Биыл елордамыз Астананың құрылғанына 20 жыл толады. Зымыранның жылдамдығымен көркейіп, гүлденіп, қонақтардың көзі тоятындай дәрежеге жетіп отырғандығының өзі біз үшін зор мәртебе. Астананың ғаламат сәулеті, ұлттық нақыштағы ғимараттары, тақырыптық құрылыстары кез келген жанды таңдай қақтыруда. Бүгінде бас қаламыз достықтың, бірліктің символына айналып отырғандығы да еліміздегі татулықтың белгісіндей.
Астананың 20 жылдығына орай аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 2005-2006 жылы туылған ұлдар арасында баскетболдан жарыс өтті. Аудандық жарысқа 8 команда қатысты. Баскетбол ойыны адамдардың бір-бірімен дене қақтығыстары жиі орын алатын, талас-тартысты өтетіндіктен балалардың қызығушылықтары да соншалықты жоғары болды. Сүмбе ауылы оқушыларының бойшаңдықтары, ептіліктері ерекше байқалды. Тек техникалық дайындық жақтарынан осалдық танытты. Дегенмен аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұлдарынан ғана кем түсіп екінші орынға тұрақтады. Әрине күнделікті жүйелі түрде жаттығуларға қатысса бұл балалардың болашақтарынан үміт көп. Сондай-ақ Долайты орта мектебінің оқушылары да баскетболдың қыр-сырын жақсы меңгергендіктерін танытты. Спорттың бұл түрі бойынша әдетте шонжылықтар мен шарындықтар ешкімге дес бермейтін. Сүмбе мен Долайты ауылының жасөспірімдері үшін өз басым қатты қуандым. Бойлары да, әрекеттері де ойын шартына әбден сай, лайықты. Әрине аудандық спорт мектебінің тәрбиеленушілері аптасына тұрақты жаттығулардан өткендіктерін дәлелдеп, біріншілікті қолдан бермеді. Жеңімпаздар Астананың 20 жылдық кубогімен және Алғыс хаттармен марапатталды. Баскетболда дене көгеру, құлап қалу сияқты қимыл әрекеттер болғанымен бұл — өте тартымды, әрі тартысты ойын түрі. Сондықтан жылдамдықпен қатар дәлдікті, ұтқырлықты талап ететін бұл ойынға қызығушылық жоғары. Болашақ иелері балалардың бүгінгі ойын үлгілері жан қуантты. Астананың құрметіне өткен жарыстар мұнымен шектелмейтіндігіне шүбә келтірмеймін.
Асқар АХМЕТОВ,
аудандық БЖСМ баскетболдан жаттықтырушысы