Дінімізде кейбір айлар мен күндердің және түндердің өзіндік ерекшеліктері бар. Десе де мұсылман баласы ондай күндер мен түндерді өздері ойлап тауып, ерекшелемеген. Құран мен Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадистерінде айтылғандай және сахабалардың айтқан сөздерін негізге ала отырып, айтулы күндер мен түндерді құлшылықпен өткізуге мән берілген. Енді дініміз бойынша өзге айларға қарағанда өзіндік ерекшелігі мен артықшылығы болған исламдағы үш ай – Ережеп, Шағбан, Рамазан айлары.
Бізде дініміздегі айтулы айлар, күндер мен түндерді шариғаттың рұқсат еткен шарттарына сәйкес өткізе білуімізге болады. Пайғамбарымыз (с.а.с) былай дейді: «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмбетімнің айы». Бұл айлар ай күнтізбесі бойынша аталады. Сондықтан жыл сайын аталмыш айлар 11 күнге кері шегеріліп отырады. Енді осы айлардың ерекшеліктеріне тоқталайық. Ережеп айы Исламнан алдын арабтар үшін қасиетті айдың бірі болатын. Осы ай кірген кезде араб тайпалары өзара соғыс пен жанжалдарын тоқтатып, қылыштарын қынына, жебесін қорабына салып, ешкімге тимеуге тырысатын. Сондықтан бұл айда араб қауымы өздерін қауіпсіз сезінетін. Өйткені қасиетті айдың бірі болғандықтан өзгелерге қиянат жасау, қанын төгу, ұрып-соғу ісін күнә санайтын. Тіпті әкесін өлтірген жанға да бұл айда қол көтермейтін. Қылмыс жасалған жағдайда қоғам тарапынан қатты айыпталатын. Ислам діні келген соң да бұл айдың артықшылығы арта түсті. Осы айда «рағайып» түні мен «миғраж» түні бар. Адамзат тарихында қайталанбас мұғжиза болған миғраж оқиғасы – осы айдың 23/24-не қараған түні. Ол түн Пайғамбарымыздың (с.а.с) Меккеден Құдысқа, ол жерден көк қабатына көтерілуімен ерекшеленеді. Мұсылман күнтізбесі бойынша 12 ай болған болса, соның ішінде 4 ай харам айлар болып табылады. Құранда: «Тегінде аспан мен жер жаратылған күннен бастап, Алла айдың санын 12 етіп белгілеген. Оның төртеуі – (Зилқағда, Зулхиджа, Мұхаррам, Ережеп) соғысуға тыйым салынған айлар. Дінде бұл дұрыс. Бұл айларда сендер өздеріңе зиян жасамаңдар» (Тәубе сүресі, 36-аят). Харам айларға қатысты Пайғамбарымыз (с.а.с) «Жыл он екі айдан тұрады. Бұлардың төртеуі – харам айлар. Оның үшеуі бірінен кейін бірі келеді. Бұл айлар зилқағда, зулхиджа, мұхаррам. Төртіншісі – Ережеп», – деген екен. Ережеп айында барынша ғайбат, өсек аян, намазды қаза етпеу сияқты тағы да басқа үлкенді-кішілі күнә істерден адам баласы бойын аулақ ұстағандығы абзал.
Шағбан – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с) сүннетінен ерекше нұсқаулықтар табуға болатын қасиетті айлардың бірі. Сахих хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Шағбан айында көп ораза тұтқандығы айтылады. Шағбан – бұл қасиетті Рамазанмен жалғастырушы, яғни Рамазанның алдыңғы айы болғандықтан Пайғамбарымыз (с.а.с) Рамазан айына дайындық ретінде бірнеше кеңестер өсиет еткен. Солардың бірінде Усама ибн Зейд (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымызға (с.а.с) былай дейді: «Я, Алланың Елшісі, мен сенің өзге айларға қарағанда Шағбан айында үнемі ораза тұтып жүргеніңді көрдім». Сол кезде Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Бұл Ережеп пен Рамазан айларының ортасындағы ай – Шағбан. Алайда мұны көптеген адамдар елеусіз қалдырып жатады. Осы айда жасаған амалдарымыз Алла Тағаланың құзырына көтеріледі, сондықтан да мен де амалдарымның ораза тұтқан кезімде ұсынылғанын қалаймын». Сондықтан да Шағбан айының мұсылман баласы үшін маңызы тереңде жатыр. Ал Рамазан айында әрбір мұсылман баласы ораза ұстағаны абзал. Жалпы ораза ұстау, садақа беру, құран оқу сияқты сауапты істерді көбірек жасаған дұрыс. Мұндай игі істердің сауабы басқа айлардан қарағанда көбірек.
Бұл қасиетті айлар ішінде жасырылған ерекше түндерімен де қадірлі. Алланың құлдарына берген нығметтерін санап тауыса алмаймыз. Оған ғұмырымыз да жетпейді. Сондай нығметтердің ол түндер мен күндердің сауабымен амалдарымыз еселеніп, зор бақытқа жетеміз. Аталмыш айлардың ішінде «Миғраж, Бараат, Қадір» түні секілді қасиетті түндер бар. Сол үшін адам баласына берілген зор мүмкіндіктерді босқа жіберіп алмай, қасиетті айларда жақсылық жасауға асығайық, ағайын!
Сабыржан ӨЗБЕКОВ,
аудандық орталық мешіттің наиб имамы