Ау-данымыздың орталығы саналатын Шонжы ауылы күннен-күнге дамып, халқының саны өсіп, жері кеңейіп, көрсе көз тоймайтын жаңа құрылыстар бой көтеруде. Әйтседе, «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей ауылдың көркін бұзып тұрған көне құрылыстар да жоқ емес. Заманауи көшелердегі әдемі құрылыстардың ішінде, бір қарағанда ең алдымен бұзылған үйлер мен қараусыз аулалар ерекше көзге түсері анық. Ауылдың көркіне дақтай жабысқан ғимараттардың иелерін бұл жәй алаңдата қоймайтын секілді. Әйтеуір, әркімнің ақталар түрлі себебі бар.
Осы кемшілікті түзету мақсатында елді мекендерді санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру айлығын өткізу туралы аудан әкімінің қаулысынан соң арнайы комиссия құрылды. Жұмыс тобы әр ауылдағы көркі кеткен ғимараттар мен тазалықтарын таразыдан өткізіп, кемшіліктерін анықтады. Шонжы ауылындағы тұрмыс қажетін өтеу комбинаты (Быткомбинат), шаруашылық дүкені (Хозмаг), көне монша, тігін фабрикасы, колхозаралық құрылыс мекемесінің гаражы (МКСО) астық қабылдау кәсіпорнының әкімшілік ғимараты (ХПП), балабақшасы секілді қараусыз қалған ғимараттар көшенің көркін кетіріп қана қоймай, айналасына үйілген күл-қоқыспен бірге көңіліңе кірбің ұялатады. Дәл осы мекемелердің әрқайсысының иесі – ел алдында жүрген абыройлы азаматтар. Сондықтан жоғарыда аталған және аталмай қалған көне ғимараттардың иелері, ауданымыздың көркін кетіріп, әсемдігін бұзып тұрған осы бір құрылыстарды тез арада ретке келтірсе жөн болар еді. Өйткені ауылымыздың абыройы бәрімізге сын.
Сабирәм
ӘНВӘРОВА