұрады.
– Ақсайдағы. Оны бүкіл Алматы біледі ғой. Өзі күніне бір ақ сағат құмалақ ашады.Одан кейін алтын берсең де қайта құмалақ тартпайды. Айтқаны айдай келеді,-Ләззат өз әңгімесіне өзі елігіп алған. Өзгелерге кезек берер емес. Бүгін жиналғандардың ішінде ол құмалақшының алдына бармаған әйел жоқ секілді. Анау ана айтқаны дәл келді, мынау мына айтқаны дәл келді деп бірінен-бірі іліп алып, әңгімені жандандырып жіберді.
– Өзі кезінде Балтық бойында оқып келген психолог екен, мықты бір мекемеде істепті. Астроболжамдары дәл келіп, талай оқиғалардың алдын алуға көмектесіпті. Бірде бастығы шақырып алып, өзінің қарсыласын өзіне ниеттестікке «бағдарламалап» бер деп тапсырма беріпті. «Өзіңіз жақында бұл орыннан кетесіз, оның сізге қажеті қанша?» деген сөзіне бола қызметтен босап, одан кейін барған жерлері жұмысқа алмай қойыпты,-деп Ләззат өзінің онымен етене жақын екенін сездірді.
– Өзінің кейбір қылықтары қызық-ақ. Адамның гендік кодтарын табу арқылы оны кез келген аурудан жазуға болады. Тіпті адам инженериясы тіршілік иесінің жаңа тұқымын ойлап таба алады деген миға сыймайтын әңгімелер айтады, қасында ұзақ отырудан қорқасың,-деп әңгімесін одан әрі жалғастырды
– Е, сөйлете берсең сандырақтай беретін әйелдер көп қой, – деп еркектердің бірі әңгімені тиып тастады. Қатира әңгіме сәл саябырсыған тұста баласын көруге балалар бөлмесіне жүгіріп барды. Алаңсыз ойнап жүр. Біресе аузына сок, біресе жүзім тосады. Қайта-қайта барып, сүйгіштеп келеді.
– Мынау баласын бүгін көрген бе, не болды сонша? – әйелдер ұрсып жатыр.
– Ауырып қалып еді, содан қорқып тұрмын – Қатира солғын жауап берді.
– Алғашқы бесеуінде ауырғанына қарамай той тойлап жүруші ең, қартайайын дегенсің-ау, балаңа қатты елжірейтін болыпсың, – әйелдер қағытып жатыр.
– Бақытыңа кездесесің, жолыңа гүл шашылады, бірақ одан кейінгі күндерің құмалаққа түспей тұр деп еді, сонысын түсінбедім, – деп Ләззат әңгімені қайтадан құмалақшыға бұрды. Қатира бүлінген дүниненің үстінен түскендей селк ете қалды.
Баласының туған күніне шақырса, келуге мүмкіндігі болмай қалатын күйеуінің кластасы келді. Танымал спортшы. Кезінде орыс қызына үйленіп, содан отбасының ырың-жырыңы көбейіп кеткен. Жақында «ұзынқұлақтан» ажырасыпты деп естіп еді. Рас болу керек. Гүлін көтеріп жалғыз келіп тұр. Бұрын бұл үйден көрмеген танымал жанды Ләззат бірден байқады. Көңілі балқаймақтанып кетті. Спортшы жігіттің бойында да жақсы бір әуезді әннің басталғанындай болып, көңілділік туды. Жиналғандар мәре-сәре. Қанша білдірмейін дегенімен Қатираның үй-ішінің ажары ғана солғын, үрейлі.
Дастарқан үстінде Ләззатты телефонға шақырды. Жақсы хабар естімеген болу керек,
түрі қуқылданып кетті.


– Жаңа ғана біз сөз еткен құмалақшы әйел қайтыс болыпты, баласы хабарлады, – деді. Қатира сылқ етіп отыра кетті. Көз жасы еркіне көнбей моншақтауда. Төрт айдан бергі құса-наласы түгел ақтарылды. Жиналғандар түкке түсінбей аң-таң. Отбасындағылардың өзуіне ептеп қан жүгіргендей. Қатираның көз алдына «Сіздің балаңыз бес жастан асқан күннен бастап құмалақ түк көрсетпейді, сөйлемейді» деп күреңітіп, бұрылып кеткен құмалақшының келбеті елестеді. «Түсінген адамға құмалақ алжымайды да, алдамайды да» –деген сөзді қосқаны да құлағында жаңғырды.
Қатира құмалақтың неге сөйлемей қалғанын енді түсінді.

Ділдәр МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

УНИҢ ҺАЯТИ ӘМГӘК БИЛӘН ЖУҒИРИЛҒАН

Кеңәш дәвридики өтмүшни әскә алидиған болсақ, түрлүк иш қойнида әмгәк әткән инсанларниң қи…