Енді SMS-хабарлама арқылы жаңа туған баланы тұрғылықты жері бойынша автоматты түрде тіркеуге болады. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің төрағалығымен өткен Ведомствоаралық комиссияның «Азаматтарға арналған үкімет» ұсынатын проактивті қызметтердің аясын кеңейту туралы отырысында осындай шешім қабылданды.
Енді қызмет алушы SMS-хабарламаға жауап ретінде өзі тіркеуде тұрған жердің мекенжайын жазып жіберсе, меншік құқығы туралы мәліметтер тексеріліп, меншік иесі рұқсат берген жағдайда нәрестені көрсетілген тұрғылықты жерге тіркейді.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір ай бұрын мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің бірігуінің арқасындабаланың өмірге келуіне байланысты көрсетілетін композиттік қызметтер проактивті принциппен ұсыныла бастады. Соған сәйкес нәрестені тіркеу өтініштері автоматты түрде жасалып, жаңа босанған аналардың телефонына бала тууға байланысты мемлекеттік қызметтерді SMS-хабарлама арқылы алуға ұсыныс жіберіледі. Нәтижесінде, балалы болған ата-аналар «Азаматтарға арналған үкіметтің» фронт-офистеріне бармай-ақ, телефон көмегімен туу туралы куәлік пен тиесілі жәрдемақыларды рәсімдеу, балабақшаға кезекке қою сияқты мәселелерді шешу мүмкіндігіне ие болды. Енді осы проактивті принциппен көрсетілетін қызметтер қатарына сәбиді тұрғылықты жері бойынша автоматты түрде тіркеу қызметі де енгізілді.
Ескеретін жайт, проактивті қызметті пайдалану үшін мобильді азаматтар базасына тіркелу, яғни азаматтың жеке сәйкестендіру нөміріне телефон нөмірін байланыстырып қою қажет. Мұны электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетте немесе кез-келген Халыққа қызмет көрсету орталығында жүзеге асыруға болады.
Ақпарат: Бір ай ішінде пилоттық жоба аясында 18 мыңнан астам жас анаға SMSарқылы проактивті тәсілмен қызмет алу ұсынысы жіберіліп, оның 7 мыңнан астамы келісім берген. Қазіргі таңда телефон хабарламасының көмегімен 2 мыңға жуық туу туралы куәлік жасалып, 777 сәби балалабақшаға кезекке қойылды.